ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА ДАМУ БАҒЫТЫ: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫFarabi University

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА ДАМУ БАҒЫТЫ: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫ

12 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың

"Ана тілі" газетінде жарық көрген  мақаласы

Қазақстан Президенті ­Қасым-Жомарт Кемелұлы ­Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында саяси-экономикалық өсім, ғылым-білім және инновациялық даму тұрғысынан үлкен маңызға ие бірнеше бағытқа тоқталды. Парламенттік реформа енгізу, ғылым-білімді жетілдіру, инновациялық даму, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу мәселелері ортаға тасталды. Бұл бағыттардың барлығы Қазақстанның ұзақ мерзімді ұлттық мүдделеріне қызмет етіп, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, жаңа технологияларды игеруге және халықаралық деңгейде беделін нығайтуға жол ашады.

Парламенттік реформаны талқылау – қоғамның ортақ міндеті

Мемлекет басшысының парламенттік реформа мәселесін қайта көтеруі еліміздің саяси жүйесіндегі маңызды кезеңнің бірі болғалы отыр. Бұл бастама – бұрынғы өзгерістердің заңды жалғасы әрі әділетті Қазақстан құру жолындағы стратегиялық қадам. Шын мәнінде. соңғы жылдары елде ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылды. 2022 жылғы референдум нәтижесінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы халық тарапынан кең қолдау тапты. Бұл қағидат еліміздің саяси даму бағытын айқындап берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып өткендей, реформалар бір жолғы шара емес, қоғамның сұранысына сәйкес ұдайы жүретін үдеріс. 
1995 жылы құрылған Сенат отыз жыл ішінде көптеген маңызды шешімдердің қабылдануына ықпал етіп, реформалардың кепіліне айналды. Алайда қазіргі жағдайда саяси мәдениеттің өсуі, қоғамның демократиялық сана-сезімінің артуы, мемлекеттік басқару жүйесінің жетілуі үшін парламенттік реформаны жалғастыру қажетін көрсетіп отыр. Орынды шешім Қазақстанның саяси жүйесін кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталған. Парламенттік реформаны талқылау тек саяси элитаның емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Өйткені ол еліміздің болашағына, кейінгі ұрпақтың саяси мәдениетіне тікелей әсер етеді.
Президент асығыстыққа жол берілмеуі керегін атап өтті. Себебі бұл реформа мемлекеттің саяси құрылымын түбегейлі қайта қарастыру. Оның әрбір қыры азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануға тиіс. Бір жылға жуық уақыт бөлу ұсынысы да осыдан туындап отыр. Бұл тәсіл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты көрінісі. Яғни саяси шешімдер жабық түрде емес, қоғамның пікірін ескере отырып қабылдануы қажет. 
Бір палаталы жүйенің артықшылықтарына тоқталсақ, ең алдымен, заң шығару үдерісі жеделдейді. Қос палаталы құрылымда заң жобалары ұзақ талқылау­дан өтеді, ал бір палаталы жүйе бұл процесті жеңілдетеді. Парламенттің ықпалы артады. Бір ғана палата халықтың саяси еркін тікелей білдіретін негізгі органға айналады. Егер Парламент тек партиялық тізім бойынша сайланатын болса, саяси партиялардың рөлі күшейіп, қоғам мен билік арасындағы байланыс нығаяды. Парламент халыққа жақындайды. 
Президент ұсынған бастама – Қазақстанның саяси дамуындағы жаңа кезеңнің бастамасы. 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізу халықтың пікірін ескерудің демократиялық жолы. Бұл шешім мемлекеттің тағдырын тек қоғаммен бірге айқындауға деген ұстанымды көрсетеді.
Егер реформа жүзеге асса, Қазақстан саяси жүйесінде жаңа сапалық деңгейге көтеріледі. «Әділетті Қазақстан» идеясын нақты іске асырып әрі халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін одан әрі күшейтеді.

Министрлік құру – уақыт талабы

Президенттің Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы ұсынысы да уақыт талабынан туған шешім. Қазіргі әлемде цифрлық технологиялар тек экономиканы емес, бүкіл қоғамды жаңғыртудың басты факторы. Әсіресе жасанды интеллект, үлкен деректер, платформалық экономика секілді бағыттар бәсекеге қабілеттіліктің жаңа өлшеміне айналды. Осы орайда, жаңа министрліктің құрылуы бірнеше артықшылық береді. Атап айтқанда, біріншіден, салаға басымдық беру арқылы цифрландыру жеке құрылым ретінде дамып, стратегиялық маңызға ие болады. Екіншіден, премьер-министрдің орынбасары деңгейінде басқарылуы саяси салмақты күшейтіп, шешімдердің жедел қабылдануына ықпал етеді. Үшіншіден, жасанды интеллектіні жаппай енгізу өндірістің өнімділігін арттырады. Экономикалық серпін тудырып, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, халыққа тигізетін пайдасы мол. Жаңа технологиялар ашықтықты арттырып, азаматтар мен мемлекет арасындағы байланысты жеңілдетеді.
Сонымен қатар бұл бастама тек инфрақұрылымдық емес, кадрлық әлеуетке де байланысты. Сондықтан Жолдаудағы ұсынысты жүзеге асыру үшін жас мамандарды даярлау, ғылыми-зерттеу орталықтарын қолдау және халықаралық тәжірибені тиімді пайдалану қажет. 
Қазақстанның цифрлық мемлекетке айналуы тек технологиялық емес, саяси, әлеуметтік және мәдени өзгерістерді де талап етеді. Егер бұл бағыттағы шаралар жүйелі түрде жүзеге асса, үш жыл ішінде нақты нәтижеге жетуіміз әбден мүмкін.
Осы орайда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті цифрландыру дәуірінде жасанды интеллект саласын дамытуды стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде айқындап отыр. Нақты айтар болсақ, университетте ақпарттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті ашылды. Жасанды интеллект және Big Data кафедрасы жұмыс істейді. Сонымен бірге Жасанды интеллект ғылыми-зерттеу институты құрылды. Криптология және киберқауіпсіздік ғылыми-зерттеу институты жұмыс істей бастады. Бұдан бөлек, «Жасанды интеллектісі бар жоғары жүктемелі ақпараттық жүйелер», «Деректер ғылымы», «Жасанды интеллект», «Интеллектуалды басқару жүйелері», «Бизнес-­аналитика және Big Data», «Медицинадағы жасанды интеллект» білім бағдарламалары бойынша мамандар даярланып жатыр.  
Мемлекет басшысы цифрлық дәуірдегі университеттік ғылымды жетілдіру жөнінде де тың бастамалар көтеріп, қоғам дамуына серпін беріп келеді. Жасанды интеллект, озық технология ғылымның дамуынсыз жеке-дара жетіле алмайтыны анық. Осыған орай, университетте бірқатар ғылыми жоба қолға алынды: «Қазақстанда қоғам өмірінің түрлі салаларында қолдануға арналған, елдің технологиялық жетілуін арттыруға ықпал ететін ұлттық ірі тілдік модельді (LLM) құру» жобасы; «Жасанды интеллект әдістерін қолдана отырып, қазақ тіліндегі киберэкстремизмнің идеологиялық бағыттарын мультиклассификациялау»; «Қазақстандағы әйелдерде сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау үшін жасанды интеллектіні пайдалану»; «Жасанды интеллект көмегімен ми инсультін диагностикалаудың кешенді жүйесі»; «Қазақстан Республикасының заң шығару үдерісіне заңнаманы оңтайландыру, тиімділігін және ашықтығын арттыру үшін жасанды интеллект құралдарын енгізу»; «Мемлекеттік басқарудағы жасанды интеллект технологиялары: қолдану мәселелері мен перспективалары»; «Блокчейн» доменінің ұғымдық аппаратын интеллектуалды мәтіндік талдау және формалды ұғымдарды талдау арқылы зерттеу: оқыту әдіснамасына басымдық» және басқа да салаларды қамтитын ғылыми жобаларды орындап жатыр.  
Сонымен қатар ҚазҰУ-де жасанды интеллект жобаларына серпін беретін қуаты 2000 Tflops болатын суперкомпьютер орнатылды. Бұл суперкомпьютер ірі көлемді деректерді өңдеуге, күрделі есептерді жылдам орындауға, терең нейрондық желілерді оқытуға және ұлттық ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Ол сондай-ақ медицина, биотехнология, геномика, экология, Жерді қашықтықтан зондтау, қала инфрақұрылымын модельдеу және басқа да стратегиялық маңызды салалардағы зерттеулерді қолдау­ға бағытталған.
Қазіргі таңда ЖИ көмегімен ауылшаруашылық кешені, экологиялық мәселелер мен әлеуметтік-экономикалық және өзге де салалар бойынша жобалар жоспарланып жатыр.

Қазақстан – Қытай стратегиялық әріптестігі: атом энергетикасы мен цифрландырудағы жаңа мүмкіндіктер

Президент  елімізде атом энергетикасын дамытудың стратегиялық маңызына айрықша тоқталды. Мемлекет басшысы «Росатоммен» бірлесіп, атом электр станциясының құрылысын бастау –  алғашқы қадам екенін атап өтіп, екінші және үшінші АЭС салуды да қазірден бастап жоспарлау қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ Қытаймен осы саладағы стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол жеткізгенін ерекше атады. Бұл бастамалар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, жаңа технологиялар трансферіне жол ашады. Демек, отандық ғылыми мектептердің дамуын, ядролық инженерия және энергетика бағытында жоғары білікті мамандар даярлауды талап етеді.
Президенттің айтуынша, Қазақстандағы кешенді аэрогеофизикалық зерттеулер ескірген, сондықтан заманауи цифрлық құралдарды қолдана отырып, жер қойнауының жаңа карталарын жасау қажет. Сонымен қатар халықаралық сарапшыларды тарту геологиялық барлау сапасын арттырып, еліміздің ғылыми әлеуетін күшейтеді. Қазақстан уран қоры бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарында. Бұл байлық тек шикізат ретінде емес, бейбіт атомды дамытуда, денсаулық сақтау саласында ядролық медицинаны ілгерілетуде, жаңа жоғары технологияларды енгізуде стратегиялық мүмкіндік береді. Осы тұрғыда кадр даярлау ісі шешуші рөл атқарады. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында физика-техникалық факультетінде «Уран ісі» және «Ядролық инженерия» жаңа білім беру бағдарламалары ашылды. Бұл бағдарламалар еліміздің ядролық энергетикасы мен геология саласына қажет жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған. Сондай-ақ университет атом энергетикасы мен ядролық физика саласында кадр даярлаудың жетекші орталығы болып саналады. Қазір бұл бағытта 455 студент білім алып жатыр. Университет «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-мен бірлесіп, жаңа оқу бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Студенттер Ресей, Жапония, Корея, Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарында қосдипломдық білім алып, CERN ядролық зертханасында тағылымдамадан өтеді.
Таяуда Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақ–Қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысы өтті. Онда екі ел арасындағы сенімді серіктестіктің жаңа қыры айқындалды. Президент Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасын Қазақстан толық қолдайтынын, бұл жоба еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа технологиялар трансферіне жол ашатынын атап өтті. Осы процесте ұлттық университеттердің кадр даярлау ісіндегі белсенді рөліне ерекше маңыз берілді. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 трлн долларға жетуі мүмкін. Қазақстан да бұл үдеріске белсенді ілесіп келеді. Елде алғашқы суперкомпьютер іске қосылды. ҚазҰУ базасында Huawei орталығы және «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институты мен робот техникасы орталығы іске қосылды. Мұнда электроника, телекоммуникация, фотоника бағыттары бойынша 749 студент білім алып жатыр.

ҚазҰУ-ге 26,5 млн доллар инвестиция құйылды

Қасым-Жомарт Кемелұлы «Инвестиция тарту – орталық атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Осы маңызды жұмысқа жергілікті билік те атсалысып, бәрі жұмыла жұмыс істеуге тиіс» деп атап өтті.
Соңғы жылдары университетіміз ғылыми-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамытуға инвестиция тартуды жандандыра бастады. Халықаралық серіктестермен бірлесе отырып, бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға кірістік. Мәселен, Қазақстан – Қытай Жерді қашықтан зондтау және пайдалану орталығын құруға 1 млн юань, яғни 140 мың доллар инвестиция тартылды. Бұдан бөлек, Гонконг университеті Орталық Азия тұрақты даму орталығын құруға 1 млн 750 мың АҚШ долларын бөлді. Бұл орталықтар Жерді қашықтан зондтау мәліметтерін пайдаланып, экологиялық мәселелер мен табиғи апаттарды зерттеумен айналысады. Дүниежүзілік банктің 450 млн теңге инвес­тициясының арқасында өндірістік робот техникасы бойынша біліктілік орталығы бой көтерді. Ал «Huibo Robotics» компаниясы заманауи робот техникасы шеберханасын іске қосуға 250 мың доллар тұратын роботтарды сыйға тартты. Хайнань жерсеріктік мәліметтерін зерттеу және пайдалану орталығы Спутниктік жерүсті станциясын құру үшін 3 млн доллар көлемінде демеушілік жасады. Сондай-ақ Корейтану қоры 330 мың доллар көлемінде инвестициялық жоба тарту етті. Жалпы алғанда, соңғы үш жыл ішінде ҚазҰУ қазынасына 26,5 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылды. 
 Аталған инвестициялық жобалар университетіміздің Үкіметке ғана қарап отырмай, өз бетімен әрекет етудегі белсенділігін көрсетеді.

 Су дипломатиясы мамандығыныңОрталық Азияда баламасы жоқ

Президент еліміздегі су ресурстарының азаюы мен сапасының төмендеуі Қазақстан үшін аса өзекті мәселе екенін атап өтті. Су – тек ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің ғана емес, халықтың күнделікті өмірі мен экологиялық тұрақтылықтың негізгі көзі. Сондықтан су секторын кешенді түрде жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу, суармалы егіншілікте үнемдеу жүйелерін кеңейту міндеті қойылды. Сонымен бірге трансшекаралық өзендер мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы көрші елдермен өзара тиімді келісімдер негізінде суды ортақ пайдалану тетіктерін жетілдіруді ұсынды. Халықаралық деңгейде су мәселелерін зерттеу орталығын құру жөнінде бастама көтерілді. Бұл қадам Қазақстанның аймақтық су қауіпсіздігі саласындағы жетекші рөлін нығайтуға бағытталған.
ҚазҰУ ғалымдары су ресурстарын басқару және зерттеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Университетімізде бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейінде «Гидрология» мамандары даяр­ланып жатыр. Өткен жылы география және табиғатты пайдалану факультеті мен халықаралық қатынастар факультетінің бірлескен жұмысының нәтижесінде «Су дипломатиясы» атты жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді. Биылғы оқу жылына cу дипломатиясы мамандығына алғашқы магистранттар қабылданды. Бұл бағыттағы жұмыс Қазақстан Республикасының су ресурстарын тиімді басқаруға, су дипломатиясын дамытуға және Орталық Азиядағы трансшекаралық су мәселелерін шешуге білікті мамандар даярлауға үлес қосатынына сенімдіміз. Өйткені бұл бағдарлама – Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда баламасы жоқ білім беру жобасы. Бағдарлама аясында мамандарға метеорология және гидрология, халықаралық қатынастар және әлемдік экономика, халықаралық құқық, дипломатиялық аударма кафедраларының тәжірибелі профессорлық-оқытушы құрамы дәріс береді. Сонымен қатар ҚазҰУ су дипломатиясы саласында ірі халықаралық консорциумға да қатысып жатыр. «Жақында Preparing Joint Masters on Water Governance and Water Diplomacy for Shifting the Paradigm for Sustainable Water Action» атты «Erasmus Mundus Joint Master (EMJM)» жобасында ҚазҰУ негізгі серіктес атанды. Бұл консорциумға Венгриядағы Eötvös Loránd университеті, Швециядағы Уппсала университеті, Финляндиядағы Карелия қолданбалы ғылымдар университеті, Қазақстандағы Су шаруашылығы және мелиорация ұлттық университеті, Өзбекстандағы Ташкент ирригация және ауылшаруашылық механизациясы ұлттық ғылыми-зерттеу университеті, Nordic International University, сондай-ақ Central Asia Research Forum Foundation кіреді. Жобаның басты мақсаты – Еуропа мен Орталық Азияның жетекші университеттері арасында студенттердің академиялық мобильділігін арттыру, су ресурстарын басқару және су дипломатиясы бойынша жаңа көзқарас қалыптастыру.
Қорыта айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тәжірибесі мемлекеттік саясаттың табысты жүзеге асуына нақты үлес қоса алады. 

https://anatili.kazgazeta.kz/news/64493