Айқын

9 қаңтар, 2016

Әлеуметтік көмек көрсету – басты міндет

Әлеуметтік көмек көрсету – басты міндет Қазіргі экономикалық дағдарыс кезінде әлеуметтік жағдайы төмен халыққа көмек көрсету – мемлекеттің ең басты міндеттерінің бірі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа Жолдауында мемлекет, қоғам және халық бір-біріне қамқор болып, жәрдем көрсету қажеттігін баса айтты.
Соңғы дерек бойынша еліміздегі 147 жоғары оқу орнында 700 мың студент білім алады екен. Өкінішке қарай, бұл студенттердің көбісі мате­риалдық көмекке өте зәру. Сондықтан оларға кезек күттірмей, қолдан келгенінше жәрдем ету – баршамыздың парызымыз.
Еліміздегі жоғары оқу орындарының ішінде көшбасшы ретінде Қазақ ұлттық университеті жастарға әлеуметтік көмек көрсетіп, олардың білім нәрімен сусындауына қолайлы жағдай жасауды мақсат-міндеті деп біледі.
Мұндай қайырымдылық мақсатқа университет басшылығы мен кә­сіподақ ұйымы арнайы қаржы бөледі. Соның негізінде университет мем­лекеттің әлеуметтік саясатына үлкен қолдау көрсетіп, студенттер ара­сындағы әлеуметтік қиыншылықтардың болмауына игі ықпалын тигізеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үздік оқитын студенттерге 15 пайыздан 20 пайызға дейін жеңілдік жасап, жетім студенттерге, ата-анасының қамқорлығынан айырылған, мүгедек, сондай-ақ ата-анасы мүгедек сту­денттерге сабақ үлгерімі жақсы болса, 25 пайызға дейін жеңілдік жасалады.
Сондай-ақ осындай қайырымдылық көмектерге зәру студенттер уни­верситеттің денсаулық сақтау пункттерінде дәрі-дәрмектермен қамтама­сыз етіліп, оларға тегін медициналық көмек көрсетіледі. Университетте оқытушылар мен студенттерге медициналық қызмет көрсету үшін отан­дық және корей мамандары қызмет ететін медициналық орталық бар.
Жазғы демалыс кезінде студенттер студенттік жасақта жұмыс істей ала­ды. Ол үшін студенттерге еңбекақымен қатар, жатақханада тегін жату және университет асханасынан тегін тамақтану ұсынылады.
Жоғарыда айтқан жеңілдіктерді қазір 1000-нан астам студенттер пай­даланып отыр.
Университет әкімшілігі қазақстандық және шетелдік компаниялар мен ұйымдар демеушілер тартып, соның арқасында 300-ден аса талантты сту­денттерге шәкіртақы беріледі. Үш жылдың ішінде шәкіртақыға 100 млн теңге жұмсалды.
Қаржылық қиындықтарға қарамастан, университетте біршама әлеу­меттік нысандар іске қосылды. Атап айтқанда, олар – әл-Фараби ғылыми кітапханасы, 500 студентке арналған қолайлы жатақхана және маги­с­транттар мен докторанттарға арналған Ғалымдар үйі.
А.ЖАТҚАНБАЕВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, профессор,
Г.ШУЛАНБЕКОВА, аға оқытушы
http://aikyn.kz/ru/news/show/18731-_leumett_k_k_mek_k_rsetu_basty_m_ndet