
Әлеуметтанушы дегенде, көбіміз көзімізге қандай маманды елестететінімізді және оның не істейтінін білмей жатамыз. Қарқынды әлеуметтік өзгерістер дәуірінде әлеуметтанушы мамандығы өзектілігін арттыра түсуде. Өйткені әлеуметтанушы – қоғамды, оның құрылымын, қызметін және өзгеруін зерттейтін ғылым.
Әлеуметтанушыны суретші, сәулетші адамдардың бірі десек қателеспейміз. Бірақ оның қолында қылқалам мен кенептің орнына зерттеу құралдары болады. Ол пейзаж бен портрет салудың орнына қоғамдық өмірдің егжей-тегжей суретін жасап, дәлелденген, сенімді ақпаратты ұсынады. Оның кенебі – қоғам, ал бояуы – сауалнама, бақылау және эксперименттер арқылы жиналған деректер.
Әлеуметтанушы – адамдардың қалай өмір сүретінін, бір-бірімен қалай қарым-қатынас жасайтынын және әлеуметтік құрылымдарды қалайша қалыптастыратынын түсінуге тырысатын зерттеуші.
Енді әлеуметтанушыны адамның мінез-құлқының құпияларын зерттейтін детектив ретінде елестетіп көріңіз. Ол дәлелдер жинақтап, гипотезалар жасап қана қоймай, күрделі әлеуметтік жұмбақтарды ашу үшін логикалық тізбектер жасайды. Адамдардың сайлауда қалай дауыс беретінін, кейбір адамдар неге қылмысқа бейім екенін, белгілі бір мәселелер туралы қоғамдық пікірдің қалай қалыптасатынын зерттей алады. Бірақ әлеуметтанушыға жай бақылаушы ретінде қарау дұрыс емес. Ол неғұрлым әділ және үйлесімді қоғам құруға белсенді қатысады. Оның зерттеулері жаңа әлеуметтік бағдарламаларды жасауға, адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, әлеуметтік қақтығыстардың алдын алуға көмектеседі.
Әлеуметтану мамандығының тарихы АҚШ, Батыс Еуропа елдерінде тереңде жатқанымен, Қазақстанда енді-енді алдыңғы қатарлардан танылып келе жатқан жас ғылым. Қоғамдық ахуалды бақылап, анализ жасауды жаны сүйетін адамның таңдауы болып жатыр. Әлеуметтану ғылымы – әлеуметтік даму процестерінің логикасын түсіндіреді, адамға қоғамдағы орнын анықтауға, өмір жолын таңдауға және өмірлік перспективаларды анықтауға мүмкіндік беретін сала. Әлеуметтанушы мамандығының негізгі артықшылығы – ол бүгінде кез келген ұйымда жұмыс істей алады. Мысалы, маркетингтік агенттік, мемлекеттік органдар, мемлекеттік компания, кез келген саладағы коммерциялық ұйым.
Елімізде әлеуметтанушыларды даярлайтын жоғары оқу орындары біршама болғанымен, қазіргі таңда ең танымалы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасы. Бұл кафедрада қазіргі таңда негізгі әлеуметтану, әлеуметтік жұмыс, сонымен қатар магистратура бойынша еңбек әлеуметтануы және HR басқару, әлеуметтік саясат және басқару секілді қоғамға қажетті мамандықтар оқытылады. Әлеуметтану кафедрасының қалыптасуы мен даму тарихы отандық әлеуметтану ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалымдар, педагогтар және зерттеушілердің есімдерімен тығыз байланысты. Әлеуметтану ғылымының докторы, профессор Кеңес Биекенов басқарған кезең кафедраның кәсіби әлеуетін нығайтуға және ғылыми-зерттеу қызметін кеңейтуге негіз болды. Оның жетекшілігімен кафедра жаңа ғылыми бағыттарда жұмыс істеп, қоғамның әлеуметтік-мәдени дамуына өз үлесін қосты. Профессор Н.Аитовтың аймақтық жоспарлау, әлеуметтік жобалау және жоспарлау саласындағы еңбектері ғылымның теориялық және әдіснамалық негізін қалады. Ал профессор М.Садырова кафедраның ғылыми бағыттарын жаңа деңгейге көтеріп, девиантология, жастар әлеуметтануы, гендерлік әлеуметтану және экономикалық әлеуметтану салаларында жаңа ғылыми нәтижелерге қол жеткізді.
2008 жылдан бастап кафедраны басқарып келе жатқан профессор Гүлмира Серікқызы әлеуметтанудың заманауи мәселелерін зерттеуді жалғастырып, кафедраның ғылыми және педагогикалық әлеуетін одан әрі арттыруда. Әр жылдары кафедрада қызмет еткен ғалымдар мен педагогтардың еңбегі ғылымның түрлі бағыттарын дамытуға негіз болды. Қазақстанда әлеуметтану ғылымының негізін салушылар қатарындағы белді ғалымдар мен профессорлар, сонымен қатар білікті педагог-ұстаздар осы кафедрада қызмет атқарады. Олардың ішінде девиантты мінез-құлық әлеуметтануын зерттеген Ш.Жаманбалаева, отбасы әлеуметтануын дамытуға үлес қосқан З.Жаназарова және басқа да профессор, доценттердің еңбегі ерекше орын алады.
Кафедраның қалыптасуы мен дамуы барысында көптеген кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалып, отандық әлеуметтану ғылымының іргетасы нығайды. Әлеуметтану кафедрасы Қазақстанның әлеуметтік ғылымдар саласындағы жетекші орталықтардың біріне айналып, болашақта да өз жетістіктерін одан әрі нығайта береді.
Қазіргі уақытта әлеуметтанушы мамандығына сұраныс өте жоғары. Зерттеу жұмысы үшін әлеуметтанушыларға түрлі саладағы фирмалар, әсіресе сауда фирмалары жүгінеді. Социологиялық зерттеусіз бірде-бір лайықты сайлауалды штабтың жұмысы болған емес. Сайлаушылардың пікірі әрдайым мұқият зерттеледі, содан кейін ғана штабтың сайлауалды стратегиясы таңдалады. Сонымен қатар әлеуметтанушылар телеарналар мен баспа басылымдарының рейтингтерін құрумен айналысады.
Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасы өз жұмысында не нәрсеге баса назар аударады және неге? Әлеуметтанушы ұстаздар студенттің зерттеу, аналитикалық, ұйымдастырушылық, ақпараттық жүйелеу мен талдау, болжау қасиеттерін шыңдап, болашақ әлеуметтанушыларға қоғамда өз ойын еркін жеткізуге мүмкіндік береді.
Дана РАХЫМҒАЛИҚЫЗЫ,
Әнел ӘЛІБЕКОВА,
Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының 2-курс магистранттары
Басқа жаңалықтар

