Білім алуға үстірт қарауға болмайдыFarabi University

Білім алуға үстірт қарауға болмайды

19 ақпан, 2025

Мәншүк МӘМБЕТОВА, филология ғылымының кандидаты, Түркітану және тіл теориясы кафедрасының аға оқытушысы: 

1. Сіздіңше, ЖОО-ның «Үздік оқытушысы» қандай болуы керек, қандай талаптарға (педагогикалық, психологиялық және т.б.) жауап беруге тиіс? 
2. Пәніңіз бойынша оқу бағдарламасы көңіліңізден шыға ма, сіздің ойыңызша, оны жетілдіру үшін не істеуге болады? 
3. Білікті маман даярлауда қандай жетістіктеріміз бар, атай аласыз ба? 
4. Жастардың білім деңгейі көңіліңізден шыға ма? 
5. «Қоғам сауатсызданып барады» деген көзқараспен келісесіз бе?

1. Меніңше, ЖОО-ның «Үздік оқытушысы» ең алдымен өзінің зерттеу бағытын жетік мең­герген білікті, тәжірибелі, кәсіби маман болуы қажет. Үздік оқытушы айқындалған зерт­теу саласы бойынша өзін­дік мектебін қалыптастыра білетін, шәкірттерін ғылым мен білімге қызықтыра отырып баптай алатын, заманауи үр­дістермен қатар жүретін, креа­тивті ойлауға машық­танған оқытушы. Сондай-ақ ол үздік­сіз ізденетін, ішкі мәдениеті жоғары, ұлттық рухани құнды­лықтарды дұрыс дәріптейтін шынайы педагог.

 

2. Біздің оқу орнымызда пәннің оқу-әдістемелік кешенін пән оқытушысы өзі құрас­тырады. Яғни жеке оқыту­шының жауапкершілігіне жүк­те­летін жауапты іс. Демек, пәннің оқу бағдарламасын құрас­тыруда классикалық ғы­лыми әдебиеттерден бастап, соңғы зерттеулердегі ғылыми тұжырымдарды, ақпараттық технология жетістіктерін пай­да­ланып, оны жылдан-жылға жаңартып, толықтырып отыр­сақ, әрине, көңілімізден шыға­ды. Осы тұрғыдан алғанда, оқу бағдарламаларын заманауи талапқа сай жетілдіріп отыру абзал.

 

3. Университет оқытушы­лары құрастырып ұсынатын оқу бағдарламалары білікті маман даярлаудағы негізгі жетістіктеріміздің бірі деп ауыз толтырып айтуға болады. Себебі оны арнайы саланың мамандары жан-жақты ізденіп құрастырады. Қажет болған жағдайда жаңартып отыратын пәндерден тұратын оқу бағ­дарламасы дәл қазіргі уақыт­тағы талаптарды ескереді. Негізінен, теория мен практи­каны ұштастыра  жасалады. Осы тұрғыдан алғанда оқу бағдарламалары құнды саналады.

 

4. Мысалы, біздің филоло­гия факультетінде өзіміздің білім алушылармен бірге шетел азаматтары да оқиды. Қазақстандық жастар жайында айтатын  болсақ, олардың орта мектептен алған, бакалав­риат­та меңгерген білімдері, жалпы алғанда, көңіл қуан­тады. Алайда ары қарай магис­тратура, докторантураға кел­ген­де, өкінішке қарай, жас­та­ры­мыздың білімі үстірт екеніне көз жеткіземіз. Көбіне жастар ғылым әлеміне терең үңілмей, тер төгіп еңбектенбей, бетін ғана сипағысы келеді. Олардың теориялық білімі жақсы болғанымен, практика­лық талдаулар мен экспери­менттерге келгенде абдырап қалады. Сондықтан бізге, оқыту­шыларға, осы осал тұсы­мызды әлі де ойланып, жетілді­руіміз керек секілді. Ғылымға жүрдім-бардым қарауға бол­майды. Оған кездейсоқ келу де абырой әпермейді. Демек, ғылымға мойын бұратын адам «жүз ойланып, мың толғанып» барып қадам басқаны абзал.

 

5. Әр заманның өзіндік даму ерекшелігі болады. Біз қазіргі қоғамды «қағаз түрінде баспадан басып шығарылатын кітаптардың оқылмай қалға­нынан сауатсызданып барады» деп топшылауымыз қаншалық­ты дұрыс екеніне күмәнім бар. Қағаз кітаптарды алмастыра­тын қаншама электронды ақ­парат көздері пайда болды. Соған қарай бейімделуіміз керек. Қазақ тілінде көркем шы­ғарма болсын, ғылыми әде­биет болсын, қандай да бір ақпаратты тұтына алатын сапа­лы сайттар, қосымшалар, арналар көбейіп, қолжетімді болса, сауаттылық арта түсері сөзсіз.

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