Инженерлік қоғам федерациясының бірінші халықаралық кеңесі өтті
Астана. 19 желтоқсан. Baq.kz – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Инженерлік білім берудің сапасын қадағалау жүйесі: білім бағдарламаларын аккредитациялау және инженерлік сала мамандарын сертификациялау» тақырыбында Орталық Азиядағы инженерлік қоғам федерациясының бірінші халықаралық кеңесі өтті.
Кеңесті «KazSEE» қазақстандық инженерлік білім беру қоғамы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлесіп ТЕМПУС QUEECA Еуропалық одақтың «Орталық Азиядағы инженерлік білім сапасы» бағдарламасы аясында өткізді.
Сарапшылар Инженерлік білім беру саласында сапа стандарттарын қалыптастыру, білім беру бағдарламаларын аккредитациялау, халықаралық тәжірибе негізінде мамандардың біліктілігін арттыру және сертификациялау мәселелерін кеңесте кеңінен талқылады.
Еуропа кеңістігінде жоғары білім беретін инженерлік ұйымдардан тұратын халықаралық аккредитацияланған агенттіктер желісі ENAEE Еуропадағы инженерлік білім берудің сапасын қадағалаумен айналысады. Өз кезегінде сертификациялау мен біліктілікті мойындау құқығы қазіргі таңда Еуропадағы белді кәсіби бірлестіктердің бірі болып саналатын «FEANI» (Еуропаның ұлттық инженерлік қоғам Федерациясы) бірлестігіне берілген.
2015 жылы инженерлік білім беретін Қазақстандық қоғам (KazSEE) жоғарыда аталған екі ұйымға да толық құқылы мүше болып қабылданған болатын. Ол Қазақстанда инженерлік білім беру сапасының Еуропалық жоғары білім беру стандарттарына сай жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Дәл осы тәжірибені Орталық Азияда тарату мақсатында Еуропалық әріптестерінің қолдауымен KazSEE 2015 жылы инженер мамандарды халықаралық стандарттарға сай аккредитациялау мен біліктілікті тағайындау шараларын бірлесіп қадағалау үшін инженерлік білім берудің Орталық Азияда қоғамдастығын құру мәселесіне байланысты Худжан келісіміне бастамашылық жасап, қол қойған болатын.
«KazSEE»-дің «FEANI»-ге толық құқылы мүше болуы келесідей мүмкіндіктерге: жаратылыстану, инжиниринг және технология саласындағы мамандарға біліктілігін арттыруға, инженерлік карта (Engineering Card) мен еуропалық сертификат алуға және де ең бастысы еуропалық инженерлер реестріне (EurEng) қосылуға жол ашады. «Бұл отандық инженерлерге Еуро Одаққа мүше елдерде еркін жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді, - деді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мұтанов, - Біліктілікті мойындаудың ашық жүйесі еңбек пен қызмет көрсетудің ортақ нарығын құру жолындағы алғашқы қадам болып табылатындығын атап өткен жөн», - деп жалғастырды ректор.
«Білім беру бағдарламаларын кәсіби-қоғамдық аккредитациялау инженерлік білім беру сапасының негізі,-деді Ресейдегі инженерлік білім беру Ассоциациясының Президенті Юрий Похолков, - білім беру бағдарламаларын аккредитациялау арқылы кәсіби маман дайындау мен білім беру бағдарламаларының тәуелсіз бағасын анықтауға болады. Сонымен қатар маман дайындаудың жоғары деңгейде екенін қымсынбай айтуға және түлектердің жұмысқа тұру мәселесін жақсартуға мүмкіндік береді».
«Қазақстан-2050», ИИДМБ-2(Индустриалды-инновациялық даму Мемлекеттік бағдарламасы-2), ҚР қызмет көрсету саласын дамыту Мемлекеттік стратегиялық бағдарламалары және ТЕМПУС QUEECA Еуропалық одақтың «Орталық Азиядағы инженерлік білім сапасы» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған кеңесте Орталық Азияның Еуропа аумағымен бірігуі кезінде Федерациясының сапамен қамтамасыз ету, аккредитация мен сертификациялаудың бірыңғай жүйесін құру қызметінің негізгі бағыттары анықталды.
Іс-шара жұмыс берушілердің талаптарына және Еуропа сапа стандарттарына сай инженерлік білім беру бағдарламалары мәселелерін талқылауға арналған бірегей алаңқайға айналды.
Қазақстан машина жасаушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Темірлан Алтаев «Инженердің пәнаралық өкілеттілігі» атты баяндамасында соңғы уақытта жұмыс берушілердің тарапынан жоғары оқу орны түлектеріне деген талаптың күшейгендігін айтты. Білім бағдарламаларының жетіспеушілігінен, түлектердің кәсіби қызметке дайын емес екенін байқауға болады. «Сондықтан кәсіби стандарттар мен білім беру бағдарламаларын дайындауда жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер тығыз қарым-қатынаста болуы керек»,- деді Темірлан Алтаев.
Федерацияның алғашқы кеңесі Орталық Азия өңірінде инженерлік білім беру саласын сапамен қамту мәселесін бір жүйеге түсіру мақсатында өткен іс-шара.
Кеңес қорытындысы бойынша шыққан қарар Федерация қатысушыларын заңнамалық құқықтық қор құру мақсатында Еуропа тәжірибесіне сүйене отырып «Инженерлік қызмет туралы» заңды шығару мен қабылдау үшін жергілікті жауапты мекемелерге баруға шықырды.
Кеңес қорытындысы бойынша қабылданған шешімдер елдегі стратегиялық жоспарларды жүзеге асыруға және білім мен ғылымның дамуына өз үлесін қосатын болады.
Іс-шараға жоба бойынша Орталық Азия мен Еуро Одақ әріптестері: Флоренция университеті, Ресей Инженерлік білім беру Ассоцияциасы (АИОР), Инженерлік білім беру қоғамдарының Халықаралық Федерациясы (IFEES), сонымен қатар ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қатысты.