Асанқайғыдан Маралтайға дейін
«Ұлы дала елі» жыршылары Алматыда алғаш өткен халықаралық фестивальде бас қосты
Алматы қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен елімізде алғаш рет халықаралық «Ұлы дала елі» фестивалі болып өтті. Екі күнге созылған фестивальдің бірінші күні Ұлттық баспасөз клубында еліміз бен шет елдерден келген мәдениет және өнер қайраткерлерінің, ғалымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты болды. «Ұлы дала елі» халықаралық жыршылар фестивалінің көркемдік жетекшісі Базарбек Атығаев, И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Жұлдыз Орозобекова, Алматы қалалық мәдениет басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ерболат Әуезов, Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптары музейінің директоры Ұлжан Байбосынова фестивальдің мақсаты туралы әңгімелеп, журналистердің сауалына жауап берді.
Келесі жылы ЮНЕСКО шеңберінде мыңжылдық мерейтойы атап өтілетін Алматы шаһарының ежелгі мәдени-рухани орталық ретінде маңызы орасан зор. Алматы - азаттықтың алтын бесігі, Тәуелсіздіктің тұғыры, үлкен мәдениеттің орталығы. Халқымыздың аса бай мұрасы - дәстүрлі термешілік және жыршылық өнерді қолдау үшін алғаш рет халықаралық жыршылар фестивалі қолға алынды. Фестиваль қазақтың дәстүрлі сөз өнерін насихаттап, дамыту арқылы халықтың отаншылдық сезімі мен ұлттық рухын күшейтуге, елдік тұтастықты нығайтуға, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асыруға бағытталған. Мәдени шара барысында Қазақстанның ғана емес, түркітілдес халықтардың дәстүріндегі эпикалық жыраулық өнердің мән-маңызына ерекше назар аударылды. Алматының барша жыршы-термеші қауымы бас қосатын мәдени орта ретінде орнын айқындайды. Қазақ жырлары мен термелерінің толыққанды деректер қоры жинақталады. Көршілес түркі халқының дәстүрлі шығармашылық орталықтарымен, зерттеушілерімен және кәсіби орындаушылармен тығыз байланыс орнатады, мәдени салада бірлескен жобаларды жүзеге асырады.
- Қазақ халқының аса бай мұрасы - дәстүрлі термешілік, жыршылық өнерін қолдау және оны дамыту үшін алғаш рет «Ұлы дала елі» халықаралық фестивалі ұйымдастырылып отыр. Фестиваль қазақтың дәстүрлі сөз өнерін насихаттап, одан әрі дамыту арқылы халықтың отаншылдық сезімі мен ұлттық рухын күшейтуге, елдік тұтастықты нығайтуға және «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын іске асыруға бағытталған. Фестиваль аясында Қазақстанның және басқа да түбі бір түркітілдес елдерден келген ғалымдар мен жыршылар түркітілдес халықтардың дәстүріндегі эпикалық-жыраулық өнердің мән-маңызын талқылайды, - деді ҚР мәдениет қайраткері, Алматы қалалық Мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерболат Әуезов.
Түстен кейін Ықылас атындағы ұлттық музыкалық аспаптар мұражайында «Ұлы дала елі» халықаралық фестивалі аясында мәдениет қайраткерлерінің шеберлік сыныптары өтті.
Фестивальдің екінші күні таңертең осы мұражайда «Түркі халықтарының жыраулық өнері мен эпикалық дәстүрі» атты тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Конференцияға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Өзбекстан елінен ғалымдар қатысып, түркітілдес халықтардың дәстүріндегі эпикалық жыраулық өнердің алатын рөлі мен орны, олардың эпикалық жанрындағы орындаушылық дәстүр жалғастығы, түркі әлеміндегі жыраулық өнер және орындаушылық дәстүрдің бүгіні мен болашағы туралы кеңінен әңгіме қозғалды. Йылдырым Баязит университеті Адам және қоғамтану факультеті түрік тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Оғызхан Айдын (Түркия) «Анадолу халқының эпикалық жыр айту дәстүрі», әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Анарбай Бұлдыбай «Түркі халықтарының жыр айтушылық өнерінің типологиясы», И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті Манас-тану және мәдениеттану институтының кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұлдыз Орозобекова «Дәуір жыршылары - манасшылар», Ресей Ғылым академиясы Уфа ғылыми орталығының тілдер тарихы және әдебиет институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Розалия Солтангереева (Башқұртстан) «Урал батыр: феномен живого исполнения в современности», П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің оқытушысы, өнертану ғылымдарының кандидаты Айзада Бұлтбаева «Казахская эпическая традиция: история и современность», Өзбекстан Республикасының Ғылым академиясы өнертану институтының кіші ғылыми қызметкері, Өзбекстан мемлекеттік консерваториясының аға оқытушысы, өнертану ғылымдарының кандидаты Қалмырза Құрбанов «Исполнительские традиции каракалпакских кыссаханов», әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жұмат Тілепов «ХІV-ХV ғасырлардағы жыраулық мұра және ел тарихы» атты тақырыпта баяндама жасады.
- Түркі дүниесі, оның ішінде қазақ, қырғыз елінің ауыз әдебиетінде тығыз байланыс барын жақсы білеміз. Сүйінбай, Жамбыл, Тоқтағұлдың жыршылық өнері қос елдің құнды жазба мұрасына айналған. «Қобыланды батыр», «Алпамыс» «Ер Қосай, «Ер Көкше» жырларынан да халқымыздың мол хабары бар. Көркем жырдың құдыреті халықтың ежелгі арман-мақсатын білдіреді. Қазақстанда ақындар айтыс өнерінің жақсы дамып келе жатқанын білеміз. Домбыраға қосылып, жыр сайысына түсетін айтыскерлердің шеберлігі жылдан-жылға дамып келеді. Біздің қырғыз елінде де «Айтыс - 2014», «Айтыс - 2015» тақырыбында өткізіледі. Тамыры тереңде жатқан ақындардың жыр сайысы уақыт талабына сәйкес жаңаша түрленіп, мазмұны артып келеді, - деген ойын ортаға салды қыр-ғызстандық ғалым Жұлдыз Орозобекова.
Сондай-ақ, 10 желтоқсан күні Абай атындағы академиялық опера және балет театрында «Ұлы дала елі» халықаралық жыршылар фестивалі аясында Қазақстан және көршілес түркітілдес елдер өнер шеберлерінің қатысуымен «Жыр қанатындағы тарих» атты гала-концерт болды. Өнер кешіне еліміздің танымал өнер шеберлері Ұлжан Байбосынова, Ерлан Рысқали, Талғат Әбуғазы, Эльмира Жаңабергенова, Нұртілек Ақтаев, Серік Жақсығұл, Шолпан Даржанова, Эльза Қарабалина, шет елдерден келген Узаир Найманов (Ресей), Рузалия Султангереева (Ресей), Аяпов Саламат (Өзбекстан), Сыдықов Доолотбек (Қырғыз Республикасы), өзге де жыршы-термешілер өнер көрсетті.
«Жыр қанатындағы тарих» атты гала-концертке Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысты.