
Маңайына мейірім шуағын шашып, айналасына жақсылық тілеп жүретін жаны жайсаң адамдар болады. Өмір бойы жоғары мектепте ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеген фантаст-жазушы Абдул-Хамид Мархабаев ағамыз сондай адам еді. Ол өзінің жанашырлығымен, аталы сөздерімен, әдемі әзілдерімен, орынды юморларымен алдынан өткен мыңдаған шәкірттерінің есінде жақсы адам ретінде қалды. Жасы кіші әріптестері Әбеке деп еркелесе, тұстастары оны Хама деп сыйлайтын. Оның тосыннан айтып қалатын арқалы афоризмдері, еріксіз езу тарттыратын зілсіз әзілдері ел арасына жайылып кеткен.
Қазақ ғылыми фантастикасының негізін қалаған жазушы, филология ғылымының докторы, профессор Абдул-Хамид Файзоллаұлы Мархабаевтың мәңгілік сапарға аттанғанына он жыл болыпты. Кеше ғана жарқылдап арамызда жүретін, әзілдесіп, еркелетіп отыратын Әбекеңнің орны ойсырап қалғаны араласқан адамдарға әлі де қатты сезіледі. Бүгінде әйгілі фантаст-жазушының өзі де қиял-ғажайыпқа айналып кеткендей.
Абдул-Хамид Файзоллаұлы елу жылға жуық ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде ұстаз болды. Өмірінің соңғы күніне дейін қара шаңырақта сабақ берді. Осы уақыттың ішінде Әбекеңнен дәріс алған мыңдаған шәкірттері бүгінде республикадағы барлық дерлік бұқаралық ақпарат құралдарында, мемлекеттік қызметтерде еңбек етіп жүр. Олардың арасынан талай танымал мемлекет қайраткерлері, министрлер, депутаттар, ақын-жазушылар шықты. Сол шәкірттерінің барлығы Мархабаевты ақ пейілді жақсы адам, ақылшы аға, қызметіне адал ұстаз ретінде біледі. Ұстаздың ғалымдығы, білімділігі, ғылыми фантастика саласындағы жазғандары өз алдына, оның адами қасиеттері үшін шәкірттері, әріптестері, айналасындағылардың барлығы жақсы көрді.
Абдул-Хамид Мархабаев – қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрының тарихы мен теориясын зерттеуші тұңғыш ғалым. Ол ғылыми атаққа ерте жеткенімен, докторлық еңбегін кеш қорғады. «Қолыңды әкел, Келешек! Қазақ фантастикасы: кеше, бүгін және...» (1978), «Қазақ фантастикалық әдебиеті» (1998), «Қиялгер қисындары» (2002), «Қазақ фантастикасының поэтикасы» (2008) сияқты докторлық еңбекке тұрарлық көлемді монографиялар авторға зерттеуші мәртебесін бергенмен, ғылыми атақты қорғау үшін қосымша еңбектену керек болды.
Абдул-Хамид Мархабаев 1964 жылы республикалық «Білім және еңбек» ғылыми-көпшілік журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1967 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің Қазақ журналистикасы кафедрасында ассистент, аға оқытушы, доцент болды. Университеттегі педагогикалық қызметтен қол үзбей жүріп, 1967-83 жылдар аралығында «Білім және еңбек» журналында бас редактор болып істеді. 1971 жылы «Қазақ әдебиетіндегі фантастиканың даму және қалыптасуы» деген тақырыпта диссертация қорғап, филология ғылымының кандидаты атанды, 1973 жылы Жазушылар одағына мүше болды.
Абдул-Хамид Мархабаев – қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрының тарихы мен теориясын зерттеуші тұңғыш ғалым. Ол ғылыми атаққа ерте жеткенімен, докторлық еңбегін кеш қорғады. «Қолыңды әкел, Келешек! Қазақ фантастикасы: кеше, бүгін және...» (1978), «Қазақ фантастикалық әдебиеті» (1998), «Қиялгер қисындары» (2002), «Қазақ фантастикасының поэтикасы» (2008) сияқты докторлық еңбекке тұрарлық көлемді монографиялар авторға зерттеуші мәртебесін бергенмен, ғылыми атақты қорғау үшін қосымша еңбектену керек болды. Осылайша Әбекең жетпіске таяған шағында, 2006 жылы филология ғылымының докторы дәрежесін алуы үшін «Қазақ әдебиетіндегі фантастика поэтикасы» деген тақырыпта диссертация қорғады. Бұның өзі үлкен ерлік, табандылық дер едім.
