Қазақстандағы күндерден естелікFarabi University

Қазақстандағы күндерден естелік

10 маусым, 2025

Абул Футух Сабри Юнус, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының шақырылған профессоры

Қазақ халқының «Су жүрген жер – береке, ел жүрген жер – ме­ре­ке» деген мақалы халықтың түрлі мере­ке­лер­де, жиын-тойларда бас қосуының қаншалықты маңызды екенін аңғартады. 

Мен Қазақстанда қызмет еткен жылдары қазақ хал­қы­ның Наурыз мерекесін тойлау рәсіміне көп қатыстым. Бірде ҚР Ұлттық кітапханасы Наурыз мерекесіне арнап ұйымдас­тыр­ған бір шарада тігілген киіз үйдің кіреберісіне отырдым, әріптесім үстел басына жақын отыруымды сұрады. Мен бұл ишараны бір-бірімізбен жақын танысу мақсатында айтылып жатыр деп ойладым. Содан кейін маған қазақтың дәстүрі бойынша құрметті қонақтың есіктің алдында отыруға бол­май­тынын түсіндірді.

Төр – қазақ халқының құр­мет­ті қонақтарға арналған ор­ны. Бұл – киіз үйдің есігіне қа­ра­ма-қарсы орналасқан орын. Дастарханға бірінші болып үлкендер мен құрметті қонақ­тар жайғасады. Үлкендер та­ра­пынан асқа бата жасалып, алдымен үлкендер, содан кейін жасы кішілер тамақтан ауыз тие бастайды. Тамақтан кейін қонақтарға қазақ халқының ұлттық сусыны – шұбат (түйе сүті) пен қымыз (бие сүті) ұсы­нылады. Содан кейін ұлттық тәттілер – мейіз қосылған жент, құрт, ірімшік пен сүт немесе кілегей қатқан шай беріледі. Шайға жылқы етінен немесе қой етінен жасалған тіскебасар ұсынылады.

Қазақша ет әдетте жілік­те­рі­мен асылады. Құрметті мей­ман­ға алдымен қойдың басы тарту етіледі. Бұл мейманға де­­ген ерекше құрметті біл­ді­реді. Мейман бастың белгілі бір бөлігінен (құйқа) кішкене ке­сіп алып, қасындағыларға ұсы­нады. Бұл сыйластық пен құр­меттің белгісі саналады.  Асылған ет үлкен табақпен ұсы­нылады. Етке үстелдің үс­тіне жұқа етіп жайылған қамыр (жайма) салынады.

Шай – қазақтардың жазда және қыста жиі ішетін сусыны. Қазақ халқы күн сайын тамаққа дейін, тамақ үстінде және та­мақ­тан кейін бір литрге дейін шай іше алады. Сондықтан сіз өзіңізге құйылған кеседегі шай­ды ішіп болғаннан кейін үй қожайыны сізден сұрамай-ақ, кесеңізді шайға қайта тол­ты­рып қояды. Себебі тек бір кесе ғана шай ішуге болмайды, аз дегенде үш немесе төрт кесе шай ішуіңіз керек болады. Қа­зақ халқы сүтті шаймен қатар, көк және қара шай ішеді. Шай­ды қантпен немесе қантсыз ішеді.

Дастархан жаю мен табақ тарту Наурыз мерекесін той­лай­тын түрлі ұлттар мен ха­лық­­тардың арасында кең та­ралған ең маңызды дәс­түр­лердің бірі болып саналады. Наурыз ме­ре­кесі кезінде тазалықты, жақ­­сы­лықты, молшылықты, бақыт пен бейбітшілікті білдіру мақ­са­тында ұлттық рәміздік сый­лықтар тарту етіледі. Бұл әдет-ғұрып туыс-туған, жа­қын­­дармен жақын  араласудың, те­рең достық пен бауыр­мал­дылықтың тамырын нығайту мақсатында жасалады.

Наурыз мерекесі Қазақ­стан­­дағы қазақтарды ғана емес, саяси, мәдени тарихи жа­ғынан ортақ көршілес ел­дер­дегі қазақтарды да бі­ріктіреді. Наурыз – қазақ хал­қы­ның ортақ мұраларын, дәс­түрі мен мә­де­ниетін құр­мет­тейтін жыл сайын аталып өтетін ұлттық мереке. Бұл түрлі діни және мәдени топ­тарды біріктіретін ортақ мереке.

Қазақстан Президенті Қа­сым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздің алдында биік мақсат тұр. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Біз адал еңбек етіп, адал та­быс­қа жете алатын әділ қоғам орнатуымыз керек. Мұндай қоғамды адал азаматтар қа­лып­тастырады. Бір сөзбен айт­сақ, әділдік пен адалдық – әр­дайым қатар жүретін егіз ұғым. Сондықтан біз құрып жатқан қоғамда баршаға бірдей мүм­кін­дік беріледі. Әділетті мем­лекет – бұл заң мен тәртіп үс­тем­дігі. Озық мемлекет болу үшін бәріміз тек жарқын бо­ла­шаққа сеніммен қарауымыз керек. Біздің үмітіміз – жастар. Қазақстанның келешегі сіз­дер­дің қолдарыңызда. Бел­сенді, санасы сергек, ойы ұш­қыр, адал, көзі ашық жастарға біз әрдайым қолдау көр­се­те­міз», – деп айтқанындай, Қа­зақ­стан бұл мерекені тойлау ар­қылы ұлттық дәстүрі мен әдет-ғұрпын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге ұмтылады.

 Араб тілінен аударған Айдынгүл ХАВАН,

Арабтану бөлімінің меңгерушісі