ЗАМАНА КӨШІНДЕ – ЖАҢА ЗАҢДАР
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің заң факультеті – классикалық құқықтық білім берудің ең үздік дәстүрі негізінде осы заманғы инновациялық әдістемелерді қолданып жүрген жоғарғы оқу орны. Факультеттің даму стратегиясына сай, педагогикалық үдерісте қазіргі заңтану ғылымы саласындағы ықпалдастықтың қажеттілігі мен кафедраның ғылыми әлеуетін арттыру мақсатында тиісті жағдай жасалуда. Сондай-ақ, дарынды және жоғары білікті мамандарды ғылыми-педагогикалық қызметке тарту, кадрлық қорды қамтамасыз ету, оқу үдерісіндегі тәжірибелік қызметке маман тарту жолға қойылуда. Заңгер дайындауда халықаралық институттармен, орталықтармен ынтымақтастық орнатылып, зерттеу және ғылыми жобаға қатысатын профессор-оқытушылық құрамның жай-күйі қарастырылуда.
Заң факультетінің студенттері еліміздің заң шығарушы органдарында шығып жатқан заңдармен қаруланып, заңдық-құқықтық нормативтермен жіті танысуда. Биыл Қазақстан Республикасының «Телерадиохабарларды тарату туралы» Заңы, «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы, «Ақпараттық қолжетімділік туралы» Заңы, «Сайлау туралы» Заңы мен «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы қабылданды. Осы заң жобалары ұсынылған шақта студенттеріміз оны жан-жақты талдауға қатысып, осыған қатысты ұсыныстарын, ой-пікірлерін ортаға салған болатын. Кейін сараланып, дараланған соң Парламенттің қос палатасының сүзгісінен өткен еліміздің бұл заңдары заңдық күшіне еніп, өмірлік қолданысқа көшті.
Ел өміріне аса қажет маңызды осы заңдық құжаттармен танысу барысында университет студенттері заң алдында өздерін сергек сезінді, адам құқығы мен бостандығын құрметтеуге ынталанып, айнала орта мен табиғатты, Отаны мен отбасын сүюге ықыласы артты. Мәселен, бұдан бұрынғы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда 30 бап болса, жаңа заңда 72 бап бар. Жаңа заңның жаңалығы да мол. Онда меритократия қағидаты берік орнығып, әскери қызметке кеткен мамандардың да жағдайы оңтайлы қарастырылған. Дала заңынан демократия заңына дейінгі бел-белеске көз жүгірткен кемел келешектің фемида өкілдері тәрбиенің тал-бесіктен, тәртіптен бастау алатынын ұқты. Отаншылдық сезім, азаматтық пен еңбекқорлықтың өзі осындайдан басталады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасы тәжірибелі мамандармен түрлі кездесу ұйымдастырып, «Құқық қорғау органдарының негізгі міндеттері», «Қазақстанда қылмыстылықтың алдын алу шаралары», «Прокуратура органдарының негізгі бағыттары» тақырыбында ашық дәріс сабағын өткізіп тұрады. Тәуелсіз демократиялық, құқықтық мемлекет құру жолында еліміздің барлық заңгерлері мен қоғамдық бірлестіктердің негізгі міндеті – сыбайлас жемқорлық пен қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету.
Елбасы Н.Назарбаев қылмысқа қарсы күресте бірінші кезекте табанды көзқарас ұстануды тапсырды. Елбасының биылғы Жолдауында осындай өзекті мәселе өткір қойылған. Қылмыстың ауыздықталуы нәтижесінде экономикалық өсімнің қамтамасыз етілуі бірқалыпты деңгейге жетті. Заң жүйесі, заң-құқықтық тәртіп, оның орындалуы мен қадағалануына сот, прокуратура, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет ететін жоғары білікті факультет түлектері тікелей атсалысуда. Түлектер қай салада да табандылық танытып, жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқаруда.
Айжан АРЫН, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі.