Салық кодексін өзгертуге ұсынысым барFarabi University

Салық кодексін өзгертуге ұсынысым бар

12 ақпан, 2025

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан халқына жол­дауын­да жаңа Салық кодексі жайына арнайы тоқ­тал­ды. Мемлекет басшысы: «Бұл құжат салық төлеу­ші­лердің сеніміне негіз­дел­ген мүлде жаңа жүйе қалып­тастыруға тиіс. Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қа­был­дамауы үшін оны же­ңілдетіп, экономи­ка­лық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бір­дей түсінікті ету өте ма­ңызды», – деп атап өтті.

Қазіргі Салық кодексін оқу өте қиын, қазақшаға дұрыс ау­да­рылмаған. Оның үстіне тү­зету аса көп енгізіледі. Салық кодексінің қазақша нұсқасына еш назар аудармастан, орыс­ша нұсқасын көбірек қол­да­на­ды. Себебі бір ғана мысал ай­та­йын, қаншама жылдан бері қолданылып келген «Салық салынатын табыс» ұғымы жаңа кодексте «Салық салынатын кі­ріс» деп өзгертілген. Не се­бепті? Табыс пен кірістің айыр­ма­шылығын білмегендіктен немесе экономикалық сауаты аз маман аударған. Сондықтан Салық кодексін әлі де кәсіби ғалымдармен және арнайы мамандармен бірлесе отырып талдауды қажет етеді.

Жаңа Салық кодексі ағым­дағы ахуалдың сын-қате­р­ле­ріне дер кезінде әрекет ететін, мемлекеттің әлеуметтік-эконо­микалық саясатын жүзеге асы­рудың негізгі құралы болуы қа­жет. Сондай-ақ қазыналық саясатты жетілдіретін салық­тық әкімшілендірудің түсінікті, нақты және ашық рәсімдерін белгілеп, іскерлік белсенділікті ынталандыруға, инвести­ция­лық тартымдылықты артты­ру­ға, салық базасын кеңейтуге және бюджеттің кіріс бөлігін нығайтуға бағытталуы тиіс.

Осыған орай, қабылда­на­тын Салық кодексіне сарапшы маман ретінде бірнеше өзгерту мен түзетулерді ұсынамын:

1. Салық қызметі органының «Ар­найы орган» ретінде құзы­рет­тілігін көтеру үшін минис­тр­ліктен бөліп шығарып, жеке агенттік ретінде мәртебе беру. Салық қызметі органы қыз­мет­керлеріне жоғары мөлшерде жалақы мен арнайы әлеуметтік пакеттердің берілуі де ма­ңыз­ды. Салық қызметі органын ар­найы киім үлгісімен қам­та­ма­сыз ету, жұмысқа алынатын қызметкерге талапты күшейту, жауапкершілігін арттыру, мем­ле­кеттің ең сенімді өкілі ре­тінде ант беру рәсімін енгізу қа­жет. Салық қызметкерінің құ­қық­та­ры мен міндеттері мем­лекет та­рапынан қатаң қор­ғалуы тиіс. Бұл Салық қыз­меті орга­ны­ның абыройы мен беделін көтереді және сыбайлас жем­қорлықтың алдын алады.

2. Салық кодексін қолда­ну­ды жеңілдету шаралары. Са­лық жүйесінің қолайлы бо­луы үшін ықшамдау керек, нақ­ты­рақ айтқанда заңдар мен нор­ма­лардан мәнсіз түсіндірмені алып тастау. Салық төлеушілер үшін түсінуі оңай және қол­да­ну­ға жеңіл құжат болуы тиіс, бұл салық төлеушіге салық мін­дет­темесін орындауды же­ңіл­детеді және салық жүйесінің тиімділігін арттырады. Осыған орай, үкімет салықтар мен тө­лем­дердің санын азайтуды, ар­­тық салық жеңілдіктерін жою­­ды және мүмкін болған жағ­­дайда салық мөлшер­ле­ме­сін төмендету шараларын қа­рас­тыруы тиіс.

3. Кәсіпкерлік субъектілерін салықтық есеп беруден босату қажет, ол үшін белгілі бір салық режиміне тіркелгені бойынша, есепшотына келіп түскен қа­ра­жаттан автоматты түрде са­лық­тар мен бюджетке төле­не­тін басқа да міндетті төлемдер ұсталып қалуы тиіс. Сонымен қатар елімізде оңайлатылған са­лық салу жүйесі қолда­ны­ла­ды, Қазақстанда кәсіпкерлер үшін салыстырмалы түрде қа­рапайым және түсінікті салық салу жүйесі бар, басқа елдерге қарағанда салық мөлшер­ле­ме­сі салыстырмалы түрде тө­мен, көптеген салықтық же­ңіл­дік пен ынталандыру берілген. Са­лық төлеушілердің салықтан жалтаруын азайту үшін арнайы салық режимдерін жеңілдету, салық жүктемесін төмендету мақсатында ұйымдарды әдейі бөлшектеуге жол бермеу мә­селесі жаңа Салық кодексінде қарас­тырылуы тиіс. Бұл кәсіп­кер­лік белсенділікті ынта­лан­ды­рады. Бизнеске берілетін кейбір салықтық жеңілдіктер мен артықшылықтардың салық жүктемесін әділетсіз бөлуге әкеледі. Салық заңнама­сын­дағы жиі өзгерістердің бизнес үшін белгісіздік тудыруы мүм­кін, оған бейімделу мен оны орын­дау үшін қосымша ре­сурстарды қажет етеді. Заңсыз схема мен салықтық жал­та­ру­дың орын алуына әкеледі. Бұл салық төлеушіні айтар­лық­тай қаржылық ауыртпалыққа әке­ліп, Қазақстанға шетелдік ин­вестицияларды тежеуі мүм­кін.

4. Елімізде қолма-қол тө­лем жүйесін жою. Салық тө­леу­шілерді қолма-қолсыз төлем жүйесіне толық көшіру. Бұл са­лықтық әкімшілендіруді же­тіл­дірудің негізінде үкіметте бюд­жеттің кіріс көзін толықтыруды арт­тырады және салық тө­леу­ден жалтаруды азайтады.

5. Салықтық әкімшілен­ді­ру­ді цифрландыру шаралары. Заманауи технологияны пай­да­лану Қазақстанда салықтық әкімшілендірудің тиімділігін одан әрі арттырады. Сондай-ақ салықтық есептілікті, кар­то­текаларды, төлем жүйелерін цифрландырудың нәтижесінде қағазбастылықты азайтуға, уақытты үнемдеуге және мә­лі­меттердің нақты болуына мүм­кіндік береді. Салық тө­леу­шілер үшін құжаттарды тап­­­сыру мен салықтарды тө­леу­­ді жеңілде­те­ді және заңна­ма­ның сақта­луы­на ықпал етеді. Салық тө­леушілер салықтарды онлайн режимде тапсырса және тө­лесе, электрондық салық тү­бір­тектері мен ха­бар­ла­ма­лар­ды жіберсе, бұл цифрлық са­лық платформасының қыз­ме­тін күшейтеді. Салықтық құ­қық қолдануды күшейтіп, ба­қы­лауды жандандыру қажет. Са­лықтық төлемдердің орын­далуы және салық төлеуден жал­таруды анықтау үшін айып­пұлдар мен өсімпұлдарды, пайыз­дар және қылмыстық айыптауларды қоса алғанда, салық төлеуден жалтарғаны үшін қатаң жаза қолдануы тиіс.

6. Салық саясатында ашық­тық­ты қамтамасыз ету. Ашық­тық салық төлеушілер мен үкі­меттің арасындағы сенімді ны­ғайтады. Ашықтықтың бол­мауы сыбайлас жемқорлыққа мүмкіндік туғызуы және салық заңнамасының сақталуына нұқ­сан келтіруі мүмкін. Салық де­ректері көпшілікке қол­же­тімді болуы керек. Салықтың статистикасы, яғни салықтық түсімдер мен салық мөлшер­ле­месі және салық төлеушінің саны жариялануы тиіс. Сон­дай-ақ салық төлеушілер үшін бюджетке түскен салықтық түсімдердің елдің игілігі үшін қалай пайдаланылатыны және қандай мақсаттарға жұмсал­ға­ны жөнінде нақты түсінік­те­мелер берілуі қажет.

