Арнайы су пайдалану бойынша мастер-класс: теориядан практикаға дейін «Таза су және санитария» тұрақты даму мақсаты аясындаFarabi University

Арнайы су пайдалану бойынша мастер-класс: теориядан практикаға дейін «Таза су және санитария» тұрақты даму мақсаты аясында

5 сәуір, 2025

2025 жылғы 4 сәуірде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен студенттер мен жас ғалымдардың «ФАРАБИ ӘЛEMI» Халықаралық ғылыми конференциясы аясында және БҰҰ-ның 6-мақсаты – «Таза су және санитария» шеңберінде «Қазақстандағы су экожүйесі ресурстарын арнайы пайдалану: теориядан практикаға дейін» тақырыбында мастер-класс өткізілді.

Мастер-класс спикері – «КазЭкоаналитика» ЖШС-нің қоршаған ортаны қорғау саласындағы жобалау және нормалау жөніндегі маманы Бижанова Г.З. болды. Іс-шараны ұйымдастыруға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы т.ғ.к., аға оқытушы Курбанова Л.С., б.ғ.к., профессор м.а. Мұқанова Г.А., т.ғ.к., аға оқытушы Тусупова Б.Х. және оқытушы Сарсенбаева. Г.Б. жетекшілік етті.

Мастер-класс Қазақстанда арнайы су пайдалану рұқсатын алу процесі туралы қатысушылардың хабардарлығын арттыруға бағытталды. Іс-шара барысында құқықтық, экологиялық және техникалық талаптар жан-жақты түсіндіріліп, қажетті құжаттарды дұрыс рәсімдеу бойынша ұсыныстар берілді.

«Экология» мамандығының тыңдаушыларына су пайдалану саласындағы негізгі ұғымдар мен білімдер ұсынылды: су пайдалану құқықтарының түрлері, су пайдаланушылар санаттары және арнайы рұқсат алу қажет болатын жағдайлар.

Мастер-класс барысында рұқсат алу кезеңдері, өтінім беру тәртібі, қажетті құжаттар тізімі және олардың қаралу мерзімдері егжей-тегжейлі қарастырылды. Сонымен қатар қатысушылар рұқсат алу үшін өтінімді дұрыс толтыруды, су тұтыну және су бұру есебін жүргізуді үйренді, сондай-ақ арнайы су пайдалану құқықтарын қайта рәсімдеу, тоқтата тұру және тоқтату рәсімдерімен танысты.

Мастер-класс экология саласының болашақ мамандарын даярлауға үлкен үлес қосты. Тыңдаушылар су ресурстарын пайдалану мен есепке алуды дұрыс рәсімдеу дағдыларын меңгеріп, кәсіби құзыреттілігін арттырды. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаны қорғауға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға елеулі үлес қосады.