Аида ҚАЛИЕВА:Халықаралық басылымға мақала жариялау отандық ғылымның беделін арттырадыFarabi University

Аида ҚАЛИЕВА:Халықаралық басылымға мақала жариялау отандық ғылымның беделін арттырады

3 желтоқсан, 2025

Аида Қалиева – география және табиғатты пайдалану факультетіне қарасты «Туризм және қонақжайлылық» білім беру бағдарламасының 2-курс докторанты. Бүгінгі таңда туризм және қонақжайлылық саласындағы тұрақты даму бағытында зерттеу жүргізіп жүрген белсенді, ізденімпаз жас. «Қонақүй индустриясындағы жасыл бастамалардың тұрақты даму мақсаттарына ықпалын бағалау» деген тақырыпта диссертациялық жұмыс жазып жүр. Жас ғалымның бұл зерттеу еңбегі қонақүй секторында экологиялық инновациялардың (мысалы: энергия үнемдеу, қалдықтарды азайту, су ресурстарын тиімді пайдалану) енгізілуінің әлеуметтік-экономикалық әсерін анықтауға арналған.

Аида Қалиеваның жетекшісі – география ғылымының кандидаты, доцент Әлия Ақтымбаева. Аида Қалиеваның айтуынша, Әлия Сағындыққызының ғылыми жетекшілігімен туризмдегі экологиялық менеджмент пен «жасыл» технологияларды бағалау әдістемесін тереңірек зерттеу үстінде. Оның үстіне докторанттың бірнеше мақаласы Scopus базасына кіретін халықаралық басылымдарда жарияланған. Осыған орай, «Qazaq universiteti» газеті жас ғалым Аида Қалиеваны әңгімеге тартып, бірнеше сауал қойған еді.

– Аида, халықаралық басылымдарға қандай мақалаларыңыз шықты? Scopus базасына кіретін басылымдардың талабы жоғары, мақала жазуға қалай дайындаласыз?

– Соңғы жылдары ғылыми мақалаларым халықаралық деңгейдегі бірнеше беделді басылымдарда жарық көрді. Атап айтқанда GeoJournal of Tourism and Geosites, Sustainability (Switzerland) және Revista Iberoamericana de Viticultura, Agroindustria y Ruralidad сияқты журналдарда жария­лан­­ған еңбектерім бар. Мы­са­лы, Sustainability (Switzerland) журналында жарық көрген «Balancing Nature and Visitors for Sustainable Development: Assessing the Tourism Carrying Capacities of Katon-Karagay National Park, Kazakhstan» (Таби­ғат пен келушілер тепе-теңдігі: Қазақстанның Катон­қа­рағай ұлттық паркінің ту­рис­тік сыйым­дылық деңгейін баға­лау) мақаласында ұлттық парктердің экологиялық жүк­теме деңгейін бағалау әдіс­те­месі қарастырылды.

Халықаралық журналдарға мақала жазу – күрделі әрі көп ізденуді, еңбекті қажет ететін процесс. Әр мақала бірнеше кезеңнен тұрады: теориялық не­гіздеме жасау, әдістемені нақ­тылау, деректерді жинақтап талдау, нәтижелерді салыс­тыру және соңында ағылшын тілінде ғылыми стильде жазу. Әрбір журналдың өз форматы, құрылымы мен этикалық та­лаптары бар, сондықтан жұ­мыс­ты бірнеше рет қайта қа­рап, түзетулер енгізу қажет болады.

Дегенмен бұл процестің өзі­н­дік үлкен пайдасы бар – ол зерт­теушінің ғылыми мә­де­ниетін арттырады, сыни ой­лауды дамытады және өз ең­бегін халықаралық аудитория ал­дында қорғауға мүмкіндік береді.

Халықаралық журналдарға ғылыми мақала жазып жа­рия­лау қиын, алайда ол ең ал­ды­мен сапаға ұмтылудың бел­гісі. Әр жарияланған еңбек тек же­ке жетістік емес, соны­мен бірге қазақстандық ғы­лым­ның әлем­дік ғылыми кеңістіктегі беделін арттыруға қосқан үлесі деп санаймын.

– Кейбір ғалымдар «халықаралық басылым­дар­ға мақала шығару талабын алып тастаған жөн» дейді. Осы мәселеге сіздің пікіріңіз қандай?

– Шынында да, бұл мәселе бүгінде өте өзекті. Менің ойым­ша, халықаралық басылым­дар­ға ғылыми зерттеу еңбегін жариялау талабын алып тастау дұрыс емес, керісінше, оның сапалық өлшемін жетілдіру қажет. Себебі халықаралық деңгейдегі жарияланымдар – ғалымның кәсіби дамуы мен ел ғылымының халықаралық аре­на­дағы көрінісі.

Әрине, Scopus немесе Web of Science журналдарына ма­қа­ла шығару оңай емес. Бірақ бұл талап зерттеушіні жүйелі ойлауға, салыстырмалы тал­дау­ға, дәлдік пен ғылыми мә­дениетке үйретеді. Бұл – ғы­лым­дағы тәртіп пен сапаның кепілі.

– Аида, өзіңіз ғылым жолын таңдайсыз ба, әлде басқа салаға ауысу ойда бар ма?

– Әрине, ғылым жолы же­ңіл жол емес, таңдап алған та­қы­ры­быңды зерттеуге адам­ның көп уақыты да, күші де кетеді. Алайда ғылым адамға рухани қанағаттанушылық береді, өз ісіңе сенімділік тудырады әрі ең бастысы – елдің дамуына шынайы үлес қосу мүм­кін­дігіне жол ашады. Сондықтан менің мақсатым – ғылым са­ласында қалып, туризм мен қ­онақ­жай­лылық индус­трия­сы­ның бола­ша­ғына қызмет ету және Қ­а­зақстан ғы­лы­мы­ның ха­лық­аралық беделін арт­тыруға үлес қосу.

– Сіздіңше, бүгінгі жас­тар ғылыммен айна­лы­сып, жақсы өмір сүре ала ма?

– Иә, ғылымның даңғыл жо­лы­на түсіп жақсы өмір сүруге болады. Мен мұны сенімді түрде айтып отырмын. Оған ешқандай шүбә болмасын. Қазіргі жастар ғылыммен айналысу арқылы да жақсы өмір сүре алады. Бүгінгі ғылым тек теориямен шектелмейді, ин­новациялық жобалар, стар­таптар, халықаралық зерттеу гранттары, академиялық мо­биль­­дік бағдарламалар – мұ­ның бәрі ғылымды практикалық салаға айналдырып отыр. Бас­тысы – табандылық пен кәсіби қы­зығушылық. Адам бойында осы екі қасиет болса, ғылымда үлкен жетістікке жетуге бо­ла­ды. Жас ғалымдар жаңа тех­но­логияны еркін меңгереді, тіл біледі, әлемдік деңгейдегі плат­­формалармен жұмыс істей алады. Демек, олар өз зерт­теу­лерін коммерция­лан­ды­руға, қоғам сұранысына бейімдеу мүмкіндігіне ие.

– Әңгімеңізге рақмет. 

Сұхбаттасқан

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