ҚазҰУ докторанты халықаралық ғылыми серіктестіктің аясында PhD дәрежесін иелендіFarabi University

ҚазҰУ докторанты халықаралық ғылыми серіктестіктің аясында PhD дәрежесін иеленді

29 маусым, 2025

 

Манапқызы Диана – әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология және биотехнология факультеті, Молекулалық биология және генетика кафедрасының 8D05104 «Генетика» білім беру бағдарламасы бойынша 2020–2023 жж. докторанты. 2021 жылы Абай-Верн шәкіртақы бағдарламасының жеңімпазы ретінде ол Париж-Саклэ университетіне қабылданып, екі жылдық шәкіртақы иегері атанды. Осы кезеңде Диана Биология және биотехнология мәселелері ғылыми зерттеу институтының Молекулалық генетика зертханасында және Гюстав Русси онкология институтының (Gustave Roussy Cancer Institute) ДНҚ репарациясының және канцерогенездің механизмдері (Mechanisms of DNA Repair and Carcinogenesis) зертханасында адамның тимин ДНҚ гликозилаза (TDG) ферментінің геном тұрақтылығы мен эпигенетикалық реттелудегі рөлін зерттеу аясында ғылыми зерттеулер жүргізді. 2024 жылғы 19 желтоқсанда ол Гюстав Русси институтында докторлық диссертациясын сәтті қорғап, 2025 жылғы 27 маусымда Париж-Саклэ университетінде түлектерді марапттау рәсімінде PhD дипломын ресми түрде алды.

Ғылыми жетекшілері – кафедрамыздың қауымдастырылған профессоры, Биология және биотехнология мәселелері ғылыми зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Тайпақова Сәбира Мықтыбекқызы және Гюстав Русси институтындағы UMR 9019 ДНҚ репарациясының және канцерогенездің механизмдері зертханасының меңгерушісі, профессор Dr2 Мұрат Қалиевич Сапарбаев.

Молекулалық биология және генетика кафедрасының ұжымы жас зерттеуші Диананы және оның ғылыми жетекшілерін шын жүректен құттықтап, алдағы ғылыми жолында табыс пен жаңа жетістіктер тілейді! Бұл – халықаралық ынтымақтастық пен ғылыми сабақтастықтың жарқын үлгісі.