Азия даму банкі ҚазҰУ жобаларын қолдауға дайынFarabi University

Азия даму банкі ҚазҰУ жобаларын қолдауға дайын

7 ақпан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Азия даму банкінің делегациясы жұмыс сапарымен келіп, университет басшылығымен кездесті. Келіссөздер барысында ынтымақтастық мәселелері, ғылыми жобаларды коммерцияландыру саласындағы бастамалар талқыланды.

Қазақстандағы Тұрақты өкілдіктің (KARM) жобалары бойынша аға маман Арыстан Ғалиев АДБ делегациясы сапарының мақсаты туралы баяндап, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің сұрауы бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға инновациялық жобаларын іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Азия даму банкінің әлеуметтік сектор жөніндегі бас маманы Синь Лонг ҚазҰУ ұжымына жылы қабылдағаны үшін алғыс білдірді. Ол ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен кездескені жайында және оның барысында ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру, жаңа технологиялар мен әзірлемелер есебінен экономикалық жетістікке қол жеткізу мүмкіндіктері мәселелерін талқылағандарын айтты. «Азия даму банкі ҚазҰУ-дың алдыңғы қатарлы жобаларын іске асыруға қолдау көрсетуге дайын. Біз бірлескен жұмыстың, әсіресе жаңа технологияларды зерттеу саласында және оны енгізудегі перспективті бағыттарын көріп отырмыз», – деп атап өтті ол.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары –бірінші проректор Еркін Дүйсенов зерттеу университетінің соңғы жетістіктері туралы баяндап, ақпараттық технологиялар факультетінің Жасанды интеллект және BIG data кафедрасының жұмыстары туралы баяндады. Қазіргі уақытта кафедрада бакалавриат, магистратура және докторантураның 10-нан астам білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланады. Бұл факультетте жасанды интеллект, заттар интернеті, цифрлық сыңар және қазақ тілінің үлкен тілдік үлгілерін әзірлеу бойынша ғылыми жобалар жүргізілуде. Маңызды жобалардың бірі – «Қазақ тілі мен технологиялық прогресті қолдау үшін үлкен тіл моделін (LLM) құру» мегажобасы. Оны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті 1 млрд теңгеден астам сомаға қаржыландыруда.

«Біз АДБ-ның жоғары білім беруді дамытуға, сондай-ақ инновациялар мен стартаптарға бағытталған AI-Sana бағдарламасын қолдау мүмкіндігін қарастырып жатқанына қуаныштымыз. Бұл бастама ЖИ және үлкен деректер саласындағы бағыттарды белсенді дамытатын ҚазҰУ-дың стратегиялық мақсаттарына сәйкес келеді. Университет жаңа технологияларды енгізуге дайын, бұл елдің цифрлық және инновациялық шешімдерге деген қажеттіліктеріне сәйкес келеді», – деді Еркін Ерманұлы.

Өз кезегінде университеттің Коммерцияландыру және креативті индустрия орталығының директоры Алмас Гаухар бірлескен күш-жігер креативті экономика саласындағы стартаптар мен бастамалар үшін қолайлы экожүйені құруға ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті.

Кездесу барысында тараптар бірлескен зерттеулер мен тағылымдамадан өту бағдарламаларын қоса алғанда, одан әрі ынтымақтастық бағытындағы нақты қадамдарды талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі