Шәкірттерінің құрметіне бөленген ұстазFarabi University

Шәкірттерінің құрметіне бөленген ұстаз

5 ақпан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­те­тінің про­­фессоры, тарих ғылы­мы­ның докторы, про­фессор Кла­ра Мақашева 70 жасқа келді.

Тоқсаныншы жылдардың басын­да Қазақстанда еуропеистика дами бастады. Еуропалық зерттеулерді ҚазМУ-да орналасқан белгілі фран­цуз­танушы ғалым, т.ғ.д., профессор Жарас Ибрашевтың жалғыз ғылыми мек­тебі жүргізді. Профессор Ж.Иб­ра­шев өзінің өмірін голлизмді – әйгілі француз генералы Шарль де Голльдің қызметі мен саяси көз­қа­растарын зерттеуге арнады. Сон­дық­тан оның ғылыми жетекшілігімен жас тарихшы Клара Мақашева тарих факультетін бітіргеннен кейін Жаңа және қазіргі заманғы тарихы және халықаралық қатынастар ка­фе­драсының күндізгі аспи­ран­ту­расына түсіп, еуропалық инте­г­ра­цияның саяси идеяларын зерттеуге кіріскені кездейсоқ емес. Олардың зерттеуі француздың ұлы ойшылы Виктор Гюгоның тұлғасы мен бай шығармашылық мұрасына негіз­дел­ген.

Бұған дейін қазақ тарих­на­ма­сын­да В.Гюгоның қоғамдық-саяси жа­ғына, әсіресе интеграция тео­риясы мен саяси идеялар тұр­ғы­сы­нан еш­кім тоқталған емес. К.Ма­қа­шева «Вик­тор Гюгоның идея­лық-саяси көз­қарастарының эволюциясы» та­қы­рыбындағы диссертациясын 1993 жылы сәтті қорғады. «Тоқсан үшінші жыл» Виктор Гюгоның соңғы романы болды, ал Клара Мақашева үшін 1993 жыл үлкен ғылымға жол ашты.

Бүгінде Клара Нәлдібекқызы – Қа­зақ­станда танымал ғалым, тарих ғылымының докторы, ҚазҰУ-да ха­лықаралық қатынастар фа­куль­те­тінің Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының профессоры. Француз тілін жетік меңгерген, Франция, Еуропа және осы ұғымдармен байланысты бар­лық мәселелер туралы білген ол Қазақ­стандағы «франко­фон­дар­дың» шағын тобына жатады. Отан­дық ғылымдағы француз бағытының дамуын жалғастыруға жан дүниесі және жүрегімен қолдау көрсетеді.

Клара Мақашева мектеп қа­быр­ға­сында жүргенде-ақ француз ті­лі­нің көркемдігіне тәнті болып, Түр­кіс­тан­дағы Некрасов атындағы орта мек­тепті бітіргеннен кейін шет тіл­дерін меңгеруді армандады. Әсі­ре­се француз тілін, әдебиетін одан әрі оқуға кірісті. 1971 жылы мектепті бітірген соң, арманы орындалып, Алматы шет тілдер педагогикалық институтының француз тілі фа­куль­те­тінің студенті атанды. 70-жыл­да­ры Алматы педагогикалық шет тіл­дер институтында Алматыға келген француз мұғалімдері де сабақ берді. Мұның өзі сол кезең үшін және сту­дент­тердің ана тілінде сөй­лейтін­дер­ден үйренуі үшін маңызды бол­ды. Ол Алматы педагогикалық шет тілдер институтын үздік бітіріп, «фран­цуз тілі мұғалімі» мамандығын алып, оқуын одан әрі жалғастыруды ұйғарды.

1981 жылы Клара Мақашева С.Киров атындағы ҚазМУ-дың та­рих факультетіне оқуға түседі, 4-курс­та профессор Ж.Ибрашев оған «Виктор Гюгоның саяси көз­қа­растары» атты дипломдық жұмы­сы­ның тақырыбын ұсынды.

1988-92 жж. тарих факультетінің Жаңа және қазіргі заманғы тарихы және халықаралық қатынастар ка­фе­­драсының күндізгі аспиран­ту­ра­сында оқыды. Осы кездері про­фес­сор Ж.Ибрашев Қазақстанда бі­рінші болып жаңа ғылыми бағыт – тарихи-саяси ойды зерттеуге мұ­рындық болды. 1993 жылы сая­сат­тану ғылымының кандидаты дә­режесін алды.

