«Ұлттық өнер- рухани мұра» атты дөңгелек үстел

«Ұлттық өнер- рухани мұра» атты Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың иегері, Сәуле Сыздыққызы Бапановамен ерекше дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Бұл басқосуда қазақтың дәстүрлі қолөнері, оның қазіргі қоғамдағы рөлі, ұлттық мәдениетімізді сақтап, дамыту жолдары жайлы тағылымды әңгіме өрбіді. Кездесу барысында Сәуле Сыздыққызы ұлттық өнердің маңыздылығы жайлы былай деді: «Қазақ халқының қолөнері – біздің өткеніміздің айнасы, рухани болмысымыздың көрінісі. Біз оны жоғалтпауымыз керек, керісінше, дамытып, келер ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз».
Сонымен қатар, жас ұрпаққа ұлттық өнерді дәріптеу, өнерге баулу мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Ұлттық киімдерді тек сахнада емес, күнделікті өмірде кию дәстүрін қалыптастыру туралы да ой бөлісті. Бүгінде көптеген дизайнерлер ұлттық нақыштағы киімдерді жаңаша үлгіде ұсынып жүр, бұл – мәдени мұрамыздың қайта жаңғыруының белгісі. Кездесу соңында қатысушылар ұлттық өнердің болашағы, оны насихаттау жолдары туралы пікір алмасып, Сәуле Сыздыққызының болашақ жобаларына сәттілік тіледі. Бұл әсерлі әңгіме қазақ мәдениетіне деген мақтаныш сезімін арттырып, ұлттық өнердің маңызын тағы бір мәрте айқындап берді.
Іс-шараны ұйымдастырушылар: PhD, аға оқытушы С.М.Каупенбаева, «Мәдениеттану» білім беру бағдарламасының 1 курс докторанты Қ.Ж.Тулакбаева
Басқа жаңалықтар

