ICESICS 2025 конференциясы бағдарламасында: «Priestia megaterium RFe-2 және бидайдың тұздануға бейімделуі» тақырыбында баяндама жасалдыFarabi University

ICESICS 2025 конференциясы бағдарламасында: «Priestia megaterium RFe-2 және бидайдың тұздануға бейімделуі» тақырыбында баяндама жасалды

7 қазан, 2025

Алматы, 7 қазан 2025 ж. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен ICESICS 2025 халықаралық конференциясында Биология және биотехнология факультетінің деканы, б.ғ.д., профессор Курманбаева Меруерт Сәкеновна «Priestia megaterium RFe-2 бактериясының сидерофор өндірісіндегі және тұзды стресс жағдайында бидайдың өсуін ынталандырудағы рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада RFe-2 штамының PGPR-қасиеттері, тұзданған жағдайда өсімдіктің қоректенуі мен тұрақтылығын күшейту тетіктері және агробиотехнологиялық қолдану мүмкіндіктері жан-жақты таныстырылды.

Зерттеу жұмысы темір тапшылығы мен тұздану жағдайында бидайдың өнімдік әлеуетін арттыруға бағытталды. Топырақ–өсімдік–микроорганизм жүйесіндегі сидерофорлар, IAA және экзополисахаридтердің өзара ықпалы арқылы қоректік элементтердің игерілуі жақсарып, стресс тұрақтылығының жоғарылауы көрсетілді. Қатысушылар әдістемені ауыл шаруашылығында биоинокулянт ретінде енгізу мүмкіндіктерін және тұзданған жерлерді қалпына келтіру тәжірибесіне трансферлеуді талқылады.

Іс-шараның пленарлық және секциялық отырыстарында ұсынылған зерттеулер агроэкожүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету, биобейімделгіш технологияларды енгізу және өңірлік егіншілікте ресурс үнемдеуді күшейту бағыттарына арналды. Курманбаева Меруерт Сәкеновна тыңдаушылардың сұрақтарына жауап беріп, келесі кезеңдерде далалық сынақтарды кеңейту және өндірістік апробация жүргізу жоспарларын бөлісті.

 

Ботаника және агроэкология кафедрасы