
Университет – адамға біліммен қатар, тәрбие беретін ұстахана. Талай жасты білім бұлағынан сусындатып, оның қоғамға бейімделуіне сүбелі үлес қосатын ұстаз тәлімгерлердің еңбегі өлшеусіз. Соның бірі – ғалым, қоғам қайраткері, жазушы, журналист, тарихшы әрі саясаттанушы Ләйлә Ахметова. Ұлан-ғайыр еліміздің әр қиырынан арман қуып, Алматыға келген талай жас өреннің ұстаз-тәрбиешісі болған профессор білім алушыларға риясыз қамқорлықпен қарап, қиын-қыстау кезде үнемі қасымыздан табыла білді.
Ләйлә Сейсенбекқызымен таныстығым ҚазҰУ журналистика факультетіне оқуға түскен 1999 жылдан басталады екен. Елдің бәрі тегіс миллениум, яғни жаңа мыңжылдықты қарсы алудың қамымен әлек болып жатқан елең-алаң кез еді. Бірінші курс білім алушысы бола жүріп, мектептегі әдетімше студенттік активизм – қоғамдық жұмысқа белсене кірісіп кеткенім есімде. Дәл сол кезеңде Ләйлә Сейсенбекқызы ҚазҰУ-дың тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор қызметін атқаратын. Проректорымыз журфактағы студенттік белсенділігімді сырттай байқап жүреді екен. Бір күні профессор өзіне шақырып алып, журналистика факультетінің студенттік кеңесінің төрағасы болуды ұсынды. Алғашқыда оның қандай қызмет екенін білмесем де, кез келген беймәлім нәрсеге бел шеше кірісіп кетіп, оның не екенін артынша біліп жататын ежелгі әдетіме салып, бірден келісе кеттім. Студенттік кеңес университет әкімшілігі мен білім алушылардың арасын жалғап, байланыстыратын дәнекер екенін кейін білдім. Студенттердің құқын қорғап, олардың мүддесін танытып, жастардың бастамаларын жүзеге асыруға көмектесетін студенттік лауазым екен.
Ләйлә Сейсенбекқызы осы тұрғыда маған өмірлік тәлімгерім болып, студенттік активизмнің маңызын жиі түсіндіретін. Көп айтатын сөзі: «Студенттік активизм көпшілік ойлағандай уақытты босқа кетіру емес. Активист бола жүріп, ойлас-пікірлес, ортақ мақсатқа жұмылатын қатарластарыңды, достарыңды табасың. Университет қабырғасынан түлеп ұшқан соң да активист достарың ертең жұмыс беруші әріптестерге айналып жатады. Сондықтан білім алу өз алдына, жоғары оқу орнындағы мәдени-көпшілік іс-шара, қоғамдық жұмыстың ешқайсысы бос әурешілік емес, келешекте табысты болуыңның кепілі». Студенттік қоғамдық қызметімізде белсенді болуға ынталандырған осы бір тәлімсөз сол тұста біздің қанатымызды қомдап, шабытымызды үстеп отырса, уақыт өте келе, өмірлік ұстанымымызға да айналып кетті.
Тәлімгеріміздің ұстанымы бізді білім алушы кезімізден қамшылауының арқасында көп жетістікке жеттік. Студенттік активизмнің маңызын түсініп, ҚазҰУ-дай қара шаңырағымызда оқи жүріп, журналистика факультеті атынан «Асаба» көңілді тапқырлар клубы құрамында өнер көрсетіп, университеттің «Фараби сазы» ұлт-аспаптар оркестрінде баян аспабында ойнадық. Бірнеше жоғары оқу орны студенттерінен құралған «Бейбарыс» тобы құрамында ән шырқадық, пікірсайыс клубында да спикер болып, шешендік шеберлігімізді шыңдадық. 2001 жылы ҚазҰУ студенттері арасында өткен «Жігіт сұлтаны» байқауының I орын иегері атандым. Тағылымды тәлімгеріміздің айтуынша, КВН-де өнер көрсетуімнің де, оркестрде баянда ойнауымның да пікірсайысқа қатысқан белсенділіктің түрлі коммуникациялық пайдасы бар. КВН-ге қатысқанымның арқасында бүгінде Қазақстанның қай түкпірінде де түрлі салада таныс замандастар өте көп. Өйткені әрбір факультеттен іріктелген ойыншылар бір-бірімізбен етене тығыз жұмыс істеп, достасып кеттік. Университет бітірген соң әрқайсымыз әр салаға, әр тарапқа кетсек те, әлі күнге жақын араласып тұрамыз. Оркестр құрамында баянда ойнау арқылы ұжымда ауызбірлікте жұмыс істеуді, өзара сыйластықты арттырып, сабырлы болуды үйрендім. Оркестр бірдің емес, бірнеше адамның үйлесімде жұмыс істей біліп, нәтиже шығаруға үйретті. Пікірсайыста белсенді болудың арқасында көпшілік алдында не айтуды және қай жерде қалай айта білуді үйрендік. Мұның барлығы да Ләйлә Сейсенбекқызы проректор кезінде мәдени-көпшілік іс-шарада, қоғамдық жұмыста белсенді атсалысудың маңызын жіті түсіндіргенінің арқасында жүзеге асты деп нық сеніммен әрі мақтан тұта айтамын.
Тағылымды тәлімгерім мен ғана емес, мен сияқты сол жылдары Қазақ ұлттық университетінде оқыған көптеген білім алушының үмітін үкілеп, шырақ отын маздатқаны шын. Сол көптің арасында біздің де бар екеніміз көңілімізді көншітіп, жан сарайымызды марқайтады. Талай шәкірттің шырағын жаққан профессор Ләйлә Сейсенбекқызы проректор ретінде көптеген ауқымды бастаманы көтеріп әрі онысын жүзеге асырды да. Соның бірі – 2000 жылдың 15 қаңтарынан университетіміздің туған күні атап өтіле бастады. Ләйлә Сейсенбекқызының авторлығымен университеміздің туы, ұрансөзі, логотипі, әнұраны дайындалып, корпоративтік ережесі түзілді.
Жетпістің белесінен асқан тәлімгеріміз бүгінде де қоғамдық жұмыстың бел ортасында. Майдангер әкесі, жазушы Сейсенбек Ахметов рухынан қанаттанған даңқты қызы әлі де мол қуатты шағында. Соғыс жылдарында, майдан даласынан хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлерді түгендеп бірнеше еңбек жазып, сауапты іске кенелді. Ғұмырлық белесінің қай жасында жүрсе де, қоғам үшін ізгілікті шаруаның талайын тындырып жүретін тәлімгерімнің әрбір ісі өнеге. «Тағылымды тәлімгер – жас маманның зергері» дейтін халық даналығын ескерер болсақ, профессор Ләйлә Ахметова әлі де талай өренді игі іске ынталандырып, жақсылыққа жетелейтіні шүбәсіз.
Қанат ӘУЕСБАЙ,
журналистика
факультеті деканы,
филология ғылымының кандидаты
Басқа жаңалықтар

