Құдіретті поэзия және Қадыр ақын

Поэзияның табиғатына тән нәрсе – шынайылықты түсіндіруде ешқандай кедергіні елемеуі. Жасандылықты адам болмысы бірден қабылдауы да қиын. Сол табиғи шынайылыққа деген құмарлықты, тазалықты сіңіруде шығармашылық иелері қалыптасқан түсініктерден тыс көзқараспен әлемді жаңа қырынан суреттеуге бейім тұрады. Себебі поэзия – болмыстың маңызды негіздерінің бірі.
Әлі күнге дейін өзінің қызметін, яғни өмір мен тіршілік арасындағы, шындықтың алдағы өзгерісін сезу мен осы шындықты интуитивті болжаудағы бағытынан тайған емес. Тереңіне бойлайтын болсақ, поэзия – қоғамның эмоциялық жағдайының барометрі сияқты көрінеді. Поэзияны да басқа өнер сияқты барлық тіршіліктің пайда болғаннан жоғалғанға, яғни өлімге дейінгі және одан кейінгі жұмбақтары қызықтырады. Соның бәрінде де адамзаттың тіршіліктегі мәнін түсінуге жетелейді. Сондықтан адамзаттың дүниетанымы мен әлемді рухани игеру тәжірибесінде жалпы ой-арманы, тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрінде, мәдениетінде поэзия феномендік құбылыс болып табылады. Демек, поэзияның мәніне жетудің алғашқы әрекеті ретінде, оның бар нәрсені тіршілікке айналдыратын құдіреттілігін байқаймыз. Екіншіден, поэзияның мәні оның қабілеттілігінде болса керек. Үшіншіден, поэзия адамдарға өздерін біртұтас адамзат ретінде сезінуін қалыптастырды. Міне, құдіретті поэзияның талабынан табан тайдырмаған қадірлі ақын Қадыр Мырза Әлі шығармашылығы да өз тазалығы мен шынайылығын әлі күнге дейін жоғалтқан емес. Ақиқат пен тазалыққа, шындық пен шынайылыққа, тапқырлық пен шешендікке құрылған поэзияны өзге, тамаша өмірдің құбылысы ретінде таныған ақын.
О бастан-ақ тазалыққа
құмарттым,
Құмарттым да, жүрегіме
жүк арттым.
Кетірем деп жұққан кірді
жаныма,
Жүйкемді де,
Ғұмырды да жұқарттым!
Қарапайым өлеңнің сізді бірден тартып кетпейтін, бірақ санаңызда қалып қоятын сызы бар. Сезіммен емес, ақылмен ойылған ой мен мазмұн бар.
Ашу кернеп,
Арна-сайға сыймаймын.
Ақырында
Бәрін мұң ғып – көзіме,
Мысқыл қылып –
миығыма жинаймын!
– деген ақын болмысын түсінгендей боласың.
Өлеңдеріндегі көркемдік шындық – өмір мен өнердің шынайы үйлесімі, адам мен қоғам арасындағы байланыстардан тұрады. «Өмір шіркін алтын ине мен жібек жіп, қойған соған сабақтап» деген сияқты ұғымдарынан философия мен поэзияның бірлігін көреміз. Екеуі де таңданудан, күйзелістен басталып, бір арнада шындықты екі есеге арттырып, өзгертті десек те болады. Оқырмандарын өздеріне белгісіз болып келген ой-сезімдерін саналы түрде сезінуге итермелейді. Адамның уақытқа, заман ығына бейімделу әрекеттеріндегі жасандылықтарына жаны шыдамайды:
Алтынды алтын,
Мысыңды мысың деймін.
Итіңді ит,
Кісіңді кісің деймін,
– дей отырып, әлеуметтік өмірдің сәйкессіздіктері мен ұсқынсыз құбылыстарының жалпыланған бейнесінен таңырқап мән іздейді.
Ұлттық құндылықтармен терең сусындаған, айналып келгенде, халқының қаймағы бұзылмай, өзіне тән болмысын сақтап қалуын қалайды. Сондықтан да ақын халықтың ұлттық символына айналған бейне – Аяз бидің образын үлгі етеді. Аяздың даналығын, достыққа адалдығын, сертке беріктігін, қайырымдылығын, әділдігін ұлт болмысынан таниды. Сол құндылықтан айырылып қалмауын тілейді.
Сен, Аяз би,
жемісі даналықтың,
Ойлап тапқан өзіңді
Дала мықты.
Кемеңгерлік бейнесін
қайдан алмақ
Өзі сондай болмаса
со халықтың?!
Ол – қарапайым, парасатты, адал, шыншыл, көреген, тапқыр, кішіпейіл, ізетті, көпшіл, қайырымды, қанағатшыл. Аяз би бейнесі ақынның ішкі қалауы, өзінің тұлғалық бейнесін қалыптастырған десек те болады. Философиялық пайымдық тұрғыдан алып қарасақ, бұл үлкен мәселенің шешімі болып табыла алады. Жалпы, ақындық арна әрқашан да елге және адамзатқа, билікке, досқа, сүйіктіге, тағы да басқа өмірдің бар сұрағын тақырыпқа айналдырады. Шындығында да, поэзияға лайықты нәрсе жоқ емес, тіпті қалған болса, ол поэзияға лайық емес.
Қорыта келгенде айтарымыз, тіршіліктегі кез келген материяның психикалық табиғаты бар және адам деңгейінде сана ретінде көрінетін белгілі бір ішкі энергияға толы. Құдіретті поэзияның да феномендік мазмұнында адамдық қасиеттер жатқанын ұмытпайық.
Сәуле ЕРЖАНОВА,
филология ғылымының докторы,
профессор
Басқа жаңалықтар


