- Main
- Speeches
- «Білім беру жүйесінің өзекті мәселелері және оны шешу жолдары» конференциясындағы сөзі
«Білім беру жүйесінің өзекті мәселелері және оны шешу жолдары» конференциясындағы сөзі

Құрметті Ғани Бектайұлы!
Құрметті әріптестер, ұстаздар қауымы!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер!
Бүгінгі конференция еліміздегі білім беру саласын дамыту саясатын талқылауға арналып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдыңғы жолдауында: «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты.
Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады.
Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық.
Болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек.
Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет», – деп атап өтті.
Бұл бағытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ауқымды жұмыстарды іске асырып келеді.
Университет Қазақстанның білім беру экожүйесін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.
Академиялық қызметіміздің негізгі бағыты – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім. Бірақ тек онымен шектелмейді.
Университетте бейіндік мектеп пен колледж жұмыс істейді.
Сондықтан бүгін білім беру саласын реформалау бағыттарын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында талқылап жатқанымызға қуаныштымын.
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» заңының 12-бабына сәйкес, білім беру бағдарламаларының үздіксіздігі және сабақтастығы принципі негізінде мынадай білім беру деңгейлерін қамтиды:
1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды;
2) бастауыш білім беруді;
3) негізгі орта білім беруді;
4) орта білім беруді (жалпы орта білім беруді, техникалық және кәсіптік білім беруді);
5) орта білімнен кейінгі білім беруді;
6) жоғары білім беруді;
7) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Даму бағдарламасында зерттеу университеті ретінде маңызды міндеттер айқындалған. Атап айтқанда:
- ғылым мен білімді интеграциялау
- академиялық көшбасшылықты қамтамасыз ету
- университет ғылымының экономикаға қосатын үлесін күшейту
- корпоративтік басқару моделін жетілдіру.
Қойылған міндеттерді шешу үшін біз білім беру үдерісін сабақтастық қағидаты бойынша іске асырамыз.
Мектептер мен колледждердің түлектері жоғары білім алуды барынша кедергісіз жалғастыруы керек.
Сондықтан оқытудың біртұтас экожүйесін қалыптастыру маңызды.
Еңбек нарығының талаптарына сәйкес мамандар ғылыми және кәсіби қызметін жалғастыруға мүмкіндік алуы қажет.
Бүгінде ҚазҰУ құрамында 16 факультет, 72 кафедра, 33 ғылыми орталық, екі ұжымдық зертхана және 140 оқу-зерттеу зертханасы бар.
Біз жаңадан құрылған Farabi Hub-та цифрлық және технологиялық бағыттарды белсенді түрде дамытудамыз.
Осының барлығы – Қазақстанның ғылымы мен білімін дамытудың қуатты әлеуеті.
Университеттің кадрлық әлеуеті білікті мамандармен толықтырылуда.
Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да 28 академик, 33 Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 600-ден астам ғылым докторы және 700-ден астам ғылым кандидаты бар.
Біз оқытушыларды бағалау және көтермелеу құралдарын енгіземіз, индикативтік жоспарлау жүйесін іске асырамыз.
«Жылдың үздік оқытушысы» республикалық байқауы жеңімпаздарының саны жыл сайын артып келеді.
Кеше ғана ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен университетімізде 2024 жылдың «Үздік оқытушысы» және «Үздік ғылыми қызметкерлерін» марапаттау рәсімі өтті.
2024 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» төсбелгісі Қазақстанның 200 оқытушысына табысталды.
Оның ішінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 36 оқытушысы жоғары марапатқа ие болды.
Бұл – жалпы жеңімпаз оқытушылардың 24 пайызы.
Әр жеңімпаз 2000 АЕК көлемінде ақшалай ынталандыру сыйақысын алады.
Бүгінде университетте 27 мыңнан астам студент білім алуда.
Оның ішінде бакалавриатта – 22,8 мың, магистратурада және докторантурада – 4,2 мың.