«Сабыр түбі – сары алтын» деп қазақ бекер айтпаған» деп отыратын Әбекең. Өзі ешқашан қатты ашуланған адам емес, ашу шақыратын жерде мәселені ойлы әзілге айналдырып, түйінді оңай шеше салатын, қандай да болсын тығырық жағдайларды юмормен орнына келтіретін. Сонымен қатар алған бетінен қайтпайтын бірбеткейлігі де бар-тын. Бір жағынан, жас кезінен соғыстың ауыртпалығын көріп, қиындықта өскен баланың мінезі осылай қалыптасуы заңды да шығар. Бір әңгімесінде Әбекең: «Арал қаласынан әріректе Көкарал деген жерде дүниеге келдім. Қазір ол арал жоқ, материкке ұласып кеткен. Туған жер деген ыстық қой, ұмытыла бастаған кейбір жайттар есіңе түседі. Әкеміз соғыстан оралмады. Мен ол кезде жас баламын, кескіні есімде еміс-еміс қалыпты. Кейіннен Арал қаласына көшіп келдік. Шешем наубайшы болды. Соғыс кезіндегі қиыншылықтарды сезініп өстік. Әлі есімде, шешеміз кешкісін жұмыстан келгенде мұз болып қатқан қара нанды пештің үстіне жылытуға қоятын. Аштықта талғажау болған қасиетті қара нанның дәмі әлі күнге дейін аузымнан кетпейді», – деп еді.
Сол кездерде маған берген өзінің кітабына жазған қолтаңбасында: «Сендерге үлгі болуға тырысып жүргенімді білсең ғой, Қайрош! Құрметпен А.-Х. Мархабаев» деп қол қойыпты. Ондағысы – «қартайғанда докторлық диссертациямды қорғадым» дегені. 1971 жылы кандидаттық диссертацияны қорғаған болса, докторлығын 35 жылдан кейін қорғады. Басқалар болса қолын бір сілтер еді, ал Әбекең ондай емес. Ол өмірінің соңына дейін еңбек етті және сол табандылығының арқасында көп нәрсеге қол жеткізді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің, соған қоса, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің озық оқытушысы атағы мен төсбелгілерін иемденді. Жетпістен асқан шағында республикалық жоғары оқу орындары бойынша «Жылдың үздік оқытушысы» атанды. Бертінге дейін оның ғылыми-фантастика жанрында жазған кітаптары баспадан шығып жатты. «Жазушы» баспасынан 2011 жылы шыққан «Қазақ қиялының «жүріс-тұрыстары» кітабын, «Фантастика жанры: тарих және теория» атты жоғары оқу орындарының гуманитарлық факультеттері мен бөлімшелеріне арналған монографиясын студенттер оқулық ретінде пайдаланады. Педагог-әдіскер дәрежесінде «Ислам=Ғылым+ Журналистика», «Ислам ілімі – Ғылым алгоритмі» оқулық кітабын жазды.
Қайтыс болардан бір жыл бұрын Әбекеңнің 75 жылдығы өзі қызмет істеп жүрген ортасы – журналистика факультетінің ұйымдастыруымен кең көлемде атап өтілді. Халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды, оған шетелдерден бір топ ғалым қатысты. Профессор Абдул-Хамид Мархабаевтың артында том-том фантастикалық шығармалары, ғылыми зерттеулері қалды.
«Жақсымен өткізген жарым сағаттың өзі жарты ғұмырға татиды» деуші еді ғой бабалар. Осы Әбекең сияқты аяулы азаматтарды меңзеп айтылған сөз шығар. Ұстанымы жақсы ұстаз, ғибраты мол ақылшы болған Абдул-Хамид Мархабаевтай ағаммен өмір жолында ұшырасқаныма «тәуба» деймін. Сіз қашанда шәкірттеріңіздің жадында жүресіз, құрметті ұстаз!
Қайыржан ТӨРЕЖАН
Басқа жаңалықтар

