Айқын

19 желтоқсан, 2015

Жұрт білетін Жұбановтың ізбасары

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Жаңа химиялық технологиялар және материалдар ғылыми-зерттеу институтының құрметті директоры, ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің және Мемлекеттік сыйлықтың иегері көрнекті ғалым Қайыр Ахметұлы Жұбанов 80 жасқа келді.

Қайыр Ахметұлы Жұбанов 1935 жылы 29 шілдеде Ақтөбе облысы, Темір ауданында қазақ музыкасын зерттеуші, академик, әйгілі композитор Ахмет Қуанұлы Жұбановтың отбасында дүниеге келген. Қ.Жұбанов 1953 жылы И.Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтына түсіп, 1958 жылы «Мұнай және газды өңдеудің инженер-технологы» мамандығын үздік бітірген. Оның ерен еңбегі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни-верситетімен (кезіндегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті) тығыз байланысты. 1976 жылы осы университетке катализ және техникалық химия ка-федрасының меңгерушісі қызметіне тағайындалып, КСРО Еңбек Ері, академик Д.Сокольскийдің жетекшілігімен әртүрлі каталитикалық процестер үшін ка-тализаторларды таңдау, олардың физика-химиялық қасиеттерін және гидрлеудің математикалық моделін анықтау бойынша кеңауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 1981 жылы докторлық диссертациясын қорғайды.

Академик Қайыр Ахметұлы Жұбанов 1976 жылдан 2001 жылға дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ катализ және техникалық химия кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Профессор-педагог ретінде химия факультетінің студенттері мен қызметкерлері арасында үлкен беделге ие. Ол оқыған «Каталитикалық процестердің кинетикасы», «Катализаторлардың физика-химиялық қасиеттерін зерттеу» тақырыптарында арнаулы курстарға әрқашанда тыңдармандардың үлкен аудиториясы жиналады. 1994 жылы кафедрада «мұнай химиясы» мамандығы ашылып, алғашқы түлектер Қ.Жұбановтың жетекшілігімен жасалынған «Мұнай химиясы», «Мұнайхимиялық синтез», «Мұнайды өндірістік өңдеу», «Мұнай өңдеудің каталитикалық әдістері» деген арнайы курстар бойынша дәрістер алды, экологияға да үлкен назар аударылып, оның жетекшілігімен «Мұнай өңдеудің экологиялық мәселелері» – арнайы және «Химиялық өнеркәсіптің экологиялық мәселелері» жалпы курстарының бағдарламалары жасалып, оқытылды. Кафедрада жасалған газдарды күкіртті қоспалардан төмен температуралы каталитикалық тазарту және түтін газдарын азот және күкірт оксидтерінен сұйық-газ фазалық тазарту технологиялары Қазақстан ТЭЦ желімінде тәжірибе-өнеркәсіптік сынақтан мүлтіксіз өтті.

Ғалым Қ.Жұбанов жетекшілік еткен ғылыми жұмыстар көптеген химиялық өнеркәсіпке енгізілді: Горький май комбинатында – майларды гидрогенизациялау процесі; Вахитов атындағы Қазан химкомбинатында – май қышқылдарын гидрогенизациялау процесі; Бердянский май – мұнай зауытында – альфаоксистеарин қышқылдарын алу; Долгопрудный нәзік органикалық синтез зауытында нитробензоилциан сірке эфирін, нитродиэтиланилинді, бета-децилоксипропионитрилді, акрилонитрилді, стеарин және олеин қышқылдарының нитрилдерін тотықсыздандыру процестері. Сонымен бірге Стерлитамак тәжірибелік-өнеркәсіптік мұнай зауыты, Менделеев химзауыты, Болохов, Новочеркасск витамин комбинаттары үшін кафедрада дайындалған технологиялық жағдайлар бойынша 12 катализатор технологиясы әзірленіп, өндіріске ендіріліп, халық шаруашылығы тұтынатын заттарды өндіретін 8 зауыт іске қосылды.

Қазіргі таңда ҚазҰУ-дің химия және химиялық технология факультетінің 5 кафедрасындағы ғалыми-тәжірибелік базаларының басын біріктірген ЖҒТжМ ҒЗИн-ты болашақта шағын зауыттарда қосымша мұнай-химиялық синтездеудің кешендерін салуда Қ.Жұбановтың ғылыми зерттеулер жүргізу барысында алынған теориялық маңызды және практикалық мәні бар нәтижелерін қолданысқа алатыны сөзсіз.

Соңғы жылдарда ғалымның жетекшілік етуімен, мұнайды және көмірді терең өңдеуде түзілетін п-, м-ксилолдар негізінде жоғары температураға төзімді полимерлер алуға қажетті мономерлер синтездеу технологиясының негізін жасау қолға алынып отыр.

Қайыр Жұбанов – 500-ге жуық ғылыми мақаланың, 9 монографияның және 15-тен аса оқу құралының авторы. Оның ғылыми жетекшілігімен 9 доктор және 40-қа тарта ғылым кандидаттары даярланып, жұмыс нәтижелері бойынша 60 авторлық куәлік пен патенттер алынды.

Қайыр Ахметұлы ауқымды қоғамдық жұмыстар жүргізді. Көп жылдар бойы ҚР ҰҒА химия-технологиялық ғылымдар бөлімінде академик-секретарі, ТМД елдерінің катализ бойынша Халықаралық кеңестің, ҚР ҰҒА катализ жөніндегі кеңесінің, Д.Сокольский атындағы Органикалық катализ және электрохимия институтында және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де докторлық және кандидаттық диссертация қорғау бойынша маман-дандырылған Кеңестің мүшесі болды. ҚР Үкіметінің Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның, ҚР түрлі министрліктердің химия және мұнай-химияны жетілдіру жөніндегі мәселелер бойынша жұмыс топтарының құрамына тұрақты түрде кіреді.

Қайыр Ахметұлы Жұбановты 80 жасқа толған торқалы тойымен шын жүректен құттықтай отырып, академик ағаға зор бақыт, ұзақ ғұмыр және ғылымда жетістіктер тілейміз.

Тілеутай ӘБІЛДИН, химия ғылымдарының докторы