ҚазҰУ қабырғасындағы ізденіс дипломатиялық жолыма темірқазық болдыFarabi University

ҚазҰУ қабырғасындағы ізденіс дипломатиялық жолыма темірқазық болды

23 қыркүйек, 2025

Оңталап ОҢАЛБАЕВ, 
ҚР-ның Иран Ислам Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі: 

Бұл мақалада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті шығыстану факультетінің түлегі, Қазақстан Рес­публикасының Иран Ислам Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Оңталап Оңалбаев жайлы сөз болады. Мақалада оның балалық шағы, студенттік өмірі, Ирандағы кәсіби шыңдалу кезеңдері мен дипломатиялық қызмет жолындағы жетістіктері баяндалады. Елші оқырманға екіжақты мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосып жүрген танымал мемлекет қайраткері ретінде таныстырылады.

Оңталап Серікбайұлы 1966 жылы Қызылорда облысы Қа­за­лы ауданының «Энгельс» кең­шарында (қазіргі Қожабақы ауылы) елге сыйлы, көпбалалы отбасында дүниеге келді. Әкесі – Серікбай Оңалбайұлы, анасы – Ақмоншақ Қуан­бай­қы­зы қазақы дәстүрді берік ұс­тан­ған, ұрпағын адал еңбекке, үл­кенді сыйлауға, кішіге қам­қор болуға баулыған жандар еді. Берекелі шаңырақта өскен Оңталап бала кезінен отбасы құндылықтарының, ағайын-туысқа деген құрмет пен мейі­рім­нің мәнін түсініп өсті. Сол ор­тадан бойына сіңірген ізгі қа­сиеттері кейіннен оның дип­ломат ретіндегі адами бол­мы­сын айқындады.

Шығыс халықтарының мә­де­ниетіне деген сүйіспеншілік Оңталап Серікбайұлының бо­йын­да бала кезінен оянды. Қазақ халқының атақты ша­йыр­ларын, жырауларын, жыр-дас­тандарын әлемге сыйлаған Сыр елінің қасиетті топы­ра­ғында дүниеге келген ол ру­хани қазынаны бала жастан бойы­на сіңірді. Сыр сүлей­ле­рінің мұрасы, ақиық ақын әрі ағар­тушы-аудармашы Тұр­ма­ғам­бет Ізтілеуұлының пар­сы клас­сикасын қазақ тіліне аударған еңбектері оның жү­ре­гіне терең із қалдырды. Әсі­ресе Тұрмағамбеттің ұлы пар­­сы шайыры Әбілқасым Фир­­дау­сидің «Шаһнамесінен» тәр­жі­малаған «Рүстем-даста­нын» отбасында жатқа айтып өсуі жас Оңталаптың шығыс әле­міне құштарлығын кү­шейт­ті. Кешкілік күн ұясына қызарып ба­тып бара жатқанда ол көк­жиекке ұзақ қарап тұрып, қиял­ға берілетін: «Бір күні осы тыл­сымға толы Фирдаусидің Ота­­нына барып, сол халықтың ті­лін үйренсем, мәдениетіне қа­­нық­сам ғой!» – деген арман жүрегін тербейтін. Бұл арман кейіннен үлкен мақсатқа ұла­сып, Оңталаптың өмір жолына ба­ғыт-бағдар берді.

Арман жетелеген жас Әл-Фа­раби атындағы Қазақ мем­ле­кеттік университетінің шы­ғыс­тану факультетіне түсіп, шы­ғыс тілдерінің ішінен жүрек қа­лауымен парсы тілін таң­дады. Бұл таңдау оның бо­ла­шақ өмір жолын айқындап берген маңызды шешім болды. Университет қабырғасында ол тек білім алып қана қоймай, шығыстың бай мәдениетімен, өркениеттің асыл мұрала­ры­мен танысып, ой-өрісін кеңейт­ті. Студенттік ортада болашақ елші тек ілім-ғылым ғана жиған жоқ, сонымен бірге ерекше өмір мектептерінен өтті.

Қазақ ғылымының қара ша­ңырағы – ҚазҰУ-да Оңталап Се­­рікбайұлы шығыстану ғы­лы­мы­ның майталмандарынан тә­лім алды. Қазақстандағы шы­ғыс­тану мектебінің негізін қа­лаушылардың бірі, шы­ғыс­та­н­ушы ғалым, академик Әбсат­тар Дербісәлі жас буынды Шы­ғыс пен Батыс өркениетінің тоғысындағы құндылықтарға терең бойлатса, тарихшы ға­лым, профессор Кеңес Қо­жах­метов студенттерге тарихи ой­лау жүйесін қалып­тас­ты­рудың маңызын үйретті. Ұстаз Дарико Мәжиденова жас шы­ғыс­танушыларға шығыс тіл­дерін үйретудегі үздік әдіс­те­месімен танылса, Лениншіл Рүстемов парсы әдебиеті мен мәдениетінің терең қырларын ашып көрсетті. Аталмыш дара тұлғалардың өнегесі Оңта­лап­тың бойында болашақ дип­ло­матқа тән табандылық пен па­расаттылықты қалыптастырды.

ҚазҰУ-да шығыстанушы ма­мандығын меңгеріп, шығыс мә­дениеті мен тілін терең игерген Оңталап Серікбайұлы болашақ өмірін дипломатия саласымен байланыстыруды мақсат етті. Шығыстанушы ретінде алған білімін жетілдіру мақ­сатында кейін Қазақ гу­ма­нитарлық-заң университетінде оқуын жалғастырып, халық­ара­лық қатынастар мен құ­қық­тың негізгі қағидаттарын терең меңгерді. Бұл қадам Оңталап Серікбайұлына тек теориялық білім ғана емес, мемлекеттік қызметтің қатаң талаптарына сай тәжірибелік дайындық та берді. Осылайша Шығыстың даналығын бойына сіңіріп, құ­қықтық біліммен шыңдалған ол дипломатиялық аренаға нық қа­дам басты.

Қазіргі таңда Оңталап Оңал­баев – I сыныпты төтенше және өкілетті уәкіл. Бұл дәреже бір күндік еңбектің жемісі емес, қырық жылға жуық уақыт бойы үздіксіз жасалған та­бан­ды ең­бек пен адалдықтың, Отанға деген шынайы сүйіс­пен­шіліктің нәтижесі. Дип­ло­матиялық жо­лын қарапайым референт қыз­метінен бастаған ол әр сатыда жауапкершілік пен төзімділіктің үлгісін көр­се­тіп, бүгінгі ең жо­ғары мәр­те­беге қол жеткізді.

Мақала кейіпкерінің дипло­ма­тиялық жолының маңызды кезеңдерінің бірі деп оның Қа­зақстанның Ирандағы ел­ші­лі­гіндегі қызметін айтсақ бо­ла­ды. Қазақстанның Теге­ран­дағы ел­шілігінде атташе және үшін­ші хатшы болып жұмыс істеп, дипломатиялық ортаның қыр-сырын меңгерді. Кейін елшілік құрамында бірінші хат­шы және кеңесші ретінде жауап­ты мін­дет­тер атқарып, екі­жақты қа­ты­настарды терең түсіне білді.

Ирандағы дипломатиялық жолы одан әрі кеңесші-елші дәрежесінде жалғасып, бұл ке­зеңде ол сенім артып тап­сы­рылған саяси мәселелерді ше­шу­де үлкен тәжірибе жинады. Кейін Иран Ислам Респуб­ли­касының Горган қаласында бас консул қызметін атқарып, Қа­зақ­стан мен Иран ара­сындағы аймақтық ынты­мақ­тастықты нығайтуға зор үлес қосты. Ақы­рында дипломатия сала­сын­да­ғы ұзақ жылғы ең­бегінің нә­ти­жесінде Қазақ­стан Пре­зидентінің 2024 жыл­ғы 26 наурыздағы жарлығымен Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республи­ка­сын­дағы төтенше және өкілетті ел­шісі болып тағайындалды.

