Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да  тұрақты даму мақсаттарының аясында “Дін және әдет-ғұрып үйлесімі” атты кездесу өттіFarabi University

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да  тұрақты даму мақсаттарының аясында “Дін және әдет-ғұрып үйлесімі” атты кездесу өтті

12 наурыз, 2025

 

2025 жылдың 12 наурызында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) Философия және саясаттану факультетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасында “Дін және әдет-ғұрып үйлесімі” тақырыбында арнайы кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара 3-курс “Дінтану” мамандығының студенттеріне арналып, қоғамдағы дін мен дәстүрдің өзара байланысын, олардың қазіргі заманғы рөлін талқылауды мақсат етті.

Аталмыш шараны з.ғ.к., профессор Бишманов К.М., ф.ғ.д., профессор Борбасова және 1-курс докторанты Калякбар Ұ. ұйымдастырды. Сонымен қатар, тарих саласында ғылыми қызмет етіп жүрген тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Қатранұлы арнайы эксперт ретінде шақырылып, өзінің көзқарасымен бөлісті.

Шара барысында Қазақстан қоғамындағы дін мен дәстүрдің өзара үйлесімділігі, олардың ұлттық мәдениеттегі маңызы және қазіргі заманғы діни танымдағы рөлі талқыланды. Спикерлер діннің тарихи қалыптасуындағы әдет-ғұрыптың маңызын, қазақ қоғамындағы дәстүрлі дүниетаным мен исламдық құндылықтардың тоғысуын атап өтті. Сондай-ақ, зайырлы мемлекет жағдайында діни сенім мен дәстүрлі құндылықтардың қалай сақталуы қажет екендігі жайлы пікір алмасу болды.

Тәрбие сағаты студенттердің белсенді қатысуымен өтті. Олардың көбі дін мен дәстүрдің қазіргі қоғамдағы үйлесімділігін мысалдар арқылы түсіндіріп, көкейіндегі сұрақтарын қойды. Әсіресе, ұлттық салт-дәстүрлердің кейбірінің діни нормалармен сәйкестігі немесе қайшылығы, жастардың діни ұстанымдары мен салт-дәстүрлерге деген көзқарастары сияқты мәселелер қызу талқыланды.

Бұл кездесу студенттердің дін мен дәстүр туралы түсініктерін кеңейтуге, олардың сыни ойлау қабілеттерін дамытуға және ғылыми көзқарастарын қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Іс-шара соңында қатысушыларға алғыс білдіріліп, болашақта осындай ғылыми-танымдық кездесулер жиі өткізіліп тұратыны айтылды.

Бұл шара студенттер мен ғалымдардың арасында дін мен дәстүр мәселесін талқылау алаңына айналып, олардың қоғамдағы орнын ғылыми тұрғыдан түсінуге мүмкіндік берді.