«Кореямен мәдени байланысты жалғастырғым келеді»
Биылғы тамыз айынан бастап Қазақстанның төрт магистранты Корея мектептерінде қызмет істеуге мүмкіндік алып, корей оқушыларына қазақ мәдениетінен хабар беріп, екі ел арасындағы достық байланыстарды нығайтуда.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Корея Республикасының Кёнги провинциясының Білім басқармасы арасындағы меморандум аясында корей мектептерінде оқытушы ассистент ретінде жұмысқа тарту бағдарламасы іске қосылды. Оқытушы ассистенттерді іріктеуді Корея Республикасының Кёнги провинциясының Білім басқармасы жүзеге асырды. Іріктеуге барлығы 17 үміткер қатысты. Олардың ішінде ҚазҰУ-дың «Аймақтану» мамандығының 2-курс магистранты Жәния Қожахметова да бар.
Қазір Жәния Кёнги провинциясындағы мектептердің бірінде «Қазақстан мәдениеті» сабағы бойынша корей оқушыларын қазақ халқының ұлттық дәстүрлері, музыкасы, өнері және салт-дәстүрімен таныстыруда. Сонымен қатар Кореядағы мигранттардың көбеюіне байланысты Жәния тек корей оқушыларына ғана емес, ТМД елдерінен келген балаларға да жаңа ортаға бейімделуге көмектесуде.
– Жәния, сіз Оңтүстік Корея мектебінде оқушыларға Қазақстан мәдениетін оқытудасыз. Бұл жобаға қалай іріктелдіңіз?
– Бұл жоба туралы Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі Ақерке Болатбекқызы корейтану бөлімінің барлық магистранттарына хабарлаған болатын. ҚазҰУ атынан іріктеуге екі магистрант қатыстық. Нәтижесінде іріктеуден мен өттім.
– Сабақта қандай тақырыптарды қамтисыз?
– Оқушыларды қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі, музыкасы, өнері және жөн-жоралғыларымен таныстырамын. Домбыра, киіз үй, асық ойындары сияқты ұлттық ерекшеліктерімізді баяндап, оқушыларды қызықтырып аламын. Олар әрдайым ерекше ықыласпен тыңдап, сұрақтар қояды.
– Корей оқушыларының қызығушылығы қандай?
– Оқушылар өте ынталы және жаңашылдыққа құмар. Оларды қазақ мәдениетінің дәстүрі мен тарихы ғана емес, Орталық Азия халықтарының ерекшеліктері де қызықтырады. Бұл өз кезегінде менің жұмысымның маңызды екенін терең сезінуге мүмкіндік береді.
– Корей мектебіндегі білім беру жүйесінің қандай ерекшелігін байқадыңыз?
– Оңтүстік Кореяда мектептер бастауыш (6 жыл), орта (3 жыл) және жоғары (3 жыл) болып бөлінеді. Әр деңгейдегі оқыту әдістері ерекше: бастауыш мектепте шығармашылық пен ойынға басымдық берілсе, орта және жоғары мектептерде білім күрделене түседі. Мұнда оқу құралдарының әртүрлілігі, мультимедиалық технологиялар және интерактивті материалдар кеңінен қолданылады. Мен осы әдістерді өз сабақтарыма бейімдеп, қолдануға тырысамын.
– ТМД елдерінен келген балалармен де жұмыс істейтініңізді білдік. Бұл қаншалықты маңызды?
– Иә, бұл да жұмысымның маңызды бөлігі. Соңғы жылдары Оңтүстік Кореяға ТМД елдерінен келген отбасылардың саны артып келеді. Олар жаңа тілдік орта мен қоғамға бейімделуде біршама қиындықтарды бастан өткереді. Мен оларға дос табуға, жаңа жүйеге үйренуге және өздерін еркін сезінуге көмектесемін. Мысалы, біз Орталық Азия халықтарының мәдениетін насихаттайтын шаралар ұйымдастырамыз. Асық ату, арқан тарту сияқты ойындар мен ұлттық тағамдар күндерін өткіземіз.
– Қазақстан мәдениетін насихаттаудың сіз үшін маңызы қандай?
– Бұл маған ерекше миссия жүктейді. Өз мәдениетіміздің қаншалықты бай екенін шетелде түсіну өзгеше әсер қалдырады. Бұл тәжірибе маған үлкен мақтаныш сезімін сыйлайды. Сонымен қатар мәдениетаралық түсіністік пен достықты нығайтуға септігін тигізеді.
– Оңтүстік Корея мәдениетімен өзара ұқсастық байқалды ма?
– Әрине. Ең бастысы – қазақ пен корей мәдениеттеріндегі үлкендерді құрметтеу дәстүрі. Бұл біздің халықтарымыздың ортақ құндылығын көрсетеді және менің бейімделуімді жеңілдетті.
– Болашақ жоспарларыңыз қандай?
– Мен Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени алмасуды жалғастырып, осы байланыстарды тереңдете түсуді қалаймын. Осы мүмкіндікті берген ҚазҰУ-дың Қиыр Шығыс кафедрасына алғысым шексіз. Бұл жобаға қатысуыма қолдау көрсеткен Ақерке Болатбекқызына да ризашылығымды білдіремін.
– Әңгімеңізге рақмет. Жұмысыңызда сәттілік тілейміз!
Жанар ЖАХАНОВА,
шығыстану факультеті корейтану бөлімінің меңгерушісі