Оңталап Серікбайұлы елші ретінде Иранмен тек саяси-эко­номикалық бағытта ғана емес, мәдени-гуманитарлық ке­ңістікте де жаңа көпірлер орнатуға ерекше күш салып келеді. Оның бастамаларының арқасында мәдениет пен өнер саласындағы ынтымақтастық жаңа белеске көтеріліп, бірлес­кен жобаларға жол ашылды. Жа­қында ол Иранның мә­де­ниет және исламдық бағдар ми­нистрімен кездесіп, мәдени серіктестікті жандандыру, бір­лескен киножобалар мен түрлі іс-шараларды ұйымдастыру жөнінде уағдаласты.

Дипломат екі елдің мың­жыл­­дық тарихына сүйеніп, Қа­зақ­стан мен Иран арасындағы мәдени сабақтастықты «ха­лық­­тарды жақындастыратын алтын арқау» деп атады. Бұл – оның рухани дипломатияға деген көзқарасының айқын көрінісі.

Ерекше айта кетерлік бір жайт, биыл 8 наурызда Тегеран қаласында өткен «Әлемдік Наурыз дипломатиясы» атты V халықаралық форумға қа­ты­сып, оның дипломатия сала­сын­дағы ерен еңбегі ескерілді. Бұл шараға Иран Ислам Рес­публикасының Сыртқы істер, Мәдениет және исламдық бағ­дар министрліктерінің өкілдері, зиялы қауым, сондай-ақ Те­ге­ранда аккредиттелген дип­ло­матиялық өкілдіктер мен ха­лық­аралық ұйымдардың бас­шылары қатысқан болатын. Іс-шара соңында «Наурыз дип­ломатиясы» номинациясы бо­йын­ша жыл үздігі атанып, «Ең үздік елші» деген арнайы бел­гімен марапатталды. Бұл ма­рапат Оңталап Серікбайұлының екі елді жақындастыру сала­сын­дағы ерен еңбегіне бе­рілген әділ баға әрі Қазақстан дип­ломатиясының Ирандағы беделін асқақтатқан зор же­тіс­тік десек те болады.

Осылайша Оңталап Серік­бай­ұлының Ирандағы елші ре­тіндегі қызметі тек мем­ле­кет­аралық ынты­мақ­тас­тық­ты ны­ғайтып қана қойған жоқ, сонымен қатар мәдениет пен руханиятты дипломатияның пәр­менді құралына айнал­дыр­ды. Оның бастамалары арқылы Қазақстан мен Иран халықтары арасындағы өзара түсіністік пен сенім арта түсті, жаңа мә­­дени жобаларға жол ашыл­ды. Ел­шінің қажырлы еңбегі – Қа­зақстан дипломатиясының мәр­тебесін биіктеткен, жас буынға өнеге боларлық жарқын үлгі.

Елшінің айтуынша, әр же­тіс­тігінің артында жұбайы Света Амангелдіқызының қол­дауы тұр. Ол Оңталап Серік­бай­ұлы үшін тек жан жары ғана емес, елшілік жұмысының се­німді серіктесі. «Әке көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» деген халық даналығын дәлелдегендей, олардың пер­зент­тері де ата-ана тәлімінің арқасында биікке жетіп, үлкен қызы Салтанат – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде бас сарапшы, ал кіші қызы Алмагүл – халықаралық дең­гей­де жас дипломат ретінде абыройлы қызмет атқарып жүр. Бұл – ұрпақтар сабақ­тас­тығының жарқын айғағы.

 Дипломаттың өмір жолы – қарапайым ауылдан шығып, табандылық пен еңбек­қор­лық­тың арқасында биік белестерді бағындырған тұлғаның тағ­дыры. Ол – ҚазҰУ қабыр­ға­сы­нан түлеп ұшып, шығыс­та­ну­шы­дан кәсіби дипломатқа дейінгі даңғыл жолды жүріп өт­кен, туған елінің абыройын ха­лықаралық сахнада асқақ­та­тып жүрген елеулі мемлекет қайраткері. Бүгінде ол тек Қазақстан мен Иран ара­сын­да­ғы дипломатиялық көпір ғана емес, сонымен бірге мә­дениет пен руханиятты дип­ло­матияның негізгі тетігіне ай­нал­дыра білген көреген елші.

Оңталап Серікбайұлының дипломатиялық қызмет сала­сын­дағы тынымсыз еңбегі ла­й­ық­­ты бағаланып, мем­ле­ке­ті­міздің айтулы қоғам қай­­раткерлеріне берілетін «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2018), Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің Құрмет грамо­та­сы­мен (2022), сондай-ақ түрлі дә­­режедегі мерейтойлық ме­дальдармен марапатталып ке­леді.

Елші өзінің мемлекет қыз­мет­кері ретінде биікке көте­рі­луіне қара шаңырақ – ҚазҰУ мек­тебінің орны айрықша еке­нін үнемі айтып отырады. Оның айтуынша, университет қабыр­ға­сында қалыптасқан білім мен ізденіс, тәртіп пен жауап­кер­шілік бүкіл дипломатиялық жолына темірқазық болды. Оңталап ұшқан ұясын ешқашан ұмытқан емес. «Отан болашағы – білімді жастар» деп сенген елші түлегіміз ҚазҰУ-дың эн­дау­мент қорына ылғи де­меу­шілік жасап, өзі оқыған шы­ғыс­тану факультетінде онлайн дә­рістер өткізіп келеді. Сол са­бақтарда ол жас буынға бі­лімнің қадірін, еңбектің құнын, адалдықтың маңызын тү­сін­діріп, шынайы өмірлік тәжі­ри­бесімен бөлісуде. Университет ал­дындағы осы еңбектері ес­керіліп, 2024 жылы уни­вер­ситет рек­торы Ж.Түймебаев Оң­талап Серікбайұлына ҚазҰУ-дың елеу­лі түлектеріне ғана бе­рі­летін «Ерен еңбегі үшін» төс­белгісін табыс етті.

Дипломатия – сырт көзге ро­мантикаға толы мамандық болып көрінгенімен, шын мә­нінде ол Отан алдындағы үлкен жауапкершілік пен тәуекелге толы қызмет. Бұған 2025 жыл­дың маусым-шілде айларында орын алған Иран-Израиль шие­ленісі айқын дәлел. Сол ке­зеңде көптеген елдердің ел­шіліктері уақытша жабылып, аза­маттарын көшіріп алып ке­тіп жатқанда Оңталап Серік­бай­ұлы өз қызмет орнынан еш мызғыған жоқ. Ол өз өміріне қатер төнгеніне қарамастан, Ирандағы қазақстандық аза­мат­тардың қауіпсіздігін бірінші орынға қойып, олардың елге аман-есен оралуына тікелей басшылық жасады. Бұл тек кә­сіби ерлік емес, нағыз мем­ле­кет қайраткеріне тән табан­ды­лық пен Отан алдындағы адал­­дықтың айшықты көрінісі деп білеміз.

Отан мүддесін өз өмірінен жоғары қоя білген Оңталап Серікбайұлының есімі Қа­зақ­стан дипломатиясының та­ри­хын­да алтын әріппен жазылар, жас буынға табандылықтың, адал­дықтың және отан­сүй­гіштіктің өнегесін көрсететін жар­қын үлгі деп білеміз.

Фатимабибі ДӘУЛЕТ,

Қытайтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры