Атамекенге оралған қазақ жастары

9 қаңтар, 2025

2001 жылдың 1 қазанынан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ЖОО-ға дейінгі білім беру факуль­теті (бұрынғы шетел азаматтарына арналған дайындық фа­куль­теті) шетелден келген қазақ жастарын оқытуды міндетіне алды.

Содан бері факультетіміздегі білікті, тәжірибелі ұстаздардан 3000-нан астам қазақ жастары білім алды. Олар – Қытай, Моң­ғо­лия, Иран, Ауғанстан, Түркия, Гер­мания, Франция, Ұлыбритания, Шве­ция, Сауд Арабиясы, Түрік­менстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжік­стан, Ресей, Латвиядан атамекеніне келіп, ана тілінде білім нәрімен сусындады. Білім алған жастардың көпшілігі жоғары білімді, кәсіби маман ретінде атамекенінде қалып, қазіргі таңда еліміздің интеллектуалды әлеуе­тін арттыруға өз үлесін қосуда.

Түлектеріміз еліміздің түкпір-түкпірінде жоғары оқу орын­да­рын­да және түрлі салада абы­рой­лы жұмыс атқаруда. Солардың бірі «Қамшы» ақпарат порталының жетекшісі – Біләл Қуаныш. Бүгінде түркі халықтарына ортақ қамшы түрлерін шығарып, қазақтың ұлт­тық құндылығын заманауи фор­матта насихаттауда. Әдебиет зерттеушісі, қолжазба танушысы, текстолог – Нұржұма Елесбай. Ақын, журналист – Жақсылық Қа­зымұрат, әнші, композитор, қазақ эстрадасының жұлдызы – Ұшқын Жа­малбек. Геофизик, инженер Кәпу Ғалым. С.Сейфуллин атын­дағы музейдің ғылыми қызметкері – Алаш Тұрсынәлі. Алматы техно­логиялық университеті «Жастар шығармашылығы» орталығының көркемдік жетекшісі – Әкімбек Асқар. Әннес Бағдат – драматург, Марина Оқап – дарынды суретші, Ағзанбек Кәрменқанұлы – құры­лыс инженері, энергетик, Арайбек Азатбекұлы – педагог, математика пәнінің мұғалімі. Заңәділ Жұлдыз – шет тілдерінің маманы, түрколог, аудармашы және т.б.

Шетелден тарихи Отанына бі­лім алуға келген қазақ жастарын тәуелсіз Қазақстанның қазіргі жағдайына бейімдеп, сонымен қатар олардың атамекеніне деген сүйіспеншілік сезімін арттырып, еліміздің әлеуметтік-экономи­ка­лық, рухани-мәдени әлеуетін да­м­ы­туға өз үлестерін қосуға ұм­тыл­дыру мақсатында ЖОО-ға дейін­гі білім беру факультетінің ұстаздар ұжымы тәрбиелік, тә­лімдік мәні зор іс-шараларды жиі өткізеді. Сондай-ақ мәдени-та­ным­дық саяхат, кәсіби бағдарлық бейіндік сабақтармен қатар, түрлі тақырыптар аясында шығар­ма­шы­лық байқаулар, кездесулер өткізіп, ұйымдастырады және ту­ған елге табан тіреген өнерлі жас­тар­дың шығармашылығын шың­дауға көп көңіл бөледі.

Факультетімізге білім алуға ке­ле­тін қандастарымыздың дені әрі дарынды, әрі белсенді, білімді, парасатты, он саусағынан өнер там­ған жастар болып келеді. Осын­дай жастардың арасында жас өнертапқыштар, қазақтың ақын­дық, жыршы-термеші өнерін меңгерген жастар және ағаштан, темірден түйін түйген шебер жігіт­тер, құрақ құрау, қазақы на­қыш­тағы киім үлгілері мен оюлап кесте тігу сияқты тағы басқа түрлі өнерді игерген қыздар білім алуда. Факультетіміз сегіз қырлы, бір сырлы өнерлі жастарға қолдау көрсетіп, оларды ақпарат құрал­да­ры арқылы көпшілікке таныс­ты­рып, өнерін жетілдіре, шыңдай түсуіне мүмкіндік жасауда. Жыл сайын университетімізде дәстүр­лі түрде өткізілетін «Студенттер көктемі» фестивалінде, «Фараби әлемі» атты студенттер мен жас ға­лымдардың халықаралық ғылы­ми конференциясына қатысып, әрдайым жүлделі орынға ие болып келе жатқанын мақтаныш­пен айтуға болады.

Бүгінгі факультет тыңдаушысы – ертеңгі студент, ал студент – бо­ла­шақ маман екені анық. Білімге, ғы­лымға бар ықыласымен бет бұр­ған жастар міндетті түрде мақ­са­тына жетеді деген сенім­де­міз. Кез келген өркениетті ел өзі­нің әлеуметтік дамуында алды­мен жастардың инновациялық идея­ла­р­ын дамытуға, олардың шығар­машылық қырлары мен ғылыми-ізденіс қабілеттерін қа­лып­тас­тыруды басты міндет етіп қояды. Сондықтан атамекенге табан тіреген осындай өнерлі қан­дастарымызға қолдау көр­сетіп, олардың қатарын көбейтіп, өз елінің азаматы атануға жағдай жасау, оларға дұрыс бағыт-бағ­дар бере отырып, факульте­тіміздің дайындық бөлімінде білім алып шығатын қазақ диаспора өкілдерінің әрі қарай Қазақстан­ның жоғары оқу орындарында білімін тереңдетіп жалғастыруға жол сілтеу біздің міндетіміз деп есептейміз.

Марат ӘМІРХАНОВ,

Айша БЕГАЛИЕВА,

жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің аға оқытушылары