2023 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Шыңжаң университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы келісім жасалып.Farabi University

2023 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Шыңжаң университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы келісім жасалып.

19 мамыр, 2025

2023 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Шыңжаң университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы келісім жасалып, оның аясында студенттермен алмасу және оқытушыларды шақыру көзделген. Бұл келісім – Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру саласындағы байланыстың нығайып келе жатқанын көрсететін маңызды қадамдардың бірі.

2025 жылдың ақпан айынан бастап Шыңжаң университетінің Шетел тілдері институтында орыс тілі факультетінде пилоттық жоба аясында шақырылған маман ретінде Түркітану және тіл теориясы кафедрасының оқытушысы Жанна Уматова қытайлық студенттерге қазақ және орыс тілдерін оқытып жүр. Атап айтқанда, қазақ тілін үйренуге әртүрлі факультеттер мен курстардың студенттері қызығушылық білдірді. Бұл – Шыңжаң университетіндегі қазақстандық оқытушының алғашқы тәжірибесі, әрі осы жұмыстың сапасына болашақта студенттердің қазақ тілін таңдау-талғамы тікелей байланысты. Алғашқы нәтижелерге қарағанда, студенттердің сабаққа деген ынтасы жоғары, олар тілмен қатар қазақ мәдениетін де тануға қызығушылық танытуда.

ҚазҰУ үшін қазақ тілінің шекарадан тыс кеңею факторы маңызды рөл атқарады. Бұл тілдің халықаралық деңгейде беделін арттырып, мәдени дипломатия құралына айналуына сеп болады. Қазақ тілін таңдаған студенттердің арасында хандар, дүнгендер, ұйғырлар, қазақтар және басқа да ұлт өкілдері бар. Олар болашақта Қазақстанға барып, жазғы мектепте тағылымдамадан өтуді, академиялық жобаларға қатысуды немесе турист ретінде елді аралауды армандайды. Бұл өз кезегінде Қазақстан туралы оң имидж қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Күмәнсіз, қазақ тілін үйрену қытайлық студенттер үшін оңай емес, себебі қытай және қазақ тілдері тек генеалогиялық тұрғыдан ғана емес, құрылымдық жағынан да мүлде өзгеше. Қазақ тілінің агглютинативті сипаты, сөйлем құрылысының ерекшеліктері мен синтаксистік құрылымы қытайлық студенттер үшін тосын жайт болуы мүмкін. Сонымен қатар, тілдік орта болмауы да оқыту үдерісіне өз әсерін тигізеді. Бұған қоса, қ, ғ, ұ, і сияқты тек қазақ тіліне тән ерекше дыбыстардың айтылуын меңгеру де студенттерге оңайға соқпайды. Жанна Уматова дыбыстау жаттығуларын, фонетикалық ойындар мен визуалды материалдарды кеңінен қолдану арқылы бұл қиындықтарды азайтуға күш салуда.

Студенттер тілді қытай тіліндегі оқулықпен меңгеруде. Дегенмен, Жанна Уматова қосымша дидактикалық материалдар мен Қазақстанда қолданылатын оқыту ресурстарын да енгізіп отыр. Ол өз сабағында интерактивті әдістерді, заманауи технологияларды, аудио-видео материалдарды пайдалана отырып, оқушылардың қызығушылығын оята біледі. Оның міндетіне тек тілді үйрету ғана емес, сонымен қатар қазақ халқына деген сүйіспеншілік пен құрметті қалыптастыру жүктелген. Бұл екі көршілес халық арасындағы өзара әрекеттестікті одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді.

Аудиториялық сабақтардан тыс Наурыз, Қазақстан халықтарының Тілдер күні және басқа да мәдени іс-шараларды өткізу жоспарланған. Бұндай шаралар студенттерге қазақ халқының дәстүрі мен тұрмысын жақынырақ танып-білуге жол ашады. Сонымен қатар, студенттер өз өнерлерін көрсетіп, қазақ әндерін орындап, ұлттық тағамдар дайындауға қатысады. Бұл — тілдік білімді тек теориялық тұрғыда емес, практикалық әрі мәдени негізде меңгеруге ықпал етеді.

Алдағы уақытта осындай жобалар аясында ҚазҰУ мен Шыңжаң университеті бірлескен ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер және академиялық тәжірибе алмасуларын өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ қазақ тілінде жазылған әдебиеттерді қытай тіліне аудару және керісінше жобалар қолға алынуы мүмкін. Бұл – мәдениетаралық диалогты одан әрі нығайтуға қызмет ететін маңызды бастамалар.

Түркітану және тіл теориясы кафедрасының аға оқытушысы Уматова Ж.М.,Матай .С.