Жаңғыру көшінде
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі 46-шы ғылыми-әдістемелік конференция мен оқу-әдістемелік бірлестігінің отырысы өтті. Конференцияда жергілікті ЖОО өкілдері өнеркәсіп секторларының сарапшыларымен маман дайындау жүйесіне байланысты ҚР «Білім туралы» Заңына енген бірқатар өзгерістерді талқылады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы университет баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Конференцияда кадр дайындау сапасын қамтамасыз ету үшін білім беру бағдарламаларын жаңғырту мәселелері, инновациялық оқыту: технологиялары мен әдістері сөз болды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мен халықаралық ынтымақтастық департамент директоры Серік Өмірбаев өзінің баяндамасында ҚР Білім және ғылым министрлігі қабылдаған бірқатар өзгерістерге баса назар аударды. Атап айтқанда, ЖОО оқу жоспарын өздері анықтауға, дипломдық жұмыс пен мемлекеттік емтихандар арасында таңдау жасауға мүмкіндік алады. «Осылайша, ЖОО қорытынды аттестация түрін өздері таңдайтын болады», - деді Серік Өмірбаев. Докторантураға да өзгерістер енді. Енді PhD дәрежесі жұмыс берушінің немесе басқа да инвестициялардың есебінен, яғни жеке бастамалармен де біліктілікті арттыруға болады. «Құрылымның теориялық жағы 20%-ға азайып, ғылыми-зерттеу жұмысы 85 кредитке дейін артады», - деп сарапшы ғылымға көбірек көңіл бөлінетінін айтты.
Қалыптасып жатқан кәсіби стандарттар жүйесі қызметкерлердің біліктілігін растау үшін кәсіби емтихан енгізеді. Бұл механизм тәуелсіз сертификаттау орталықтарының желісін қалыптастыру арқылы жүзеге асады. Белгілі орталықта берілген баға жұмысқа үміткерлердің кәсіби қабілетін дәлелдейтін құжат ретінде жүреді. Жаңашыл үдерісті реттеуге республикалық комиссия құру мәселесі де көтерілгендігін айта кету керек.
«Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Марат Исабеков «кәсіби карточкалардың» тиімділігі туралы баяндама жасады. «Кәсіби карточка» маман дайындайтын ЖОО мен соған маманданған сала қызметкерлері дайындаған кәсиби стандарттар жиынтығы. «Kazenergy» мұнай-газ және энергетика кешенінің адами капиталды дамыту департаменті директоры Ляззат Ахмурзина білім беру бағдарламаларының өзектілігін мұнай-газ секторы қажеттіліктеріне сай қолдау мен академиялық үрдісті нақты өндіріс ошағымен тығыз қарым-қатынас орнатуды ұсынды.
«Егер, бір мамандық бірнеше салада қатар пайдаланылатын болса, мәселен, бұрғылау және барлау жұмыстары, онда мамандықтардың санын жасанды түрде көбейтпеу үшін қызметтің бұл түрін бір ғана мамандыққа тиесілі деп есептеу керек. «Kazenergy» сарапшыларының мамандықты жіктеуге байланысты жүргізген анализ қорытындысы бойынша жұмысшылардың қызметі мен кәсібінің 45 жаңа түрі анықталды»,- дейді Ляззат Ахмурзина
Әуе операцияларының қауіпсіздігіне алаңдаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Виталий Сальников азаматтық авиация комитетімен бірлесіп авиациялық метеорологиялық стандарттарды аяқтау керектігін айтты.
Конференция қорытындысына негізделіп, білім беру бағдарламаларын жаңғырту, аккредитация және кадрлар дайындау сапасының кепілін қалыптастыру мен білім беру қызметінің сапасын арттыру үшін ҚазҰУ-ға келесідей міндеттер қойылды:
Кәсіби қауымдастықпен бірге білім беру бағдарламаларының сапасын келесі бағыттар бойынша анықтау: құзіреттілік, күтілетін нәтижелер, оқу курстарының мазмұны, оқыту әдістері, бағалау әдістері, білім алушылардың ғылыми қызметі, кадрлық құрам, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері;
Білім беру бағдарламаларын сертификаттау тетігін кәсіби қауымдастықтармен және бірлестіктермен бірігіп әзірлеу;
Білім беру бағдарламаларына сыртқы сараптауды ұйымдастыру;
Білім беру бағдарламаларын қалыптастыру мен бақылау барысында аккредиттеу агенттіктерінің ескертулерін есепке алу механизмін әзірлеу;
Факультеттің білім беру үдерісінде студентке бағытталған өкілдік талдау ұйымдастыру;
Тәжірибе алмасу мен біліктілікті арттыру мақсатында жетекші оқытушы-профессорлар құрамын шақыру арқылы университеттің оқытушы-профессорлық құрамына оқыту семинарларын өткізу;
Пәннің және мамандықтың ерекшеліктерін ескере отырып, оқу нәтижесінде күтілетін бағалау формасын жасауға әдістемелік нұсқаулық әзірлеу;
Кәсіпорын ассоциацияларымен және «Атамекен» ҚР ҰКП-мен бірлесіп, әр мамандыққа сай кәсіби стандарттарды дайындауға бастамашылық жасау.
Отырыс соңында қабылданған шешімдер білім мен ғылымның дамуында стратегиялық мақсатқа қол жеткізуге көмектесетін болады(көмекші құрал болады).
Өзекті мәселелерді талқылауға 500-ден аса оқытушы-профессорлық құрам, ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Ғылым Ордасы» мен ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері қатысты.
http://qamshy.kz/home/show/4591