Халықаралық «Физхимик-2025» олимпиадасы магистрант көзіменFarabi University

Халықаралық «Физхимик-2025» олимпиадасы магистрант көзімен

13 наурыз, 2025

Педагогикалық практика аясында физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының «Химия» мамандығының 1-курс магистранты Сайлау Аружан Физхимик-2025 халықаралық олимпиадасын ұйымдастыру мен өткізуге белсенді қатысты. Олимпиада профессор Х.К. Оспановтың құрметіне арналды және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінде өтті. Шараға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Сайлау А. олимпиадаға дайындықтың барлық кезеңдеріне қатысты: ақпараттық материалдар (буклеттер, шақыру хаттары) әзірлеуне; аудиторияларды және техникалық жабдықтарды дайындау; тестілеу кезінде залдардағы тәртіпті қадағалау; тестілеу процесін қадағалап, академиялық адалдықтың сақталуын қамтамасыз ету (онлайн форматта – Zoom платформасы арқылы, офлайн форматта – аудиторияларда), көшіріп алудың кез келген әрекеттерінің алдын алу; Zoom арқылы материалдарды көрсетуге байланысты техникалық мәселелерге жедел әрекет етіп, іс-шараның үздіксіз өтуін қамтамасыз ету; олимпиаданың маңызды сәттерін видеоға түсіру; сертификаттар дайындау мен марапаттау рәсімін ұйымдастыруға қатысу. Бір қарағанда, бұл міндеттер маңызды емес болып көрінуі мүмкін. Алайда іс жүзінде олардың әрқайсысы жоғары жауапкершілікті, мұқияттылықты және қиын жағдайларда жедел әрекет ету қабілетін талап етті. Мысалы, техникалық ақаулар болған жағдайда, оқиғаның үздіксіздігін сақтау үшін шешімдерді жылдам табу керек болды. Тестілеу кезінде магистранттар академиялық адалдықты қамтамасыз етіп, кез келген алдау әрекеттеріне жол бермеді, бұл қатысушылардың білімін объективті бағалаудың негізгі аспектісі болып табылады.

Олимпиадаға қатысу Сайлау Аружанға мынадай аспектілерді үйретті: топта жұмыс істеп, міндеттерді тиімді бөлу; күтпеген жағдайларда, әсіресе Zoom арқылы материалдарды көрсету қажет болған кезде, жылдам шешім қабылдау; қатысушылар мен ұйымдастырушылармен тиімді коммуникация орнатуды және жұмысты сауатты үйлестіру; оқыту дағдыларын дамыту.

Сайлау Аружанның айтуынша, «Физика химик-2025» олимпиадасы студенттер қауымы үшін мұндай шаралардың қаншалықты маңызды екенін түсінуге мүмкіндік берді. Олимпиадалар тек қатысушылардың аналитикалық ойлауын және бәсекеге қабілеттілігін дамытуға ғана емес, сонымен бірге университеттер арасындағы халықаралық байланысты нығайтып, болашақ ғылыми ынтымақтастыққа мүмкіндік береді. Бұл тәжірибе біздің болашақ кәсіби қызметімізге, сондай-ақ ұйымдастырушылық және көшбасшылық дағдыларымызды дамытуға сөзсіз пайдалы болады. Мұндай іс-шараларға қатысу өз күшімізге сенімділік қалыптастырып, қиындықтарды жеңуге үйретеді және халықаралық деңгейдегі білім беру және ғылыми шаралардың қалай ұйымдастырылатынын түсінуге мүмкіндік береді.

Педагогикалық тәжірибе жетекшісі Ташмухамбетова Ж.Х.