Өсімдіктер генетикасы және геномикасы бойынша профессор Руслан Бияшевтің дәрісіFarabi University

Өсімдіктер генетикасы және геномикасы бойынша профессор Руслан Бияшевтің дәрісі

3 қазан, 2025

2025 жылдың 2 қазанында биология және биотехнология факультетінде өсімдіктер генетикасы мен геномикасы саласында ғылыми зерттеулер жүргізіп жүрген АҚШ-тың Вирджиния штатынан келген белгілі америкалық ғалым, профессор Руслан Маратович Бияшевпен кездесу өтті.

Профессор келесі тақырыпта дәріс оқыды:
«Сояның (Glycine max) Phytophthora sojae және Phythium-ға төзімділігін карталаудың генетикалық тәсілдері».

Руслан Маратович 1980 жылы биология мамандығы бойынша білім алып, ғылыми жолын академик Р.И. Берсимбаевтың жетекшілігімен гормон гастриннің генетикалық әсеріне арналған дипломдық жұмыстан бастады. 1985 жылы Мәскеуде, КСРО Ғылым академиясының Жалпы генетика институтында «Арпаның изоферменттерін генетикалық бақылау» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.

Кейінгі жылдары өсімдіктер генетикасы саласында ғылыми жобаларға жетекшілік етіп, бидай мен арпаның тұқым қуалаушылық ерекшеліктерін зерттеумен айналысты. 1991 жылдан бастап АҚШ-та халықаралық ғылыми бағдарламаларға қатысып, арпа, күріш және жүгері геномдарын карталау бағытында ірі зерттеулер жүргізді.

Бүгінгі таңда профессордың ғылыми қызығушылықтары соя тұқымындағы қанттар мен фитин қышқылы мөлшерін генетикалық тұрғыдан реттеу мәселелеріне бағытталған. Оның зерттеулері экономикалық тұрғыдан маңызды гендерді анықтауға және оларды селекциялық бағдарламаларда қолдануға, осылайша сояның тағамдық құндылығын, өнімділігін және ауруларға төзімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Дәріс студенттер мен оқытушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Қатысушылар геномды карталау әдістері, төзімділікке жауап беретін молекулалық маркерлер және генетикалық тәсілдердің ауыл шаруашылығында қолданылуы туралы көптеген сұрақтар қойды.

Кездесу ғылыми пікір алмасудың жарқын үлгісі болып, студенттерді биотехнология және молекулалық биология саласындағы өз зерттеу жобаларын дамытуға шабыттандырды.