Шәкірттерінің құрметіне бөленген ұстаз
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы, профессор Клара Мақашева 70 жасқа келді.
Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстанда еуропеистика дами бастады. Еуропалық зерттеулерді ҚазМУ-да орналасқан белгілі французтанушы ғалым, т.ғ.д., профессор Жарас Ибрашевтың жалғыз ғылыми мектебі жүргізді. Профессор Ж.Ибрашев өзінің өмірін голлизмді – әйгілі француз генералы Шарль де Голльдің қызметі мен саяси көзқарастарын зерттеуге арнады. Сондықтан оның ғылыми жетекшілігімен жас тарихшы Клара Мақашева тарих факультетін бітіргеннен кейін Жаңа және қазіргі заманғы тарихы және халықаралық қатынастар кафедрасының күндізгі аспирантурасына түсіп, еуропалық интеграцияның саяси идеяларын зерттеуге кіріскені кездейсоқ емес. Олардың зерттеуі француздың ұлы ойшылы Виктор Гюгоның тұлғасы мен бай шығармашылық мұрасына негізделген.
Бұған дейін қазақ тарихнамасында В.Гюгоның қоғамдық-саяси жағына, әсіресе интеграция теориясы мен саяси идеялар тұрғысынан ешкім тоқталған емес. К.Мақашева «Виктор Гюгоның идеялық-саяси көзқарастарының эволюциясы» тақырыбындағы диссертациясын 1993 жылы сәтті қорғады. «Тоқсан үшінші жыл» Виктор Гюгоның соңғы романы болды, ал Клара Мақашева үшін 1993 жыл үлкен ғылымға жол ашты.
Бүгінде Клара Нәлдібекқызы – Қазақстанда танымал ғалым, тарих ғылымының докторы, ҚазҰУ-да халықаралық қатынастар факультетінің Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының профессоры. Француз тілін жетік меңгерген, Франция, Еуропа және осы ұғымдармен байланысты барлық мәселелер туралы білген ол Қазақстандағы «франкофондардың» шағын тобына жатады. Отандық ғылымдағы француз бағытының дамуын жалғастыруға жан дүниесі және жүрегімен қолдау көрсетеді.
Клара Мақашева мектеп қабырғасында жүргенде-ақ француз тілінің көркемдігіне тәнті болып, Түркістандағы Некрасов атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін шет тілдерін меңгеруді армандады. Әсіресе француз тілін, әдебиетін одан әрі оқуға кірісті. 1971 жылы мектепті бітірген соң, арманы орындалып, Алматы шет тілдер педагогикалық институтының француз тілі факультетінің студенті атанды. 70-жылдары Алматы педагогикалық шет тілдер институтында Алматыға келген француз мұғалімдері де сабақ берді. Мұның өзі сол кезең үшін және студенттердің ана тілінде сөйлейтіндерден үйренуі үшін маңызды болды. Ол Алматы педагогикалық шет тілдер институтын үздік бітіріп, «француз тілі мұғалімі» мамандығын алып, оқуын одан әрі жалғастыруды ұйғарды.
1981 жылы Клара Мақашева С.Киров атындағы ҚазМУ-дың тарих факультетіне оқуға түседі, 4-курста профессор Ж.Ибрашев оған «Виктор Гюгоның саяси көзқарастары» атты дипломдық жұмысының тақырыбын ұсынды.
1988-92 жж. тарих факультетінің Жаңа және қазіргі заманғы тарихы және халықаралық қатынастар кафедрасының күндізгі аспирантурасында оқыды. Осы кездері профессор Ж.Ибрашев Қазақстанда бірінші болып жаңа ғылыми бағыт – тарихи-саяси ойды зерттеуге мұрындық болды. 1993 жылы саясаттану ғылымының кандидаты дәрежесін алды.
К.Мақашеваның тарихшы, зерттеуші, ғалым және педагог, профессор ретінде қалыптасуында ұлағатты ұстазымыз Жарас Омарұлы үлкен рөл атқарғанын атап өткен жөн. Ол барлық ғылыми зерттеулердің: дипломдық жұмыстың, кандидаттық және докторлық диссертациялардың тұрақты ғылыми жетекшісі болды. 1996 жылы «Франция және еуропалық интеграцияның саяси-дипломатиялық тарихы» докторлық диссертациясының тақырыбы бекітілді. Ғылыми ізденістер мен зерттеулердің жаңа кезеңі басталады. Ол Мәскеу, Ленинград, Париж, Ренн, Страсбург қалаларының кітапханалары мен мұрағаттарында жұмыс істеді. Француз тілін білуі ірі француз ғалымдарының, саясаткерлерінің, қоғам қайраткерлерінің жұмыстарын зерттеуге, ғылыми байланыстар орнатуға және француз ғалымдарымен байланыс жасауға, еуропалық интеграция мәселелері бойынша көрнекті француз мамандарынан кеңес алуға көмектесті.
2005 жылы докторлық диссертация бірден екі мамандық бойынша –«Жалпы тарих» және «Халықаралық қатынастар және сыртқы саясат тарихы» бойынша ҚазҰУ жанындағы диссертациялық кеңесте сәтті қорғалды. 2006 жылы ұстаз-ғалымға «Жалпы тарих» және «Халықаралық қатынастар тарихы» мамандықтары бойынша тарих ғылымының докторы ғылыми дәрежесі берілді. Ал 2009 жылы профессор ғылыми атағы бекітілді.
Клара Мақашеваның ғылыми мүдделері Франция тарихына, еуропалық және әлемдік интеграцияға, Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына, халықаралық ұйымдар мен қазіргі саяси процестерді зерттеуге шоғырланған.
К.Мақашеваның белсенді ғылыми және педагогикалық қызметі оның Қазақстан, Франция, Үндістан, Түркия, Ресейдегі шетелдік тағылымдамаларға, халықаралық конгрестерге, симпозиумдарға, конференцияларға, семинарларға қатысуымен кеңейтілді. Ол Гавр (Франция) университетінің шақыртылған профессоры.
Ғылыми қызметпен қатар, ол халықаралық қатынастар факультетінің қоғамдық және оқу өміріне белсенді қатысады. 1998-2002 жж. факультет деканының орынбасары, 1998-2003 жж. «Халықаралық қатынастар және сыртқы саясат тарихы» мамандығы бойынша диссертация қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы, «ҚазҰУ хабаршысы» ғылыми журналының Халықаралық қатынастар және халықаралық құқық сериясының жауапты хатшысы болды.
2009-11 жж. Аймақтану және әлемдік экономика кафедрасының меңгерушісі болды. Ол PhD диссертацияларын қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің құрамына кіреді. Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің диссертациялық кеңесінің мүшесі, факультет пен университеттің Ғылыми кеңесінің мүшесі.
Профессор К.Мақашеваның ғылыми жетекшілігімен жас ғалымдардың жаңа буыны дайындалуда: екі PhD докторлық диссертация, төрт кандидаттық диссертация және 30-дан астам магистрлік диссертация қорғалды.
Ол 200-ден астам ғылыми еңбектерін, оның ішінде жоғары оқу орындары мен орта мектептерге арналған оқулықтар мен оқу құралдарын, мақалалар мен монографиялар жариялады. Клара Мақашеваның еңбектері Франция, Үндістан, Түркия, Тайвань, Ресей елдерінде француз, ағылшын, түрік, орыс және қазақ тілдерінде жарық көрді. Сонымен бірге көлемді әдістемелік жұмысты орындайды.
Ұстазымыздың ғылыми және педагогикалық қызметі жоғары бағаланды. Ол «ҚазҰУ-дың үздік оқытушысы», «Халықаралық қатынастар факультетінің үздік оқытушысы», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанды. Университеттің дамуына қосқан үлесі үшін мерейтойлық медальдармен марапатталды, Ғылым және жоғары білім министрлігінің алғыс хаттары бар. 2020 жылы «Шапағат» медалімен марапатталған.
Жоғары әдептілік, ұжымда жұмыс істей білу, өзіне деген талапшылдық, әріптестеріне деген құрмет оны әріптестері мен студенттердің құрметіне бөлеуде. Клара Нәлдібекқызы – Ермұхамбет, Салтанат, Жәнібек атты үш перзентті, кәсіби мамандарды тәрбиелеп өсірген ардақты ана, өзінің жүрегі мен сүйіспеншілігін арнайтын тамаша немерелері бар бақытты әже.
Жазира ИДРЫШЕВА,
тарих ғылымының кандидаты
Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасы