Бәсекеге қабілетті маман даярлау – заман талабы

24 ақпан, 2016

Шығыстану факультеті ТҮРКСОЙ кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер, магистранттар мен докторанттар қауымы «Түркі халықтары мәдениеті қоры» қоғамдық ұйымының басшысы – Ахмет Дағдұран, «Түркі Әлемі бизнесмендер қауымдастығы» ұйымының басшысы – Асқар Өтепов, «Түркі халықтары мәдениеті қоры» ұйымының жанындағы «Түркі Әлемі газеті» және аталған газеттің мәдени ғаламтор-арна қосымшасының басшысы – Ихсан Дағдұранмен кездесу өткізді.

ТҮРКСОЙ каферасының жұмыс берушілері болып саналатын аталған ұйымдармен өткен кездесу өте жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Кездесу кафедра меңгерушісі – ф.ғ.к., доцент А.Тұрғанбаев мырзаның кіріспе сөзімен басталды. Түрксой кафедрасының меңгерушісі аталмыш шараның кафедра, факультет деңгейінде тұрақты өтіп тұратындығын, оқытушы-поофессорлар құрамы мен студент, магистранттардың үнемі назарын аударатын іс-шаралар қатарында екендігін атап өтті. Себебі, университет, кафедра түлектерінің келешектегі, оқуды тамамдаған тұсында, өмірлерінде кездеспей қоймайтын маңызды сынақтарының бірі – жұмыс берушілермен болатын ортақ іс, ортақ жұмыс пен кәсіби тәжірибе екендігіне баса назар аударды. Осыған байланысты, университет қабырғасында оқып-білген, көрген-үйренгендерін ой елегінен өткізіп, өздерінше болжай білудің ең ұтымды тұсы, осы аталмыш іс-шара, яғни жұмыс берушілермен кездесу екендігін атап өтті. «Жұмыс берушілермен қарым-қатынастың тығыз болғандығы – болашақ түлектеріміздің жұмысқа 100 пайыздық орналасу деңгейін көрсететіндігінің белгісі болары айқын. Сол деңгейге жеткізудің алғышарттарын бірлесе қаласақ, білікті әрі бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау, сұраныстың артуына себепкер болады», - деді А.Тұрғанбаев.

Ахмет Дағдұран өз басшылығында қызметін жалғастырып келе жатқан ұйым туралы, оның негізгі қызметі мен міндеттері туралы баяндап берді. Ұйымның негізгі мақсаттарының бірі – көпұлтты Қазақстан халқына қызмет көрсетумен қатар, Қазақстан мен Орта Азия түркі елдерімен Түркияның мәдени, рухани әлеуетін толық пайдалану екендігін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан мен Түркия халықтары мәдениеті мен тілдерінің бір-біріне танымал бола түсуін қамтамасыз ету, өнер мен мәдениетте, білім беру мен спортта болатын ауыс-түйістерді молайта түсу және тұрақты жұмыс үрдісіне қол жеткізу ісі де басты назарда екендігін білдірді. Осы тұрғыда қазақ тілімен қатар түрік немесе басқа да түркі тілдерін меңгерген жас мамандарға иек артатын уақыттың жеткендігіне, ал әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті түлектеріне қол ұшын беру ісі өзі үшін үлкен құрмет деп бағалайтын іс екендігіне назар аударды.

Кездесу қонақтары өздерінің кәсіби ерекшеліктері туралы, екі елдің, оның ішінде түрік және қазақ кәсіпкерлерінің өзара қарым-қатынастары туралы, Алматы қаласы мен Алматы облысында қызмет көрсетіп жатқан Түркия Республикасының, түркі халықтарының ұйымдары мен фирмалары туралы ақпараттармен бөлісті.

Кездесу нәтижесінде, Шығыстану факультеті ТҮРКСОЙ кафедрасы мен «Түркі халықтары мәдениеті қоры» арасында бірлескен жобалардың бірі ретінде «Өзара тәжірибе алмасу, өндірістік тәжірибеден өту туралы» ынтымақтастық келісімшартына қол қою рәсімі болды.

Кафедра меңгерушісі жұмыс беруші ұйымдарға өз уақыттарын бөліп, маңызды келісім мен салиқалы сұхбаты үшін ұжым атынан ризашылығын білдіріп, есігіміздің әрдайым ашық, ортақ жобалар мен іс-шаралар атқаруға дайын екендігін білдірді. Сонымен қатар атлаған іс-шараны тұрақты түрде өткізіп тұруға шақырды.