ЖИ мүмкіндіктері мен шектеулері сараландыFarabi University

ЖИ мүмкіндіктері мен шектеулері сараланды

28 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің құрылғанына 40 жыл толуына орай «Цифрландыру дәуіріндегі гуманитарлық ғылымдар: жасанды интеллект мүмкіндіктері мен шектеулері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиынның мақсаты – цифрландыру дәуірінде гуманитарлық ғылымдардың дамуын талдау, жасанды интеллект технологияларының жаңа мүмкіндіктері мен шектеулерін саралауға бағытталған.

Іс-шараға Қазақстан, Польша, Украина, Франция, АҚШ, Түркия, Жапония және басқа да Азия елдерінен танымал ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері және білім алушы жастар қатысты.

ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Марғұлан Ибраимов факультет ұжымын мерейтойымен құттықтап «Бүгінгі таңда цифрлық технологиялар қоғам өмірінің барлық саласына терең еніп, оның даму бағытын айқындап отыр. Әсіресе гуманитарлық ғылымдар саласы цифрландыру дәуірінің жаңа мүмкіндіктері мен сын-тегеуріндеріне бетпе-бет келуде. Осы тұрғыда университетімізде былтырдан бастап пайдаланылған платформаларды көрсете отырып, диссертациялық жұмыс пен ғылыми мақалаларға жасанды интеллекетті қолдануға рұқсат берілді. Университетіміз бұл туралы арнайы ереже де әзірледі», - деп атап өтті.

 «Бүгінгі ғылыми іс-шара - тек мерейтойға арналған салтанатты жиын ғана емес, сонымен қатар цифрлық трансформация жағдайында білім мен ғылымның даму болашағын бірлесіп ойластыратын маңызды алаң», - деді өз кезегінде сөз алған Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің деканы Спатай Сартаев.

Сондай-ақ жиын барысында ғалымдар цифрлық трансформацияның гуманитарлық ғылымдағы орны, жасанды интеллектінің (ЖИ)  ұсынатын жаңа мүмкіндіктері мен оның шектеулері жайында өзара пікір алмасты. Конференцияда  ЖИ-дің шектеулерінен бөлек оның қауіптері де назардан тыс қалмады. Ғалымдар гуманитарлық зерттеулердің терең мазмұны мен контекстін түсінуде машиналық алгоритмдердің шектеулігін атап өтті. Жасанды интеллект адамның интуициясы мен мәдени, тарихи контекстерді түсіну қабілетін толық алмастыра алмайтыны туралы да пікірлер айтылды.

Шара соңында қатысушылар гуманитарлық ғылымдар мен жасанды интеллекттің бір-бірін толықтыратын бағытта дамуы қажет деген тұжырымға келді. Болашақта цифрлық гуманитаристика саласының жаңа әдістері мен жобалары осы өзара әрекеттестік негізінде құрылатыны атап өтілді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі