Дәстүрлі «Зейнолла Сәнік оқулары» байқауы өтті    Farabi University

Дәстүрлі «Зейнолла Сәнік оқулары» байқауы өтті    

15 сәуір, 2025

       15  сәуір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен жазушы, баспагер, редактор, этнограф Зейнолла Сәніктің туғанына 90 жыл толуына орай дәстүрлі «Зейнолла Сәнік оқулары» аясында студенттер мен магистранттар арасында республикалық байқау өтті. 

       Жиынға Зейнолла Сәніктің жары, ақын Шәмшәбану Қамзақызы, белгілі жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов, ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы Бауыржан Жақып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, журналист Ұлықбек Есдәулет, ақын, журналист, баспагер Темірғали Көпбаев, филология ғылымының докторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қансейіт Әбдезұлы, «Зейнолла Сәнік» атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры Серік Қалиев сынды белгілі тұлғалар қатысты.

      Студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми ізденісін арттырып, шығармашылық ойы мен жаңа идеяларын жүзеге асыруға бағытталған байқауда жазушы, баспагер, редактор, этнограф Зейнолла Сәніктің әдебиетке, баспа ісін дамытуға қосқан ерекше үлесі өскелең ұрпаққа жан-жақты таныстырылды. 

      Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайұлы мен Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі Айгүл Рамазанның ұйымдастыруымен өткен жиында «Үздік ғылыми жұмыс», «Үздік баспасөз материалы», «Үздік деректі фильм», «Дизайн өнерінің үздік туындысы» аталымдары бойынша үздік деп танылған жұмыс авторларына «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» демеушілігімен бір мәрте берілетін шәкіртақы сертификаты мен Зейнолла Сәнік отбасының атынан Алғыс хат табысталды. 

       «Үздік ғылыми жұмыс» аталымы бойынша І орынды 3-курс студенті Дана Садырқан, ІІ орынды 3-курс студенті Ақбота Ахметбек пен 2-курс студенті Нұрзия Абахан, ІІІ орынды 3-курс студенттері Елназ Керімтай, Азиза Рахман, Малика Салиева және Мадина Мәді иеленді. 

       «Үздік баспасөз материалы» аталымы бойынша ІІ орынды 2-курс студенті Асыл Байтұрған мен 3-курс студенті Ислам Әден, ІІІ орынды 2-курс студенті Аяжан Токтасынова, 3-курс студенті Арайлым Қаналықызы және 4-курс студенті Алтынай Сейткен қанжығалады. 

       «Үздік деректі фильм» аталымы бойынша І орынды Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 2-курс студенттері Сәнім Марат, Ерасыл Закаров, ІІ орынды 1-курс студенті Сырғалым Бекмуханова мен 3-курс студенті Әйгерім Есімхан, ІІІ орынды 3-курс студенті Равиль Касымов пен 1-курс магистранты Бахжанар Толқынбекқызы иеленді. 

      «Дизайн өнерінің үздік туындысы» аталымы бойынша І орынды 4-курс студенті Адель Мухамадиева, ІІ орынды 2-курс магистранты Дидар Толқынбек, ІІІ орынды 2-курс магистранты Гүлжан Ауғанбаева, 4-курс студенті Айдар Асыл және 1-курс студенті Жолдас Дәулет жеңіп алды. 

       Зейнолла Сәнік қазіргі қазақ әдебиетін Қабанбай, Тұғырыл хан, Демежан батыр, Басбай батыр, Қайрақбай күйші, Сүлеймен би сияқты тарихи тұлғалармен толықтырған қаламгер. 2017 жылы тұсаукесері өткен 15 томдық шығармалар жинағының 1-томына «Сергелдең» тарихи романы, 2-томына «Басбай» тарихи романы, 3-томына Басбай батыр туралы әңгіме-жырлар, 4-томына «Қаракерей Қабанбай», «Хан батыр Қабанбай» тарихи эсселері, 5-томына «Сүлеймен би», 6-томына «Тұғырыл хан», «Қайрақбай», «Демежан» тарихи эсселері, 9-томына шағын әңгімелері мен хикаяттары, 10-томында «Із» атты биографиялық хикаяты топтастырылған. Байқағанымыздай, жазушының бірнеше шығармалары – тарихи эсселер.

      Зейнолла Сәнікті тек жазушы деп тану дұрыс емес, өйткені ол қазақ мәдениетін тарихпен ұштастырған зерттеуші әрі баспа саласында да едәуір қызметтер атқарған редактор.

      Көрнекті жазушы, зерттеуші-ғалым, баспагер, этнограф Зейнолла Сәніктің әр туындысының астарында қазақ халқына деген сүйіспеншілік, ұлтқа адалдық, қандастық, туыстық мәселесі көмкерілген. Сондықтан Зейнолла Сәніктің көркем шығармаларын, ғылыми-зерттеу еңбектерін, әдеби мұраны жинап, бастырудағы мақсаттары, шығармаларының тілі, жеке тұлғаларды зерттеудегі әдіснамалары және туындыларының қазақ әдебиетіндегі алар орнын жан-жақты қарастыру – жас ғалымдардың міндеті.

Дана САДЫРҚАН, 

журналистика факультетінің 3-курс студенті