- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Жасанды интеллект – білім берудің сенімді серігі»: шеберлік сабақтарынан кейінгі ой-тұжырым
«Жасанды интеллект – білім берудің сенімді серігі»: шеберлік сабақтарынан кейінгі ой-тұжырым

«Жасанды интеллект – білім берудің сенімді серігі»: шеберлік сабақтарынан кейінгі ой-тұжырым
Қалабаева Майра Қасенқызы, химия ғылымдарының кандидаты
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
Химия және химиялық технология факультеті,
Жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының оқытушысы
2025 жылдың маусым айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар факультеті мен Академиялық және цифрлық инновациялар кафедрасы ұйымдастырған «Жасанды интеллектті білім беруде пайдалану» тақырыбындағы тәжірибеге бағытталған шеберлік сабақтарына Химия және химиялық технология факультетінің оқытушылары 17–20 маусым аралығында қатыстық.
Семинарды ұйымдастырған доцент м.а. Карюкин Владислав Игоревич пен ақпараттық жүйелер кафедрасының оқытушылары бізге жасанды интеллект құралдарын (ChatGPT, Gemini, т.б.) білім беру үдерісінде, ғылыми зерттеулерде және оқу контентін дайындауда тиімді қолдану жолдарын жан-жақты көрсетіп, практикалық түрде жұмыс істеуді үйретті.
Осы үш күндік семинарда тыңдалған материалдардан түйгенім – жасанды интеллект (ИИ), соның ішінде ChatGPT мен Gemini секілді қуатты құралдар, қазіргі білім беру жүйесінде оқытушы мен зерттеушінің маңызды көмекшісіне айналып отыр. Ақпараттық жүктеме артып отырған заманда бұл құралдарды игеру – тек қосымша артықшылық емес, негізгі кәсіби құзыреттілікке айналғанын айқын сезіндім.
ИИ құралдарымен дұрыс және нақты промпт арқылы әрекеттесу – сапалы нәтиженің негізі екені көрсетілді. Осы тұста біз тек технологияны қолданушы ғана емес, сыни ойлайтын, талдай білетін, жауапкершілігі жоғары маман болуға ұмтылуымыз қажет.
Gemini платформасының мысалында ақпаратты құрылымдау, тест тапсырмаларын автоматты түрде әзірлеу, оқу-әдістемелік кешендерді жаңарту, ғылыми мақалаларды шолып шығу, бейнелер мен суреттер генерациялау, дыбыс өңдеу және визуалды мазмұнды оқу материалдарына қосу сынды көптеген нақты мүмкіндіктермен таныстық.
Сабақтың танымдық тартымдылығын арттыру үшін интерактивті және мультимедиялық контентті (сурет, бейне, дыбыс) генерациялау дағдылары бізге ерекше құнды тәжірибе берді. Бұл — әсіресе күрделі химиялық ұғымдарды студентке түсінікті етіп жеткізу үшін өте маңызды.
Алайда ИИ-дің шексіз мүмкіндіктеріне қарамастан, оның кейде қате немесе ойдан шығарылған ақпарат ұсынуы мүмкін екенін есте сақтау қажет. Сол себепті ақпараттың дұрыстығын тексеру, сыни тұрғыда бағалау — ИИ-мен жұмыс істейтін кез келген педагог пен зерттеуші үшін маңызды дағды болып қала береді.
Мен үшін ең басты қорытынды – ИИ-мен тиімді жұмыс істеу педагогтың шығармашылық әлеуетін арттырады, оқу үдерісін әр студенттің ерекшелігіне сай бейімдеуге және икемді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл құралдарды оқытуға енгізу арқылы біз тек білім беріп қана қоймай, студенттерді цифрлық дәуірдің сын-қатерлеріне бейімдейміз, оларды заманауи технологиялармен сауатты жұмыс істеуге, ақпаратты сараптауға және саналы қолдануға үйретеміз.
Басқа жаңалықтар


