Михал ЛАБЕНДА, дипломат: Қазақ пен поляк халықтарының тарихы ұқсасFarabi University

Михал ЛАБЕНДА, дипломат: Қазақ пен поляк халықтарының тарихы ұқсас

14 ақпан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­те­тінде Польшаның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Михал Лабенда жур­на­листика факультетінің студенттері және оқыту­шы­ларымен кездесу өткізіп, көшбасшылық дәріс оқыды. Бұл кездесу Қазақстан мен Польша арасындағы тығыз мәдени және білім беру байланыстарын көрсететін, сонымен қатар идеялар мен тәжірибе алмасудың бірегей алаңына айналды. 

Елшіні және онымен бірге келген елшіліктің дипло­ма­тия­лық қызметкері Мацей Кос­че­син­скийді Басқарма Төраға­сы­ның орынбасары – бірінші про­ректор, профессор Еркін Дүй­сенов, журналистика фа­куль­тетінің деканы, доцент Қанат Әуесбай және кафедра меңгерушілері қарсы алды. Ел­шімен кездесу Қазақстан хал­қы Ассамблеясының 30 жыл­ды­ғын мерекелеу аясында ұйым­дастырылды. Михал Ла­бенда – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Журналистика факуль­те­тінің сырттай бөлімінде бір жыл оқып, шығыстану факуль­те­тінің араб бөлімін бітірген. Қазақ тілін жетік біледі.

Михал Лабенда мырза өз сөзінде Польша тарихынан мәлімет беріп, ел-жұрты үшін маңызды оқиғаларға тоқтал­ды, өз елі, оның қоғамдық-сая­си өмірі, халықаралық бай­ла­ныстары туралы мағлұмат берді, поляк мәдениеті, салт-дәстүрі мен тіл саясаты туралы айтты. Бұл тақырып отыз жыл­дан бері түрлі этностардың мә­дени дәстүрлерін сақтап, да­мыту бағытында жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі мақ­сат­тарымен үндеседі. Осы­лай­ша мәдениетаралық бай­ла­ныс­тар мен тәжірибе алмасу туралы қозғалған сөз халықтар арасындағы құрмет пен өзара түсіністіктің, достық қарым-қатынастың бір бөлігіне ай­нал­ды.

– Мен осы корпуста, екінші қа­баттағы шығыстану факуль­те­тінде бес жыл оқыдым, – деп бастады сөзін Польша Респуб­ли­касының Қазақстандағы өкі­летті елшісі Михал Лабенда. – Шын мәнінде қазақ пен поляк халықтарының арасында көп ұқсастық бар, тарихы да ұқсас. Біріншіден, біз де қазақтар сияқ­ты XV-XVII ғасырларда Еу­ропадағы ірі мемлекеттердің бірі болдық. XVIIІ ғасырдың аяғында Польша жері көрші үш мемлекеттің ықпалымен бө­лі­ніске ұшырап, геогра­фиялық ау­мағы кішірейді. Шығыс бөлігі Ресейге кетті, батыс бөлігі – Прус­сияға, ал оңтүстік бөлігі Австрияның құрамына кірді. Оның себебі неде? Поляктар қазақтар сияқты жүзге, руға бөлінбейді, бірақ біздегі әрбір магнат, бай адам алдымен мем­лекеттің мүддесін емес, жеке басының қамын ғана ой­лады. Соның салдарынан біз­дің жеріміз бөлініп, көрші мем­лекеттерге тәуелді бол­ды. Алай­да басып алған мем­ле­кет­терге қарсы наразылық кө­те­рілістер өте көп болды. Ме­нің­ше, бұл жағынан алған­да қа­зақ­тардың жағдайына ұқ­сайды.

Егер тарихқа үңілетін бол­сақ, осы уақыттарда поляк же­рінде ірілі-ұсақты көтерілістер жиі орын алды. Сол кездерде бас көтерер ең ұлтжанды, хал­қы­ның қамын ойлаған зиялы адамдардың қатары қатты сиреп, жоқ болып кетті деуге болады. Дегенмен бостан­дық­қа ұмтылған елдің сана-сезімі оянып, зиялы қауым жас ұр­пақ­қа өз тілінде білім беру, ғы­лымға үйрету, ұлттық рухта тәр­биелеу жұмыстарын бас­тады. Ондай қозғалыстар ХХ ғасырдың басында Қазақ­стан­да да болды. Мысалы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулат, Ахмет Байтұрсын, Мағжан Жұ­ма­бай, Шәкәрім сияқты көзі ашық ұлтжанды азаматтар қол­дарына қару алып күреске шыққан жоқ, бірақ келесі ұрпаққа идеологиялық тәрбие беріп, ұлттық сананы қалып­тас­тыру бағытында жұмыс істеген. Польшада да сондай қозғалыстар басталып, халық­тың бір ортаға жиылуының ар­қа­сында XX ғасырдың басында Польша тәуелсіздік алды, ұлттың рухы көтерілді. Осы­лай­ша поляктар ұлттық рухын, ана тілін, ұлттық сипатын сақ­тап қалды, өйткені біздің зиялы азаматтар бұл бағытта қатты жұмыс істеген.

