Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың өткен жылдың соңындағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты республика халқына кезекті жолдауы елімізде кеңінен талқыланды. Осыған байланысты алдағы атқарылар іс-шаралар ауқымы белгіленіп, жоспарлар жаңарып жүйеленуде.
Бұл жолдауда Президент қазіргі дағдарысты әлемдегі барлық мемлекеттердің өткеретінін, сондықтан қандай кедергілер кездессе де бірлесіп жеңу қажеттілігін атап өтті. Ол ең алдымен кәсіпкерлер мен іскер азаматтарға сын сағатта үлкен жауапкершілік артылып отырғанын айтып, капиталды заңдастыруға, жекешелендіру тендерлеріне белсенді қатысуға шақырды. Елбасы қазақстандықтарға өзінің мынадай қолдау сөзін арнады: «Мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барлық азаматтарды Отанымыздың игілігі жолындағы ортақ іске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып жұмылып, аталған Жолдаудың жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырамын.
Келе жатқан күрделі кезең біз үшін еңсеру кезеңі болады. Біз жаңа жаһандық дағдарысты міндетті түрде жеңеміз. Бұл үшін бізде біртұтас ерік-жігер, халық бірлігінің берік дәстүрлері бар».
Соңғы кезде көпшілікті толғандырып жүрген басты мәселе – әлеуметтік әділеттілік. Ол бұрмаланбауы тиіс деп басқару қызметіндегілерге айрықша міндет жүктеді. Бұған дейінгі басталған реформалардың жұзеге асуына баршаның жаппай ортақтасуы қажеттілігі де айтылды. Елбасы жолдау соңын мынадай жарқын, жігерлі сөздермен қорытындылады: «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіңктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!».
Жыл жаңа басталды. Алда жүзеге асырылуға тиіс жаңа істер тұр. Қазақстан халқы жаһандану заманындағы дағдарысты кезеңде өзара ынтымақпен, татулықпен, бірлікпен өткізетініне сенімдіміз. Жолдаудың мән-мағынасында баршамыздың атқаратын айқын міндетіміз тұрғанын ұмытпайық.
Елбасымыздың бұл жолдауы филология және әлем тілдері факультетінде шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасында жан-жақты талқыланды. Онда қатысушы профессор-оқытушылар алдағы жылдарға көрсетілген бағыт-бағдарларды құптап, өздерінің оң ой-пікірлерін білдірді.
Әнуар Тарақов,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының профессоры,
филология ғылымдарының докторы