
Еліміздегі маңдайалды оқу орындарының бірі – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ туралы сөз болғанда, тұңғыштар қатарынан ойып орын алған математика факультеті есте тұратыны белгілі. Бұл ұжымның толағай тарихы мен ел игілігіне қосқан қомақты үлестері туралы әлі де талай туындылар жарық көретіні күмән тудырмаса керек. Белгілі бір кезеңде айтуға тұрарлық ісімен ел есінде қалған ұрпақ өкілдері жадымызда жаңғырып тұратыны осыған айғақ.
Сол ұрпақтардың бірі білгенімен бөлісуге келгенде таяқ ұстап барғанға тай мінгізіп жіберетіндей жомарт, елімізде ғылым мен білімнің өркендеуіне өзіндік із қалдырып кеткен Шалтай Смағұловтың курстастары. Домбыраның қос ішегіндей, тағдырлары қатар өрілген Шалтай мен Нарғозы Тұрсынбайұлы өз курстастарын тиын байлығынан гөрі білім байлығына жұмылдырғанының арқасында сол курстан ғылыми дәреже мен атақтан мақұрым қалғаны кемде-кем. Осындай әлеуетті ұрпақпен тізе қосып, қоян-қолтық араласқан, «Бұлақ көрсең көзін аш» деген тамаша тәмсілді тұла бойына ұялатқан Оңдасын Өтегенұлымен әріптес болғанымызды мәртебе тұтамыз.
Кезінде тағдыр тауқыметімен елімізге қоныс аударған көрнекті ғалымдардың басын қосып, Қаныш Сәтбаевтай асылдың «түйе баққан» Қазақ елінде шаңырағын көтерген Ғылым академиясының қаз баса бастаған, 1950 жылдың наурыз айының 2-жұлдызында Ақтөбе облысы Жұрын ауданының №2 кеңшарында (қазіргі Мұғалжар ауданы) дүние есігін ашқан Оңдасын ағамыз жеті жасында сол ауылдағы жетіжылдық мектептің табалдырығын аттаған екен. Ғұмырын құрылыс саласына арнаған, білдей бір кеңшардың негізін қалаған әке мен үй ішінің қамқоры – анасының тәліміне қаныққан жеткіншек 1961 жылы Ақтөбе қаласындағы мектеп-интернатқа қабылданып, оны 1967 жылы күміс медальмен тамамдаған соң, Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түседі. Қабілеті қарымды жас Асан Таймановтай танымал тұлға басқарған Жоғары алгебра және математикалық логика кафедрасында шыңдалып, 1972 жылы университетті табысты бітіріп, еңбек жолын бастайды.
Математиканың қырын-сырын меңгере түсуге құштар жас маманның ғылым жолына бет бұруы 1978 жылы ҚР Ғылым академиясының Математика және механика институтынан «Жаңа Сібір» ғылыми орталығына, НГУ университетінің аспирантурасына қабылдануынан басталады. Жаңа ортада математика майталмандарынан дәріс алған Оңдасын Өтегенұлы КСРО ҒА академигі, Социалистік Еңбек Ері Николай Яненконың жетекшілігімен 1981 жылы аспирантураны бітіріп, ғылым кандидаттығына диссертацияны аяқтап, НГУ-дың ғылыми кеңесіне тапсырған үміткер 1983 жылы «Классикалық емес кейбір теңдеулер үшін қойылған шеттік есептердің қисындылығы» тақырыбында НГУ-де табысты қорғап шығады да, Қазақстанға оралып, механика-математика факультетінің академик М.Өтелбаев басқаратын Қолданбалы математика кафедрасына ұстаздық жұмысқа кіріседі. Осы мерзімде математикалық талдау, комплекс айнымалы функциялар теориясы, жалпылама функциялар және олардың қолданулары, Соболев кеңістігінің теориясы, Эллипстік теңдеулер, Навье-Стокс теңдеулер теориясы, математикалық физика есептері үшін компактілік және монотондық әдістері, математикалық физиканың шеттік есептерін шешудің функционалдық әдістері пәндерінен дәрістер оқып, іс-тәжірибелік сабақтар жүргізді.
Қашанда мансап пен атақты қанағат тұтатын Оңдасын аға жас мамандарды даярлау жолында жалықпай, ізбасар тәрбиелеудің үлгісін көрсетіп келеді.
Екі мыңыншы жылдардан бастап ғылыми жобаларды ұтып, талантты студенттердің басын біріктіріп, математикалық физика теңдеулерінен семинарлар ұйымдастырды, ф.-м.ғ. докторы, профессор Ш.Сахаевты шақырып, Ленинград университетінің білікті мамандарының бағдарламасымен де таныстыруды қолға алды. Осындай қажырлы еңбектің нәтижесінде С.Айтжанов, Х.Хомпыш, А.Абиев, Д.Ахмед-Заки, Қ.Шамшиденов сияқты жас ғалымдар белсенді математиктерге айналды. Сонымен қатар сызықтық емес теңдеулер үшін кері есептерді шығарудың Навье-Стокс теңдеуі үшін кері есеп, Навье-Стокс теңдеуіне типтес жылу конвекциясы теңдеуі үшін кері есептер бағыты қалыптаса бастады.
Оңдасын Өтегенұлының жетекшілігімен А.Тәңірбергенов, С.Айтжанов және Х.Хомпыш кандидаттық диссертация қорғап, қомақты ғылыми нәтижелерге қол жеткізіп, қазір Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде еңбек етуде. Шәкірттері С.Айтжанов пен Х.Хомпыш оқытушылық қызметінде жеткен жетістіктері мен ғылыми табыстары үшін «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантын жеңіп алуы және қауымдастырылған профессор атағын иеленуі ұстаз еңбегінің мерейін асырғаны деп білеміз.
Ұлағатты ұстаздың Алматы қалалық орта мектептерінің ынталы оқушыларын ғылымға баулып, жетекшілік жасап, дайындаған оқушылары республикалық және халықаралық ғылыми зерттеу жобаларына қатысып, жүлделі орындар алып, диплом және медальдармен марапатталуына мұрындық болғаны жас ұрпақтың білімге ұмтылысын арттыра түсетіні сөзсіз.
Ізгілікті ісімен ілтипатқа бөленген тәлімгер қазіргі кезеңде Новосібір мемлекеттік университетіндегі кері есептердің жетекші маманы, профессор А.Қожанов, Ресей ғылым академиясының Сібір филиалының профессоры Г.Демиденко сияқты шетелдік ғалымдармен бірлесіп ғылыми зерттеулер жүргізуде. Сонымен қатар 1994 жылдан бері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы ММ ҒЗИ ғылыми жобалардың жауапты орындаушысы және жоба жетекшісі ретінде бас ғылыми қызметкер қызметін де атқарып келеді.
Оңдасын Өтегенұлының бірнеше ғылыми жобаның жауапты орындаушысы ретінде тақырыбы терең мәселелердің математикалық шешімдерін алуда қосқан үлесі де зор. Отандық және шетелдік ғылыми журналдарда 70-тен астам мақаласы жарық көрді. Жетпістің бесеуіне толып отырған ағамыздың қаламының қарымы қайтпай, жас ұрпақты ғылымға баулу жолында шеберлік шыңынан көріне беруіне тілектеспіз.
Төлеухан ШОЙБАСҰЛЫ,
Серік АЙТЖАНОВ,
Математика кафедрасының доценттері
Басқа жаңалықтар


