
Халықаралық тағылымдама жас ғалымдар мен зерттеушілерге кәсіби тұрғыда көптеген мүмкіндіктер береді. Түрлі елдердің ғалымдарымен белсенді білім мен тәжірибе алмасуға ықпал етеді.
Осы тұрғыда біз, журналистика факультетінің «8D03201-Журналистика» және «8D03202-Медиа және коммуникациялар» білім беру бағдарламасының 1-курс докторанттары Бауыржан Әліқожа, Назкен Жансерікова және Алмабек Ибрайымов бекітілген жоспарымызға сәйкес, тағылымдамадан өту үшін 2025 жылдың 1 мамырынан 1 маусымы аралығында Түркияның Анкара Хажы Байрам Вели университетіне келдік.
Анкара Хажы Байрам Вели университеті – Түркияда өнер, әлеуметтік және гуманитарлық бағытта маман даярлайтын көшбасшы жоғары оқу орны. Университет 2018 жылы Гази университетінен бөлініп шыққан.
Шетелдік жетекшілеріміз – аталған оқу орнының коммуникация факультеті Радио, телевизия және кино кафедрасының профессоры Мехмет Топлу және Закир Авшар. Ғылыми жетекшілер теориялық білімімізге тың ақпараттар қосқанын айта кеткіміз келеді. Олар медиа зерттеулері мен жаңа медиа кеңістікте оқу құралдары бар теоретик және практик ғалымдар.
Тағылымдама барысында біз екі профессордың дәрістерінен бөлек, Анкара Хажы Байрам Вели университетінің оқу кампустарын, кітапханаларын араладық. Анкарадағы ЖОО арасында радио тарату бойынша жарыста Радио, телевизия және кино кафедрасы бірнеше рет жеңімпаз атанған. Группаласымыз Назкен Жансерікованың «Шалқар» радиосында диктор болып жұмыс істейтінін естіп, факультеттің оқытушы-профессорлар құрамы қолқа салып, Назкен тікелей эфир мен таспа хабардың айырмашылығы туралы, сонымен қатар мәтін жазу машығына қатысты кеңесімен бөлісті. Факультет мұрағатына Назкен Жансерікованың дауысын жазып алды. Осылайша екі елдің университеттері арасында ғылыми байланыс бекіді.
Профессор Мехмет Топлу факультетті толық аралатып, болашақ теле және радио журналистердің дайындаған бағдарламаларын, басылымдардағы жариялаған мақалалары мен жарнама және қоғаммен байланыс саласының болашақ түлектерімен таныстырды.
Біздің тағылымдамадан өтуге келген уақытымызды тиімді пайдалануға қос шетелдік жетекші бекітілген жоспар мен жоспардан тыс таныстырылым өткізді. Кітапханада бізге қажетті ашық дереккөздермен жұмыс істеу, зерттеу жүргізу ерекшеліктері мен оның дизайны, ғылыми жұмыс жазу бойынша көптеген ақыл-кеңестерін беріп, ғылыми бағытымызды атап көрсетті.
Профессор Закир Авшар мен Мехмет Топлуды студенттері өте қатты құрметтейтінін, жақсы көретінін байқадық. Әрі жетекшілеріміз біздің жағдайымызды жиі-жиі сұрап, емен-жарқын сұхбаттасу болды.
Бізден бөлек, Ыстамбұл қаласында орналасқан Мармара университетінде тағылымдамадан өтіп жатқан Тұлпар Жәнібек (2-курс) және Л.Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты Ризагүл Бәкенованы (2-курс) кездестірдік.
Тағылымдама барысында диссертацияның ғылыми зерттеу нысанынан бөлек, RTÜK-Radyo ve Televizyon Üst Kurulu (Радио және телеарна жоғары кеңесі) қарасты Strateji Geliştirme Dairesi Başkanlığı (Стратегия тағайындау департаменті) маманы, PhD Ахмет Акалыннан теле және радио бағдарламаларының таралу ерекшеліктері туралы статистикалық мәліметтермен танысты. Одан бөлек, BTK- Bilgi Teknolojileri ve İletişim Kurumu (Ақпараттық технологиялар және байланыс басқармасы) сарапшысы, доцент Сүлейман Гунгормен кездесу өткізіп, ақпарат таратудың жаңа медиадағы ерекшеліктері туралы тың ойларымен бөлісті.
Сондай-ақ Тұлпар Жәнібек докторанттарды «Anadolu Ajansı»-ге (АА) алып барды. Ол әлемге 13 тілде хабар таратады. Сонымен қатар жаңалықтар бөлімінің менеджері Джейхун Ализаде мен ағылшын жаңалықтар бас координаторы Сорвар Аламмен жолықтық. Кездесуде ақпарат агенттігі, жаңа медиада ақпарат тарату ерекшеліктері мен жауапкершілігі туралы айтылды.
Ғылыми тағылымдаманың алғашқы екі аптасы енді аяқталғанымен, жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Енді алдағы уақытта шетелдік жетекшілеріміздің семинарларына қатысуды ары қарай жалғастырып, кітапханалардағы дерекқормен жұмыс істейміз деп жоспарлап отырмыз.
Біздің ғылыми тағылымдамамызға дәл осындай мүмкіндік берген жетекшілеріміз – Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының профессоры, ф.ғ.д. Кәкен Қамзинге, Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к. Аязби Бейсенқұловқа, журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайұлына және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығына алғысымызды білдіреміз.
Алмабек ИБРАЙЫМОВ,
Назкен ЖАНСЕРІКОВА,
журналистика факультетінің
«Медиа және коммуникациялар» мамандығының 1-курс докторанттары
Басқа жаңалықтар
