
Таққа Ал-Малик-аз-Захир Рукн ад-дунийа ва-д-дин Бейбарыс ал-Бундук-дари ас-Салих атағымен отырған Бейбарыс патшалығы уақытында Мысыр мен сол тарихи кезеңде Қазақстан аумағы тұтас бір бөлігін құраған Алтын Орданың жақындасуы басталды.
Хулагуидтер мен Жошы династияларының (әулетінің) арасындағы қақтығыстардың себептері туралы мәселе тарих ғылымында жиі көтеріліп жүргені белгілі. Мамлюктік күшті шекаралас көршісі Хулагуидтер мемлекетінің болуы Мысыр билігіне қатер төндірген болар еді. Сондықтан олардың бар күш-жігері екі моңғол мемлекеті арасындағы шиеленіс пен жауласуды ушықтыруға бағытталған болатын. В.В.Бартольд Хулагуидтер мен Жошы ұрпақтары арасындағы соғыстардың мынадай себептерін атап көрсетті: «Жошылықтардың Арран мен Әзірбайжанға көз алартуы; Хулагу мен қатынастардағы Беркенің өзімшіл, менмендігі, Жошы ханзадаларының Ирандағы өлімі (улады деген ой болды); мұсылман Беркенің ислам дініндегілердің қорғанышы екенін жариялауы. Зерттеуші Салих Закировтың пікірінше, туыстарын өлтіру, «исламды қорғау», табысты бөлу кезіндегі дау-дамай осыншама ұзаққа созылған жауласудың тек қана жанама себептері болғанын айтады. Ал жауласудың негізгі себебі, тарихшының айтуы бойынша, Әзірбайжан және Грузия аумақтары еді. Себебі Шыңғыс ханның өсиеті бойынша Алтын Орда хандары оларды өз ұлыстарының бір бөлігі деп санады.
Әзірбайжан мен Грузияның жағрафиялық жағдайы, табиғи байлықтары және климатының ерекшеліктері Жошы ұрпағының да, Хулагуидтердің де қызығушылығын туғызды. Мемлекеттер арасындағы соғыс Беркенің Хулагуға дипломатиялық жолмен әсер ету әрекетінен басталды. Тарихи әдебиетті сараптау нәтижесі көрсеткендей, Алтын Орда мен Мысырдың жақындасуы және одақтасуының негізгі себебі Жошы ұрпағының да, Хулагуидтер арасындағы шиеленіс болған. Алтын Орда мен Мысыр жақындасуының тағы бір маңызды факторы ретінде Хулагуидтердің Сирияға басқыншылығын атауға болады.
Заманауи зерттеушілер Алтын Орда мен мамлюктік Мысыр арасындағы тығыз дипломатиялық және әскери қатынастардың тағы бір себебі ретінде Мысырдың билеушісі Бейбарыстың түркілік тегін алға тартады. «Сұлтан Байбарыс туған жұрты Алтын Ордамен тікелей дипломатиялық байланыс орнатуға ерекше маңыз берді. Оның себебі, араб тарихшылары көрсеткендей, тек Хулагу иеліктеріне қарсы әскери одақ құру ғана емес, туған жерімен байланыс орнату, өз ұлтының ұлдары мен қыздарының Мысыр жеріне келуін қамтамасыз ету болады. Осы мақсаттарды орындау үшін Байбарыс Алтын Орда хандарымен, елшіліктермен алмасады». Ал қазіргі ғалымдардың басқа тобы мемлекеттердің жақындасу себептерін Алтын Орда мен Мысыр және көптеген басқа мемлекеттер арасындағы қатынастар билеуші династиялардың Алтын Ордадағы «қыпшақтар көпшілігімен» туысқандық белгілері арқылы түсіндіруге бейім. «Шынында да, аль-Омари атап көрсеткендей, мамлюк сұлтандары өздерінің туыстарына іш тартады және олардың Мысырға көптеп қоныстанып, жан-жағынан қорған болуын қалайды» деген де әңгіме әскерді жасақтаудағы мүдделілік туралы болып отыр. Ал Алтын Ордамен ынтымақтастық мәселесі одан да зор себептермен түсіндірілуі тиіс деп санайды. Оның пайымдауынша, моңғол Хулагумен соғысқа бекінген мысырлық қыпшақтар көп ұзамай моңғол Берке сияқты тұлғаның өздеріне одақтас болып шыққанына көздері жетті. Хулагумен шиеленіс соғыс фазасына өткен кезде мұсылман Мысыр Беркенің табиғи одақтасы болып шыға келді. Бұл одақта, тарихшының пайымдауынша, Мысыр сұлтандарының туыстығы мен тегі ең соңғы рөлді атқарған болатын. Ал бірінші орынға «менің жауымның жауы – маған дос» принципі және Берке ханның діндарлығы шыққан еді.
1260 ж. Бейбарыс салтанатты түрде Каирға кірді және дәл осы уақыттан бастап екі мемлекеттің – мамлюктік Мысыр және Алтын Орданың жақындасу уақытын бастай беруге болады. Өз билігінің бірінші жылы-ақ Бейбарыс Берке ханға хат жолдап былай деп жазады: «Хулагу әйелінің мүддесін күйттеп, ол христиан дініне табынушы, крест дінін ұстанады, сөйтіп, сенің дініңнен өз әйелінің дінін жоғары қойды...» Осы тарихи кезеңнің деректері Мысыр және Алтын Орданың жақындасуының идеологиялық астары бар екенінің бұлтартпас куәсі бола алады.
