«Жүректегі естелік, жанымыздағы Жеңіс»

Міне, Ұлы Отан соғысының оқиғалары тарих қойнауына тереңдей түсуде. Бірақ оның жаңғырығы әлі күнге дейін адам жадынан өшкен жоқ, себебі уақыттың өз жадында – тарихта сақталады. 2025 жылы өркениетті әлем Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуын атап өтуде.
Бұл бүкіл адамзат қауымдастығы үшін ең маңызды күн – Жеңіс күні. Бұл күн Ұлы Отан соғысында жеткен Жеңіс ретінде тарихқа енді. Бұл – көптеген елдер мен отбасыларға тыныштық сыйлаған күн. Бұл – адамзат төрт жыл бойы аңсап жеткен күн. Осы соғыста барлық ұлт өкілдері иық тіресе шайқасты. Олар өз Отанын – Кеңес Социалистік Республикалар Одағын қорғады. Бірігіп фашизмді жеңді. Алайда бұл соғысқа басқа да елдер қатысып, ортақ жеңіске өз үлестерін қосты, соның ішінде Қытай Халық Республикасы да бар.
2025 жылдың 9 мамырында Қытай Халық Республикасының Шыңжаң университеті жанындағы Шетел тілдер институтында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен арнайы шақырылған оқытушы Жанна Уматова Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жүректегі естелік, жанымыздағы Жеңіс» атты мерекелік концерт өткізді. Іс-шараның басында көрермендер «Қасиетті соғыс» әнінің сүйемелдеуімен әскери хрониканы тамашалады. Одан кейін орыс және қазақ тілдерін меңгеріп жүрген қытайлық студенттер Александр Твардовскийдің «Танкист әңгімесі», Константин Симоновтың «Күте ғой мені, мен қайтамын», Юлия Друнинаның «Зинка», Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық менің балаларым» өлеңдерін оқып берді. Қазақ тілінде «Мәңгілік жадымызда», «Бүгін міне – Жеңіс күн» және өзге де өлеңдер мәнерлеп оқылды. Сонымен қатар, соғыс жылдарына арналған «Тырналар», «Бірінші кезекте – ұшақтар», «Жеңіс күні» сынды әндер орындалды. Институт оқытушылары «Катюша» әнін қазақ және қытай тілдерінде шырқады.
Жанна Уматова студенттерге кеңес халқының тағдырын өзгерткен ауыр төрт жыл жайлы, миллиондаған адамның өмірін жалмаған соғыс туралы, жетім қалған балалар мен елдің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған жандар туралы айтып берді. Әрбір адамның Жеңіске қосқан үлесі туралы – ер азаматтар майданда, әйелдер мен балалар тылда еңбек етті.
Соғыс жағдайында ер-азаматтардың орнына зауыт-фабрикаларға үй шаруасындағы әйелдер, зейнеткер апалар мен жоғары сынып оқушылары келіп, еңбек етті. Себебі Жеңістің тағдыры миллиондаған адамның еңбегіне тікелей байланысты болды. Кеңес халқы теңдессіз төзімділік пен ерлікті, тегеурінді рух пен Отанға деген адалдықты паш етті.
Іс-шараны қорытындылай келе, Жанна Уматова Жеңіс күні әрқашан Ұлы күн болып қала беретінін, бұл – әрқайсымыздың жүрегімізде қуанышпен бірге көзімізге жас үйіретін ерекше мереке екенін атап өтті. Жас ұрпақ Ұлы Отан соғысының қаһарман жылдарынан алыстаған сайын, аға буын жасаған өшпес ерліктің ұлылығы мен мәңгілігі одан сайын айқындала түсуде.
Басқа жаңалықтар