Қазақта «Тіл тағдыры – ел тағ­дыры» деген аталы сөз бар. Сол сияқты XІX ғасырдағы поляк әдебиеті біз үшін өте маңызды болып саналады. Ол заманда поляктарға, бір жа­ғы­нан, орыс тілі, екінші жағынан, неміс тілдері кірді. Алайда біздің ақын-жазушыларымыз сол кезде өз шығармаларын тек поляк тілінде жазған. Әри­не, поляк тілі әлемдік танымал тілдерге жатпайды. Олар орыс немесе неміс тілінде жазса оқырмандары көп болар еді. Соған қарамастан, поляк ақын-жазушылары өз тілдеріне қат­ты мән берді. Тарихта орыс ті­лінде жазған Конрад деген бір ғана жазушы бар, ол кейін­нен Лондонға қашып кетіп, ағыл­шынша жазды. Одан бас­қа, бізді жаулап алушылардың тілінде бірде-бір поляк жазу­шы­сы кітаптарын жариялаған емес. Осыған қарап бодандық тұсында ана тілі поляк халқы үшін өте қадірлі болғанын кө­реміз. Ол заманда Ресей және Пруссия билігі Польша мек­теп­терінде, университеттерінде по­ляк тілінде оқуға тыйым сал­ған. 1901 жылы Вжесня деген қалада 12-14 жастағы мектеп оқушылары неміс тілінде оқуға қарсы болып ереуілге шықты. Пруссия билігі ереуілді бас­та­ған­дарға дүре соғып жазалап, ата-аналарын түрмеге қамады. Осыдан кейін наразылық бүкіл елге тарады, 70-75 мыңдай оқу­шы ереуілге шыққан. Поляк халқы ана тілін сақтап қалу үшін осылай күресті.

Менің замандастарым 7-сы­ныптан бастап аптасына екі рет орыс тілін оқыды. Поляк тілі орыс тіліне жақын, мен Қа­зақ­станға келердің алдында сегіз жыл орыс тілін оқығанмын, бі­рақ қазақшаға қарағанда орыс­шам шамалы. Себебі орыс тілін мәжбүрлеп оқыт­қан­дықтан, біз­де оны ешкімнің оқығысы кел­мейтін. Осы уақытқа дейін неміс, ағылшын тілдерін өз таңдауым болғандықтан, жеңіл игердім. Ал қазақ тілі – мен үшін үлкен маңызы бар тарихи тіл, ол әлемдегі ең бай тіл­дер­дің қатарында тұр. Уни­вер­ситетті бітіргеннен кейін арада 23 жыл өтсе де, қазақтармен емін-еркін сөйлесіп, етене араласып кеттім. Қазақтың мақал-мәтелдері өте нақты және ауқымды ұғымдарды бе­ре алады. Жақында «Қызым, са­ған айтам, келінім, сен тың­да» деген тағы бір мағыналы мақалды естідім. Әлі де үйрене түскім келеді. Қазақша қандай кітаптарды оқуға кеңес берер едіңіздер?» – деп студенттерге күтпеген сұрақ қойды дип­ло­мат сөзінің аяғында.

Қазақстан мен Польша ара­сындағы саясат, экономика, білім және мәдениет салала­рын­дағы қарым-қатынастың қазіргі жай-күйіне тоқталған дипломат бұл байланыстарды одан әрі кеңейтудің маңыз­ды­лығын атап өтті. Кездесу ба­рысында студенттер Поль­ша­ның саясаты мен эко­но­микасына ғана емес, сонымен қатар Польшадағы студенттік өмір, білім беру жүйесі, та­ғы­лымдамадан өту және ака­де­мия­лық алмасу мүмкіндіктері сияқты мәселелерді қамтитын сұрақтар қойып, тұшымды жа­уап алды.

Қайыржан ТӨРЕЖАН