7. Мемлекеттік меке­ме­лер­дің арасындағы үйлесімділікті арт­тыру мақсатында Салық қыз­меті органына ерекше құ­зыреттілік беру, яғни барлық органның ақпараты мен мә­лі­ме­тіне қолжетімді болуы. Үй­лес­тірудің болмауы күш-жі­гердің қайталануына, салық төлеушілер арасында шатасуға және ресурстарды тиімсіз пай­далануға әкеледі. Салық қыз­меті органы салық саясаты мен әкім­шіліктің елдің эко­но­ми­калық және әлеуметтік мақ­са­тына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін Қаржы, Әділет, Эко­но­ми­ка министрліктерімен және басқа да мемлекеттік орган­дар­­мен тығыз жұмыс істеуі тиіс.

8. Тікелей және жанама са­лық­тарды оңтайлы түрде ұш­тас­тыру. Қазақстанда тікелей және жанама салықтың оң­тай­лы үйлесуі әртүрлі эконо­ми­калық факторларды мұқият есеп­ке алуды талап ететін күр­делі міндет. Жеке тұлғаның та­б­ысынан жеке табыс салығы, заңды тұлғаның табысынан корпоративтік табыс салығы алынады. Қосылған құн салығы және акциз салығы жанама салық ретінде сату нүктесінде тауарлар мен қызмет көр­се­туден алынады. Салықтың осы екі түрін тиімді үйлестіру үшін уә­кілетті органдар эконо­ми­калық өсу мен әлеуметтік әл-ауқатқа ықпал ету мақсатында кіріс қажеттілігін теңестіруі тиіс. Байлықты қайта бөлу және табыс теңсіздігін азайту үшін тікелей салықтарды пай­далану, ал жанама салықтар кіріс алу және тұтынуды ынта­лан­дыру үшін қолданылады. Сонымен қатар салықтың осы екі түрін пайдалану арқылы тұ­рақ­ты экономикалық өсуге және әлеуметтік қам­сыз­дан­ды­руға ықпал етеді, сондай-ақ мем­­лекеттік қызмет пен бағ­дар­ламаны қаржыландыру үшін қажетті кірістің көзі бола ала­ды.

9. Үдемелі табыс салығының мөл­шерлемесін енгізу. Қазақ­стан­да жеке тұлғаның табы­сы­на және жеке табыс салығына үдемелі салық мөлшерлемесін енгізу бірнеше әлеуетті нәти­же­лерге қол жеткізеді: бірін­ші­ден, үдемелі салық жүйесінің негізінде табысы жоғары тұл­ға­лар табысының көп пайызын, ал табысы төмен тұлғалар та­бы­сының аз пайызын салық түрінде төлейді. Бұл кірістердің теңдігіне әкеледі, себебі бай­лы­ғы көп тұлғалар үкіметтің кі­рісіне өз ресурстарының мол үле­сін қосады; екіншіден, бұл табысы жоғары адамдарды инвестициялауға немесе жаңа бизнес құруға ынталандырады. Бұл экономикалық өсуге және елде жаңа жұмыс орнының пай­да болуына оң әсер етеді; үшіншіден, Қазақстанда үде­ме­лі салық жүйесін енгізудің сал­дары нақты салық мөл­шер­ле­ме­сі мен шекті мән­дер­ді, елдегі экономи­калық ахуал­ды және үкіметтің жаңа жүйені тиім­­ді ен­гізу және басқару қабі­летін қоса алғанда, көп­те­ген факторларға байланысты болады.

Ғалымжан ЕСҚАРАҰЛЫ,

Қаржы және есеп

кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымының кандидаты,  қауымдастырылған профессор