Біз зерттеу университеті ретінде магистранттар мен докторанттардың үлесін білім алушылардың жалпы санының 27 пайызына дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз.
ҚазҰУ-да 564 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Оның 65-і қосдипломдық бағдарламалар.
Білім берудің басым салаларында 13 инновациялық бағдарлама құрылды.
Жетекші агенттіктердің халықаралық аккредиттеуін қоса есептегенде, білім беру бағдарламаларының 73 пайызы аккредиттелген.
Бұл жұмыс оқытудың барлық деңгейлерінде және дайындықтың барлық бағыттары бойынша білім берудің жоғары сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
Өткен жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзінің 90 жылдығын кеңінен атап өтті.
Өзінің бай тарихының, ұжымның кәсіби деңгейінің арқасында университет әлемдік деңгейде өз орнын айқындады.
ҚазҰУ ұлттық және әлемдік жетекші рейтингтерде тұрақты жоғары орындарға ие.
Соңғы жылдары стартап-жобалар, ғылыми зерттеулер және оларды коммерцияландыру саны айтарлықтай өсті.
Біз инновациялық және ғылыми бастамаларды белсенді дамытуды жалғастырамыз.
2023-2029 жылдарға арналған Жоғары білім және ғылым тұжырымдамасында жоғары білімнің цифрлық архитектурасын дамытуға, ғылыми инфрақұрылымды жаңғыртуға және цифрландыруға баса мән берілген.
Тұжырымдаманың міндеттері біздің университеттің алдына қойған міндеттерімен үндеседі.
Бизнес-процестерді оңтайландыру және цифрлық реинжиниринг – бюрократияны түбегейлі төмендетуді және әкімшілік басқарудың тиімділігін арттыруды қамтамасыз етеді.
Білім беру процесінде жасанды интеллект технологияларын жауапкершілікпен пайдалану үшін нормативтік база құру қажет.
Оқытушылар мен бөлім басшылары ЖИ қолдану бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
Ақпараттық технологиялар факультетінің ғалымдары бірқатар ғылыми жобаларды жүзеге асыруда.
Олардың ішінде: қазақ тілін қолдауға ықпал ететін заманауи үлкен тіл моделін (LLM) құру және жасанды интеллектіні қолдана отырып, тамақ өнеркәсібі үшін сандық егіз әзірлеу.
Әлемдік ғылым және білім кеңістігіне интеграциялану арқылы университетіміз халықаралық байланыстарын күшейтуде.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ыстамбұл (Түркия), Бішкек (Қырғызстан) және Омбыда (Ресей) филиалдарының ашылуы университетті жаһандық деңгейде ілгерілетуге жол ашты.
Бұл біздің білім беру қызметтерін экспорттаушы ретіндегі ұстанымымызды нығайтады.
Сонымен қатар ҚазҰУ стратегиялық ынтымақтастық үшін ашық және жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары үшін арнайы алаң ұсынуға дайын.
Серіктестік байланыстарды кеңейту мақсатында 2022 жылы университет базасында МИФИ (Мәскеу инженерлік-физикалық институты) Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы жұмысын бастады.
Ал 2023 жылы Қытай Халық Республикасының Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды.
Бүгін біз білім саласында жаңа бастамаларға қадам басып отырмыз.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп ҚазҰУ базасында Білім беру саласындағы зерттеулер институтын құрамыз.
Институттың өкілдігі Астанадағы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының базасында құрылады.
Институтта Қазақстандағы бірегей және жалғасты білім беру жүйесі құрылады.
Сонымен қатар білім беру құрылымдарының қызметін үйлестіруді қамтамасыз ететін ғылыми зерттеулермен айналысатын болады.
Қорытынды
Алда үлкен жұмыстар күтіп тұр.
Ортақ мақсаттарға бірге қол жеткізе алатынымызға сенімдімін.
Білім, ғылым жолында табысты болыңыздар!