Попова Нина Михайловнаның (1930-2019) туғанына 95 жыл толуына орай еске алу

2025 жылдың 2 маусымында көрнекті ғалым, химия ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет Белгісі» орденінің иегері - Попова Нина Михайловнаның туғанына 95 жыл толады.
Нина Михайловнаның есімі кеңестік және қазақстандық ғылым тарихында мәңгіге жазылған. Оның барлық ғылыми қызметі негізінен энергетика, экология және өнеркәсіптегі прогресті анықтайтын сала болып табылатын – катализдік химияның дамуына арналған болатын.
Нина Михайловна 1930 жылдың 2 маусымында дүниеге келген. 1948 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне оқуға түседі. Студенттік жылдары кезінде өзінің табандылығымен, мақсаттылығымен және керемет қабілеттерімен танылды. Ол Сталиндік шәкіртақымен марапатталды және университетті үздік бітірді. Ғылыми кеңестің ұсынысы бойынша ҚазКСР Ғылым Академиясының Химия ғылымдары институтының аспирантурасына жіберілген және сонда маңызды зерттеу жұмысын бастаған. Академик Д.В. Сокольскийдің жетекшілігімен кандидаттық және докторлық диссертациларын қорғаған.
Нина Михайловна өзінің белсенді ғылыми жұмысының мансабын 1956 жылдан Қазақ КСР Ғылым Академиясының жүйесінде бастап өмірінің соңына дейін сонда жұмыс жасады: алдымен химия ғылымдары институтында, содан кейін 30 жылдан астам уақыт органикалық катализ және электрохимия институтының (ОКЭИ) тотығу зертханасын басқарды. Мұнда оның ғылыми мектебінің негізі қаланды, шәкірттері өсті және бүгінгі күнге дейін дамып келе жатқан ғылыми бағыттар қалыптасты.
Оның басшылығымен гетерогенді катализ саласы бойынша бірегей зерттеулер жүргізілді. Зертханада өнеркәсіптік кәсіпорындар мен автокөліктерден бөлінетін шығарындылардан улы газдарды тазарту үшін тиімді катализаторлар әзірленді. Көп компонентті оксидті катализаторларды синтездеудің жаңа тәсілдері ұсынылды және тасымалағыштырдың соның ішінде – перовскиттер мен цеолиттердің құрылымының – катализдік белсенділікке әсері зерттелді. Дайындалған көптеген әзірлемелер Қазақстан мен ТМД елдеріндегі өндірістерге енгізілді.
Нина Михайловна мен оның қызметкерлері өнеркәсіп пен автокөліктің шығарындыларынан бөлінетін газдарды тотықтыру және кешенді тазарту үшін қолданылатын палладий, платина-палладий, платина-рутений және көп компонентті оксидті катализаторларды синтездеудің түбегейлі жаңа тәсілдерін дамытты. Атап айтқанда, перовскитті құрылымдардың катализаторлардың қасиеттеріне әсері анықталды.
Ол қазіргі уақытта Тұрақты даму және ресурстарды үнемдеу тұрғысынан өзекті болып келетін – пайдаланылған катализаторлардың құрамынан платина мен палладийді электрохимиялық жолмен бөліп алудың технологиясын ұсынды.
Зертханада әзірленген шығынды газдарды залалсыздандыруға арналған катализаторлар ТМД елдерінің өнеркәсіптік кәсіпорындарының 40-қа жуық қондырғысына енгізілді. Ал, Қазақстанда бұл катализаторларды енгізу үшін «Мерей» ҒӨБ-да 100 автомобильде пилоттық сынақтан өткізу бойынша жүзеге асырылды.
Ғылым жолында Нина Михайловнаның 500-ден астам ғылыми еңбектері жарияланды, 50-ге жуық авторлық куәліктер мен патенттер алынды, 6 монография жазылды. Оның басшылығымен 2 докторлық және 30 кандидаттық диссертациялар қорғалды. Сонымен қатар, оның көптеген шәкірттері Қазақстанның және одан тыс жерлеріндегі жетекші ғылыми мекемелерінде жұмыстарын жалғастыруда.
Нина Михайловнаның еңбегін мемлекет пен ғылыми қоғамдастық жоғары бағалады. Ол Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығымен, «Құрмет Белгісі» орденімен, "Ерен еңбегі үшін", "Еңбек ардагері" медальдарымен, "КСРО өнертапқышы" белгісімен, сондай-ақ КСРО және ҚазКСР ХШЖК наградаларымен марапатталды. Дегенмен, оны жеке танып-білу бақытына ие болған адамдардың: әріптестерінің, студенттерінің және достарының сүйіспеншілігі мен құрметі - ең жоғары марапатқа ие деп ойлаймыз.
Нина Михайловнаның жұмысының соңғы бағыттарының бірі метан мен басқа алкандарды пайдалы өнімдерге — синтез-газға және т.б. айналдыру үшін жасалынған селективті тотығу катализаторлары болды. Қазіргі уақытта «Д.В. Сокольский атындағы ЖКЭИ», тотығу зертханасында шәкірттері ол бастаған зерттеулерді сәтті жалғастыруда. Жасалынған табысты әзірлемелердің нәтижесінде зертхана заманауи жабдықтармен жабдықталған және онда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, ҚБТУ және Satbayev University магистранттары мен докторанттары өз зерттеу жұмыстарын жалғастыруда.
Нина Михайловна керемет ғалым ғана емес, сонымен бірге ішкі мәдениеті жоғары және табандылығы басым нағыз зиялы адам болатын. Оның бойында қайырымдылығы мен қатаңдылығы, талапшылдығы мен әрдайым көмектесуге дайын болуы, ғылыми кеңділігі мен қарапайымдылығы таңқаларлық түрде ұштаса білді.
Оның өмірі – бар ғұмырын толығымен жұмысына арнаған, ісіне шексіз берілген, ғылымға деген адалдығының көрінісі көпке үлгі болып табылады. Попова Нина Михайловна сияқты адамдардың арқасында Қазақстанның ғылымы тұрақты дәстүрлерді қалыптастырды және халықаралық деңгейдегі танымдарға ие болды.
Оның жарқын бейнесі әріптестерінің, студенттерінің және осы көрнекті адаммен жұмыс істеу және қарым-қатынас жасау бақытына ие болған адамдардың жүрегінде өмір сүретін болады.
Тотығу катализі зертханасының меңгерушісі х.ғ.д., профессор С.А. Тунгатарова және оның зертханадағы әріптес шәкірттері
Басқа жаңалықтар


