- Басты бет
- Жаңалықтар
- "Өнегелі өмірдің" кезекті шығарылымы Т.Б. Дарханбаев пен М.А. Айтхожинге арналды
"Өнегелі өмірдің" кезекті шығарылымы Т.Б. Дарханбаев пен М.А. Айтхожинге арналды
ҚазҰУ-дың «Қазақ университеті» баспасынан жарық көріп келе жатқан «Өнегелі өмір» сериялық кітаптары кезекті 67,68-шығарылымын Қазақстанның белді ғалымдары, академиктері Т.Б. Дарханбаев пен М.А. Айтхожинге арнады.
Кітапта ғалымдар жайлы биографиялық ақпараттар, олардың ғылыми мақалалары мен жеке мұрағат суреттері, сонымен қатар достарының, туыстарының, замандастары мен әріптестерінің, шәкірттерінің жылы лебіздері мен естеліктері қамтылған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов мерекелік іс-шараның шымылдығын түре отырып, Темірбай Байбосынұлы мен Мұрат Әбенұлының өмірі мен еңбек жолы өскелең ұрпақ үшін үлгі екенін атап өтті.
«Қазақ бидайының биохимиялық және технологиялық қасиеттерін зерттеуді ең алғаш болып Дарқанбаев Темірбай Байбосынұлы өз қолына алған еді. С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың ректоры болған ғалым біздің университетіміздің дамуына келелі үлесін қосып, талай қазақстандық генетиктерді тәрбиелеген адам»,- деді де ректор Ғалым Мұтанов Айтхожин Мұрат Абенұлының өмірі мен еңбек жолына тоқталды, - Қазақстанда молекулалық биология мен биотехнологияның негізін қалаған ғалымның есімі бүгінде 1983 жылы негізін өзі қалаған молекулалық биология мен биотехнология Институтына берілген. Еліміздің болашақ биолог мамандары үшін оның еңбектері бірегей теңдесі жоқ ғылыми мұра».
Кездесуге ҚР ҰҒА академиктері де келді. Олар замандастарының өмірінен қызықты оқиғалар, бірлесіп жасалған жұмыстары туралы жиналған көпшілікке баяндады.
ҚР ҰҒА академигі, биология ғылымдарының докторы Ізбасар Рахымбаев Темірбай Дарханбаевтың кәсіби қызметі туралы: «Темірбай Байбосынұлы дәнді дақылдардың биохимиясын зерттеген. Қазақ бидайы соның арқасында бүгінде жоғары сапасымен әлемдік брендке айналып отыр»,-деді.
Генетик, биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА акдемигі Назира Ахматуллина Қазақстандағы молекулалық биология мен биотехнологияның негізін салушы М.Айтхожиннің кәсіби қызметі туралы баяндады. «Мұрат Әбенұлы ғылым әлемінде алғашқылардың бірі болып өсімдік жасушаларының физикалық және химиялық қасиеттерін зерттей бастады. 1976 жылы М.А. Айтқожин Ленин сыйлығымен марапатталды. Ол Кеңес Одағы кезінде ғылым, техника және әдебиет саласында жазылған жұмыс үшін берілетін ең жоғары марапат еді. Бүгінгі таңда ол Нобель сыйлығының баламасы болып табылады», - деді Н.Ахматуллина.
Қазақстанның көрнекті ғалымдары туралы кітаптың тұсаукесер рәсімі мен еске алу кеші жас ғалымдарға жаңа ғылыми ашылулар жасау үшін серпін берді.