«Диуани лұғат ат-түрк» сөздігіне – 950 жылFarabi University

«Диуани лұғат ат-түрк» сөздігіне – 950 жыл

9 қаңтар, 2025

Биыл түркі мәдениетінің және әлемдік мәдени мұра­ның жауһары – Махмуд Қашқаридың «Диуани Лұғат ат-Түрк» атты сөздігінің 950 жылдығы. ЮНЕСКО шеңберінде 2024-25 жылдары аталып өтетін мерейтой тізіміне бұл еңбек те енген болатын. Париждегі ЮНЕСКО штаб-пә­те­рінде «Тілтанудағы әлем картасын құру: Диуани Лұғат ат-Түрктің 950 жылдығы» атты халықаралық конфе­рен­ция өтті.

Конференцияның мақсаты – ХІ ғасырда жазылған Махмұд Қашқаридың іргелі еңбегінің маңызын айқындау оның өзек­тілігін таныту және өскелең ұр­паққа таныстырып, насихат­тау­да жаңа бастамалар ұсыну.

Халықаралық конфе­рен­ция­ны Түркі мәдениеті және мұ­расы қорының президенті Ақ­тоты Райымқұлова ашып, «Диуани Лұғат ат-Түрк» энци­кло­педиялық сөздігінің 950 жылдығын 2024-25 жылдары ЮНЕСКО шеңберінде мереке­ленуінің маңызына тоқталды. Сондай-ақ туындының қазіргі заманда мәдениетаралық байланыстарды нығайтудағы тарихи маңызы мен рөлін атап өтті. Ақтоты Райымқұлова ХІ ға­сырда өмір сүрген ұлы баба­мыз Махмұд әл-Қашғаридың бұл еңбегін тек екі тілдік сөздік деп қана қабылдамай, түркі­лер­дің бай мәдениеті мен тари­хын танытатын энцикло­пе­дия, түркілер дәстүрінің өмір­­шеңдігін танытатын ұлы мұра ретіндегі қабылдау ке­рек­тігін баса көрсетті. Сон­дай-ақ «Диуани Лұғат ат-Түрк» сөз­дігінің 950 жылдығын ме­ре­­келеудің маңызды оқиға бо­луы­мен қатар, қазіргі жаһан­дану кезеңіндегі түркі халық­та­рының рухани мұрасын сақ­тау­ға қатысты бастамаларды күшейтуге көмектесетін үндеу деп қабылдауға шақырды.

Африканың негізгі мәселе­ле­рі және сыртқы байланыстар бойынша ЮНЕСКО бас дирек­то­рының орынбасары Фирмин Эдуард Матоко «Диуани Лұғат ат-Түрктің» 950 жылдығына ар­налған конференцияның қаты­су­шыларын құттықтап, сөз­дікке «түркілер үшін де, бүкіл адамзат үшін де зор маңызы бар мәдени мұра» деген баға берді.

Конференция Францияда аккредиттелген түркі мем­ле­кеттері елшілері, ЮНЕСКО іс­тері бойынша ұлттық комис­сия­лардың бас хатшылары және ЮНЕСКО жанындағы Түр­кі мемлекеттері тұрақты өкіл­дері, сондай-ақ баяндама жа­саған Әзірбайжан, Қазақстан, Қыр­ғызстан, Түркия, Өзбек­стан, Түрікменстан, Мажарстан және басқа да мемлекеттерден келгені көрнекті ғалымдардың басын қосты.

Сонымен қатар іс-шарада Ыс­тамбұлдағы Али Эмири Эфен­дидің кітапханасында сақталған «Диуани Лұғат ат-Түрк» түпнұсқасының репли­ка­сы, туындының тарихи жолын және Махмұд әл-Қашғари өмі­рін суреттейтін ақпараттық стенділер ұсынылды.

Конференция барысында белгілі арабтанушы Зифа-Алуа Әуезова мен нидерландылық түркітанушы Роберт Эрмерс «Диуани Лұғат ат-Түрк» сөзді­гі­нің арабшадан орыс тіліне аударылған нұсқасының жаңа басылымымен таныстырды.

Мен конференцияға Әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің атынан қа­тысып, «Махмуд Қашқа­ри­дың «Диуани Лұғат ат-Түрк» еңбегінің метатілі» деген тақы­рыпта баяндама жасадым. Ең­бек бүгінгі күні де өз өзектілігін жой­ған жоқ, ХІ ғасырда ж­а­зылған энциклопедиялық сөз­дік ХХІ ғасырда да зерттеу ны­саны болатын құнды жәдігер екеніне тоқталдым. Конфе­рен­ция нәтижелі өтті, жасалған баян­дамалар жинақ ретінде жарық көрді.

Баян ЖҰБАТОВА,

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының профессоры