ҚазҰУ-да жасанды интеллект саласының дамуы талқыланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі «Digital Farabi – 2025» халықаралық форумы өтті. Биылғы форум «Қазақстан экономикасының дамуындағы жасанды интеллект және жоғары өнімді технологиялар» тақырыбына арналды.
Ауқымды іс-шарада ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, NVIDIA корпорациясының корпоративтік бизнесті дамыту жөніндегі аға менеджері Антон Джораев, ASUS компаниясының тренинг менеджері Алмат Әбілхан, ІТ саласындағы білікті мамандар, ірі компаниялардың және холдингтердің өкілдері, инвесторлар, жас зерттеушілер, оқытушылар мен ғалымдар бас қосты.
Басты міндет – жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізу және инновациялық жобаларды коммерцияландыру бойынша идеялар мен озық тәжірибе алмасу.
Өз сөзінде ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Бүгінде әлемдік аренада жасанды интеллект саласы қарқынды дамып келе жатыр. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған саланы дамыту бойынша алдымызға үлкен міндет қойып, тапсырма жүктеді. Біз бұл әлемде болып жатқан өзгерістерден және жаңашылдықтан қалып қоймауымыз қажет. Ғылымға, білімге және технологияда пайдаланып, оның дұрыс және қажетті қасиеттерін алуымыз міндет», – деп атап өтті.
ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев жасанды интеллект саласы бойынша университетте атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Қазақстан цифрлық трансформация қарсаңында тұр. ҚазҰУ жетекші ғылыми-білім беру орталығы ретінде бұл процеске белсенді қатысып келеді. Біз білікті және кәсіби мамандарды даярлап қана қоймай, инновациялық жобаларды дамытудамыз. Жасанды интеллект – тек технология емес, бұл жаңа мүмкіндіктердің кілті. Біздің міндетіміз – тек осы технологияларды енгізу ғана емес, сонымен қатар олардың тұрақты дамуы үшін жағдай жасау. ҚазҰУ қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру мәселесіне басымдық береді. Осы тұрғыда оқу ордасының ғалымдары қазақ тіліндегі жасанды интеллектіні жетілдіруге белсенді қатысуда. Біз ақпараттық жүйелердегі мемлекеттік тілдің үлесін арттыруға тиіспіз», – деді ректор.
Сондай-ақ халықаралық форум барысында Антон Джораев, Алмат Әбілхан, Хайдар Бұлқайыр, Рамазан Аранғазы, Әсет Ордабаев сөз сөйлеп, жасанды интеллект секторын дамыту бойынша өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Форум аясында Алматыдағы университет студенттерінің және мектеп оқушыларының стартап жобаларына арналған көрме ұйымдастырылды. Мұнда жасанды интеллект арқылы іске асырылған ғылыми әзірлемелер қойылған.
Сондай-ақ білім алушы жастар арасында «FIFA PS» жарысы өтті. Шара соңында үздік стартаптардың авторлары мен «FIFA PS» жеңімпаздарына диплом және бағалы сыйлықтар табысталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

