
«Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы тапсырма берген еді. Алматы қаласының кітапхана басшылары мен қызметкерлері бұл күнді ерекше түрде атап өтуге және құнды іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысты.
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында 10 түрлі маңызды шаралар мен «Қала оқиды» атты флешмоб өтіп, кітап жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Сондай-ақ кітапсүйер қауым шетел жазушыларымен жүздесіп, Республикалық жастар конвентіне қатысуға мүмкіндік алды. Осы аталған конвентке ғылыми жобаларымен кафедраның «Кітапханалық ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының студенттері, магистранттары және докторанттары да қатысты.
Ұлттық кітап күні болып атау берілуі бүгінгі өскелең ұрпақ үшін, ғаламтор мен әлеуметтік желілерде телмірген жастарды кітап оқу мәдениетін арттыруға, сауаттылыққа жетелейтін, орынды мерекелердің қатарында болатыны сөзсіз. Кітап арқылы тәрбиелеп, мәдениетімізді, тарихымызды терең ұғындыруға апаратын ұлы жол.
ҚР Ұлттық кітапханасындағы мәдениетіміз бен тарихымызды ұлықтайтын маңызды іс-шараның бірі «Қазақ кітабының сырлы шежіресі» деп аталған кітап көрмесі болды. Көрменің мазмұнынан ұлт тарихынан сыр шертетін, тағылымы мол туындылар кездесті. Қазақ халқы кітабының тарихы 1807 жылдан бастау алғанын ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында 1900-ден астам атаулы кітаптардың мазмұнымен кітапхана қызметкерлері таныстырды.
Сондай-ақ мәдени мереке шеңберінде отандық баспалар мен кітап дүкендерінің қатысуымен түрлі кітап жәрмеңкелері де көздің жауын алды. Бұл кітап нарығындағы баспагерлерді, ақын-жазушыларды біріктіріп, қазақстандық баспалармен тығыз байланыс орнатуға себеп болды. Отандық авторлардың шығармалары мен жаңа туындылары кітапсүйер қауымның назарына ұсынылды.
«Кітап – руханият мәйегі болса, ал кітапхана – руханияттың ордасына» айналған мекемелерде рухани құндылығы терең шаралар көптеп ұйымдастырылды.
«Кешегі шәкірт – бүгінгі білікті маман» демекші, кітапхана бөлімдерінен 2021 жылғы «Кітапхана ісі» мамандығын аяқтаған шәкірттерімді кездестірдім. Кітапхананы жаңа қырынан таныту, заман ағымына сәйкес түрлі іс-шараларды ұйымдастыру, кітапхананың заманауи келбетін қалыптастыру жастар қолында. Бұл күннің ұлттық деңгейде мерекеге ұласуы барлық кітапсүйер қауым мен жанашырларын қуантты. Осы шараны ұйымдастыруға бастама көтерген Бөріхан Нұрмұхамедов пен Айдос Сарымды атап өткен жөн.
Әлемдегі ең көп кітап оқитын мемлекетке айналу үшін біраз еңбектену мен күш-жігер жұмсауды қажет етеді. Өйткені кітапхана саласында шешілмеген мәселе өте көп. Олар: маман кадрлардың жетіспеушілігі, кітап қорын сапалы әдебиеттермен толықтыру, маман кадрларды оқытуда оқу құралдарының тапшылығы, кітапхана қызметкерлері жалақысының төмен болуы, кітапхана ғимараттарын өңдеу, жөндеу т.б.
Кітап оқуды насихаттау және жаңа технологияны меңгеріп, кітапханадағы бөлім қызметтерін түрлендіру, жүзеге асыру – кітапханашы мамандардың басты міндеттерінің бірі. Жоғарыда аталған мәселелердің шешімдерін табуға, кітапхана кадрларын даярлау мен кітапханашы мамандардың беделін арттыруда бүгінгі күні кітапхана саласы мемлекет тарапынан қолдауды қажет етеді.
Назгүл ДЕҢГЕЛБАЕВА,
Дүниежүзі тарихы және деректану кафедрасы «Кітапханалық ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының 1-курс докторанты
Басқа жаңалықтар


