Сұлтан Әли Табиб әл-Хорасанидің «Емшілік дәстүрі» еңбегінің тұсаукесеріFarabi University

Сұлтан Әли Табиб әл-Хорасанидің «Емшілік дәстүрі» еңбегінің тұсаукесері

11 қыркүйек, 2025

2025 жылғы 11 қыркүйекте ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстан қолжазбатанушылар қауымдастығының II отырысы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының зерттеу нәтижесінде жарық көрген Сұлтан Әли Табиб әл-Хорасанидің «Емшілік дәстүрі» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Шағатай тіліндегі еңбекті «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор З. Шадкамның жетекшілігімен құрастырылған шығармашылық топ – Ө. Тұяқбаев, Ү. Қыдырбаев, Н. Қайранбаева, Қ. Сұлтанбек – қазақ тіліне аударып, транслитерация жасап, арнайы сөздік құрастырды.

Кітапта ортағасырлық түркі медицинасының құнды жазба ескерткіштерінің бірі – Сұлтан Әли Табиб әл-Хорасанидің «Дастӯр ал-‘илāж» («Емшілік дәстүрі») атты трактаты ұсынылған. Шығарма Шибан әулетінің өкілі, Көшкінші ханның (1432–1530) сарайында 1526–1527 жылдары жазылған. Қолжазбаның бүгінгі күнге дейін парсы және түркі тілдеріндегі нұсқалары сақталған.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландырған АР09259326 гранттық ғылыми-зерттеу жобасы аясында шығарманың түркі тіліндегі нұсқасы ғылыми тұрғыда зерттеліп, қазақ тіліне аударылып, көпшілік оқырман қауымға жол тартты. Алғашында халық емшілері үшін қысқаша нұсқаулық ретінде жазылған еңбек уақыт өте келе кең көлемді трактатқа айналған. Онда түркі халықтарының дәстүрлі емшілік өнерінің қыр-сыры, халық арасында кең тараған дәрі-дәрмектер мен ем-дом тәсілдері жан-жақты сипатталған.

Кітаптың тұсаукесер лентасын Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Әуесбаева Пакизат Теңізбайқызы мен Ш.Ш.Уалиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.д. белгілі этнограф Ахмет Тоқтабай қиды. Бұл еңбек тарихшыларға, этнографтарға, мәдениеттанушыларға, тіл мамандарына, сондай-ақ жалпы түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеушілерге арналған маңызды дереккөз деп, еңбекке жоғары баға берді.

Сонымен қатар ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Нұрғалиева Ғазиза Құдайбергенқызы мен Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің топ жетекшісі Абикова Гүлшат Масалимқызы да сөз сөйлеп, өз пікірлерін білдірді. Олар бұл еңбектің алғаш рет терең ғылыми тұрғыда зерттеліп, қазақ тіліне аударылып отырғанын ерекше атап өтті. Ғалымдар мен оқырман қауым үшін мұндай еңбек түркі халықтарының бай рухани-мәдени мұрасын танып-білуге жол ашатын тың дүние екендігі баса айтылды.

Шараға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессор-оқытушылар құрамы, студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты.

Н.Н. Кайранбаева