Мемлекеттер арасындағы соғыс тұтануының тағы бір салмақты себебі «кәпірлерге қарсы қасиетті соғыс» деп аталатын қозғалыс болды. Айта кету керек, сол уақыттарда діннің рөлі өте күшті болатын және ол қандай болсын соғыс әрекеттерінің идеологиялық негізі қызметін атқарған еді.
Еуропалық автор Хаммер-Пургштальдың пікірі бойынша, ислам идеологиясының әсері Алтын Орда мен Иранның қақтығысына алып келді. Себебі Хулагу Беркенің мұсылман әлеміндегі беделіне қызғаныш сезіммен қараған еді. «Беркенің Сирия және Мысырдың ішкі істеріне араласуы, ол аумақтар Хубилайдың (ұлы қаған) Хулагуге арнаған жерлер болатын, Иран және қыпшақ билеушілерінің арасындағы соғыстың басталуына өз әсерін тигізбей қойған жоқ», – деп жазды Хаммер-Пургшталь.
Қазақ зерттеушілері Берке ханның ислам дінін қабылдауын былайша сипаттайды: «Берке хан Алтын Орда мемлекетінің тағына отырғаннан кейін ислам дінін жалпы мемлекеттік идеологияға айналдыруға күш салуы Алтын Орда мемлекетін біріктіретін басты фактор ретінде пайдаланбақ болған әрекеті деп түсінген дұрыс». Осындай жағдайда Берке хан Алтын Орда тағына отырысымен ұлыстарды билеуші Жошы ұрпақтарының билігін шектеп, оларды тікелей бір орталыққа бағындыру мәселесін қолға алады. Әр ұлыста ондық, жүздік, мыңдық, онмыңдық тұрақты әскери-саяси ұйымдар құрылды. Олар мемлекеттің ішкі бірлігін нығайтуға тиіс болды деп қорытындылайды.
Берке хан тұсында ислам дінінің саяси ықпалының өсуіне қазақ ғалымы Қ.Зардыхан назар аударады: «Берке 1257-1266 жж. аралығында Жошы ұлысында тоғыз жыл билік құрды. 1) Мұсылман елдерімен жан-жақты қарым-қатынас жасау арқылы Қыпшақ даласына мұсылман діні дендеп кіруіне мұрындық болды. 2) Алғаш рет салық реформасын жүргізді. 3) Ел астанасын Еділді бойлай көшу арқылы Еуразия мәдениетінің ара жібін жалғады, шығыс пен батысты араластыруға мүмкіндік тудырды». Берке хан және оның ізбасарлары мамлюк сұлтандарының Алтын Ордамен достық қатынастарға мүдделілігін түсінді және дұрыс бағалай білді. Оның Бейбарыс сұлтанға жолдауы, мүмкін, осы жағдайлармен түсіндірілетін шығар. 1263 жылы Берке хан елшілері теңіз арқылы Александрияға келіп жетеді. Сұлтан елшілерді қамалда қабыл алады. «Берке ханның хаты сол жерде оқылады. Мазмұны – сәлем мен ризашылық білдіру. Хулагуге қарсы көмек сұрайды. «Мен және менің төрт бауырым ислам шырағын орнату үшін, тура жолды бұрын болған қалпына келтіру үшін, имамдар мен үмбеттің кегін алу үшін онымен барлық бағыттарда соғыстық», – дейді. Сонымен қатар Хулагудың жолын бөгеу үшін Байбарыстан Евфрат маңына әскер жіберуді сұрайды.
Мысыр мен Алтын Орданың жақындасуының алғашқы кезеңінде бұған мейлінше мүдделі жақ Мысыр болған сияқты. Мамлюк сұлтандары Алтын Орданың көмегімен өздерінің Азиядағы иеліктерін кеңейте түсуге тырысты. Хулагуидтер мемлекетінің одан әрі күшеюі Мысыр үшін қатерлі еді, себебі Иран өз аумағын ең бірінші кезекте Сирия және Мысыр есебінен кеңейтуді ойластырды. Мамлюк сұлтандарының Алтын Орда мен Хулагуидтер билеушілері тұрақты түрде жауласу жағдайында болғанын қалап, соған ұмтылғандары туралы және мұның өзі Иранды сириялық майданнан аластау үшін жасалғаны жөнінде ортағасырлық тарихшылар ал-Макризи мен ибн-Халдун хабарлайды.
Тарих ғылымында аталған екі мемлекеттің жақындасу себептері мәселесі едәуір зерттелген, дегенмен осы уақытқа дейін бірқатар даулы, шешімін күтіп тұрған мәселелер бар. Оған Алтын Орда және мамлюктік Мысыр жақындасуының діни, династиялық себептерін атауға болады.
Зере МАЙДАНАЛИ,
Қазақстан тарихы кафедрасының
доценті, т.ғ.к.
Басқа жаңалықтар


