«Қазақстанның жастары – жасампаз» атты жастармен жүздесудегі сөзіFarabi University

«Қазақстанның жастары – жасампаз» атты жастармен жүздесудегі сөзі

14 february, 2025

Құрметті білім алушы жастар!

Біз бүгін университет қызметіне, жастар өміріне, қалалық және республикалық қоғамдық шараларға белсенді қатысып жүрген студенттермен  кездесіп отырмыз.

8 ақпан күні Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен «Жаңа адамдар» атты жастар форумы өтті.

Шараға біздің белсенді студентіміз, болашақ журналист Әйгерім Есімхан қатысып қайтты.

Осы форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақстанның жастары – жасампаз.

Мен мұны үнемі айтып жүрмін», – деп, жастармен ерекше мақтанатынын жеткізді.

Сондықтан бүгінгі жүздесуімізді «Қазақстанның жастары – жасампаз» деп атап отырмыз.

Президент жастар алдында сөйлеген сөзінде:

«Біз жұрттан көш ілгері жүретін ел боламыз.

 Үйренетін де, үйрететін де ұлт боламыз.

Жастар барлық өзгерістің бастауында тұрады.

Бұл өзгерістер әділетті Қазақстанды құру, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету тұжырымдамасына негізделген, – деп атап өтті.

«Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында.

Мен Президент ретінде сіздерге зор үмітпен қараймын», – деді.

Біздің ҚазҰУ жастары да жасампаздық танытып, тың идеялар мен игі істердің бастамашысы боларына мен кәміл сенемін.

Бұл сіздердің қолдарыңыздан келеді.

Өйткені сіздер әлемдегі ең үздік 200 университеттің қатарына кіретін, халықаралық QS рейтингінде 163-орында тұрған көшбасшы оқу орнының студентісіздер.

Біз бүгін белсенді жастардың ойын тыңдап, өзекті мәселелерді ортаға салып, ұсыныстарыңызды талқылау үшін  кездесіп отырмыз.

 

Құрметті студенттер!

Жақында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өткенімізден хабардарсыздар.

Университет айтулы датаға жан-жақты дайындалды.

 Тың жобалар, жоспарлар жасалып, орындалды.

  1. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңі басталды.

Қазіргі таңда жетіқабатты үш оқу корпусы мен 2200 орынға арналған үш жаңа жатақхананың құрылыс жұмыстары жүруде.

  1. Қазіргі сәтте Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы мен спорт-сауықтыру кешені қайта жаңғыртылуда.
  2. «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы бой көтерді.
  3. Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде орнатылды.
  4. Өндірістік робототехника және роботтандыру бойынша инженерлік компетенция орталығы жаңадан жасақталды.
  5. География және табиғатты пайдалану факультетінде «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы ашылды.  
  6. «Қашықтықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасы іске қосылды.
  7. Химия және химиялық технология факультетінде гальваникалық қаптамалар ғылыми-өндірістік орталығы және тоғыз зертхана ашылды.
  8. Екі ел президенттерінің қатысуымен ҚазҰУ филиалы Ресейдің Омбы қаласында ашылды.
  9. Соңғы үлгідегі телескоптармен жабдықталған «Фараби» заманауи обсерваториясы іске қосылды. 

 

 

Құрметті білім алушы жастар!

Осындай ауқымды жұмыстармен бірге студенттерге жағдай жасауды да ұмытқан жоқпыз.

Осы оқу жылында барлық жатақханалар бойынша 800 есік ауыстырылды.

4000 матрас, 4000 төсек-орын комплектісі жаңадан алынды.

735 шкаф, 1065 тумба, 450 үстел, 1050 кітап сөресі, 1065 орындық ауыстырылды.

600  диван-кресло қапталды, 130 пуфик сатып алынды.

Ас бөлмелеріне 120 тоңазытқыш пен 120 электр плитасы пайдалануға берілді.    

Сіздер қысқы каникулдан келгенше факультеттердегі парталар мен кітап сөрелерін жаңартып қоюға тырыстық.

Оқу аудиториялары мен жатақханалардағы бұл жұмыстар ары қарай да жалғасын табады.

Сіздерден күтілетін, сұралатын талап – сабақты жақсы оқу, тәртіпті, үлгілі азамат болу, ғылыммен айналысу.

Мерейтойлық салтанатты шарада Президент тапсырмасымен бес жас ғалым пәтер кілтін алды.

Үздік үш белсенді студент Президент қолынан алғыс хатқа ие болды.

Бұған дейінгі университет студенттері арасынан мемлекет және қоғам қайраткерлері, тәжірибелі дипломаттар, ректорлар, кәсіпкер-меценаттар, көрнекті қаламгерлер мен білікті ғалымдар тәрбиеленіп шықты.

Атап айтқанда:

•       1 вице-президент, 2 премьер-министр

•       7 Парламент палатасының төрағасы

•       7 Мемлекеттік хатшы, (1 Мемлекеттік кеңесші)

•       5 Президент Әкімшілігінің жетекшісі

•       6 Жоғарғы сот төрағасы

•       8 бас прокурор, 57 министр

•       13 облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдері

•       4 Жазушылар одағы басқармасының төрағасы

•       24 бас редактор. Оның ішінде 12 «Егемен Қазақстан» газетінің, 9 «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы

•       41 төтенше және өкілетті елші

•       64 жоғары оқу орнының ректоры

•       80 академик, 130 Мемлекеттік сыйлықтың иегері бар.

Сіздер де мемлекет жасап отырған мүмкіндіктерді дұрыс  пайдалана отырып, осы тізімді жалғастыруға тиіссіздер.

 

Құрметті жастар!

Президент өз сөзінде:

«Қазіргі сәтте «Болашақ» бағдарламасымен мыңдаған жас шетелде білім алуда.

Олар Қазақстанға келген соң ел дамуына үлес қосады. «Президенттік жастар кадр резерві» сұранысқа ие

жобаға айналды.

Келешекте мемлекетті басқарушылардың негізгі легі осы жас мамандардан қалыптасады», – деп атап өтті.

Жастарға үлкен сенім артты.

Оның ішінде заманауи технологиялардың тілін білетін, жасанды интеллектімен жұмыс жасай алатын, креативті  жастарға айрықша мән беріледі.

Өйткені білім-ғылымды меңгерген жастар түрлі мәселелерге жаңа көзқараспен қарайды.

Кез келген мәселені шешудің жолын жаңаша ұсынады деп ойлаймын.

Ел болашағы – білімді, алғыр, жасампаз жастардың қолында.

Өз идеяларыңызды сәтті жүзеге асырып, өз заманыңыздың тарихын жаңаша жазуда, жаңаша қалыптастыруда сіздерге сәттілік тілеймін!

Ұсыныстарыңызды тыңдауға, жүзеге асыру үшін қолдауға дайынмын.