К.Мақашеваның тарихшы, зерт­теу­ші, ғалым және педагог, про­фес­сор ретінде қалыптасуында ұла­ғат­ты ұстазымыз Жарас Омарұлы үл­кен рөл атқарғанын атап өткен жөн. Ол барлық ғылыми зерт­теу­лердің: дипломдық жұмыстың, кан­дидаттық және докторлық дис­сер­тациялардың тұрақты ғылыми же­­­­­текшісі болды. 1996 жылы «Фран­ция және еуропалық интеграцияның саяси-дипломатиялық тарихы» док­­торлық диссертациясының та­қы­ры­бы бекітілді. Ғылыми із­де­ніс­тер мен зерттеулердің жаңа кезеңі бас­та­ла­ды. Ол Мәскеу, Ленинград, Париж, Ренн, Страсбург қала­ла­ры­ның кі­тапханалары мен мұра­ғат­та­рында жұмыс істеді. Француз тілін білуі ірі француз ғалымдарының, сая­сат­кер­лерінің, қоғам қай­рат­кер­лерінің жұ­мыстарын зерттеуге, ғы­лыми бай­ланыстар орнатуға және фран­цуз ғалымдарымен байланыс жа­сау­ға, еуропалық интеграция мә­се­лелері бойынша көрнекті фран­цуз ма­ман­дарынан кеңес алуға кө­мек­тес­ті.

2005 жылы докторлық дис­сер­та­ция бірден екі мамандық бо­йын­ша –«Жалпы тарих» және «Ха­лық­аралық қатынастар және сыртқы саясат тарихы» бойынша ҚазҰУ жа­нындағы диссертациялық кеңес­те сәтті қорғалды. 2006 жылы ұс­таз-ғалымға «Жалпы тарих» және «Халықаралық қатынастар тарихы» мамандықтары бойынша тарих ғы­лымының докторы ғылыми дәрежесі бе­рілді. Ал 2009 жылы профессор ғылыми атағы бекітілді.

Клара Мақашеваның ғылыми мүдделері Франция тарихына, еу­ро­палық және әлемдік интег­ра­цияға, Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына, халықаралық ұйым­дар мен қазіргі саяси про­цес­терді зерттеуге шоғырланған.

К.Мақашеваның белсенді ғы­лыми және педагогикалық қыз­меті оның Қазақстан, Франция, Үн­діс­тан, Түркия, Ресейдегі шетелдік та­ғылымдамаларға, халықаралық кон­­­грестерге, симпозиумдарға, кон­­ференцияларға, семинарларға қатысуымен кеңейтілді. Ол Гавр (Франция) университетінің ша­қыр­тылған профессоры.

Ғылыми қызметпен қатар, ол ха­лықаралық қатынастар факуль­те­ті­нің қоғамдық және оқу өміріне белсенді қатысады. 1998-2002 жж. факультет деканының орынбасары, 1998-2003 жж. «Халықаралық қа­ты­настар және сыртқы саясат тарихы» ма­мандығы бойынша диссертация қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы, «ҚазҰУ хабаршысы» ғылыми журналының Халықаралық қатынастар және ха­лықаралық құқық сериясының жа­уап­ты хатшысы болды.

2009-11 жж. Аймақтану және әлемдік экономика кафедрасының мең­герушісі болды. Ол PhD дис­сер­тацияларын қорғау жөніндегі дис­сер­тациялық кеңестің құрамына кіреді. Санкт-Петербург мемле­кет­тік университетінің диссертациялық ке­ңесінің мүшесі, факультет пен университеттің Ғылыми кеңесінің мүшесі.

Профессор К.Мақашеваның ғы­лыми жетекшілігімен жас ғалым­дар­дың жаңа буыны дайындалуда: екі PhD докторлық диссертация, төрт кандидаттық диссертация және 30-дан астам магистрлік дис­сертация қорғалды.

Ол 200-ден астам ғылыми ең­бек­терін, оның ішінде жоғары оқу орындары мен орта мектептерге ар­налған оқулықтар мен оқу құ­ралдарын, мақалалар мен моно­гра­фиялар жариялады. Клара Ма­қа­шеваның еңбектері Франция, Үндістан, Түркия, Тайвань, Ресей елдерінде француз, ағылшын, түрік, орыс және қазақ тілдерінде жарық көрді. Сонымен бірге көлемді әдіс­темелік жұмысты орындайды.

Ұстазымыздың ғылыми және пе­да­гогикалық қызметі жоғары ба­ғаланды. Ол «ҚазҰУ-дың үздік оқы­ту­шысы», «Халықаралық қа­ты­настар факультетінің үздік оқытушысы», «Жоғары оқу орнының үздік оқы­ту­шысы» атанды. Университеттің да­муына қосқан үлесі үшін ме­рей­тойлық медальдармен ма­ра­пат­тал­ды, Ғылым және жоғары білім министрлігінің алғыс хаттары бар. 2020 жылы «Шапағат» медалімен марапатталған.

Жоғары әдептілік, ұжымда жұ­мыс істей білу, өзіне деген та­лап­шылдық, әріптестеріне деген құр­мет оны әріптестері мен сту­­денттердің құр­ме­тіне бөлеуде. Кла­ра Нәл­ді­бек­қызы – Ермұхамбет, Сал­танат, Жә­нібек атты үш пер­зент­ті, кәсіби ма­мандарды тәр­бие­леп өсірген ар­дақты ана, өзінің жүрегі мен сүйіспеншілігін арнай­тын тамаша немерелері бар бақыт­ты әже.

Жазира ИДРЫШЕВА,

тарих ғылымының кандидаты

Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасы