Облыстық әкімдік пен ҚазҰУ арасында меморандумға қол қойылды
aktobegazeti.kz: 19.03.2016
Ғылым, білім, өндіріс — осы үш саланың басын біріктіру, ғылымдағы жаңалықтарды өндіріске енгізу — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген тапсырма. Елбасы міндеттеген шаруаны жүзеге асыруда елімізде бірінші болып біздің облыстың әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа бастама көтерді. Әлемдегі ең үздік 300 оқу орнының қатарына енетін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғалымдарының ғылыми жаңалықтарын біздің облыс өндіріске енгізілгелі отыр. Кеше облыстық әкімдік ғимаратында өткен жиында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев пен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ықпалдастық меморандумына қол қойды. Еліміздің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуі үшін де білім, ғылымның ықпалы зор. Ел экономикасының қарқынды дамуы осы үш салаға тікелей байланысты. Бүгінде облыс басшысының тапсырмасымен жоғары оқу орындары мен кәсіпорындардың арасында тығыз байланыс орнату мақсатында облыстық әкімдікте жұмыс тобы құрылып, қарқынды жұмыс жасалып жатыр. Соңғы бір айда өндірістік кәсіпорындардың проблемаларын шешу және танысу мақсатында Ақтөбеге Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен арнайы делегация келіп, өңірдегі 21 кәсіпорында болды. Нәтижесінде, олар өндіріс орындарымен келісімшарт жасап, ғылыми зерттеулер жасайтын болды. — Ең негізгісі, оқу орындарымен өндірістің арасында тығыз байланыс болуы керек. Ғалымдардың ғылыми жобалары өндіріске енуі тиіс. Екіншіден, біздің өңірдегі жоғары оқу орындары мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің арасындағы қарым-қатынас нығая түсуі қажет. Үшіншіден, мектептердің университетпен байланысы. Ақтөбе қаласындағы №10 және №38 мектептерді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті басқарып, оқу процесіне бағыт-бағдар көрсетеді, педагогтер тәжірбие алмасады. Төртіншіден, Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде салынып жатқан технопарк ұлттық университтегі технопаркпен тәжірибе алмасып, соның мүмкіндіктерін пайдалануы тиіс. Бесіншіден, жас ғалымдар клубының да аталған жетекші оқу орнының мүмкіндігін пайдалануына ықпал ету, — деді Бердібек Сапарбаев. Облыс әкімі өз сөзінде әлемдік қаржы дағдарысында ғылымы дамыған елдің ғана ісі ілгері басатынын қадап айтты. Адам капиталы — басты құндылық. Дегенмен, капиталды тиімді пайдалану Елбасы көрсеткен межеге жетпей отыр. Ғалымдар қысылтаяң уақытта тығырықтан шығу үшін инвестиция салынатын саланы көрсетуі керек. Облыс басшысының ұстанымын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры да құптады. — Қазіргі ең негізгі мәселе, ғылым, білім, өндірісті өзара байланыстырып, оның интеграциясының негізінде жақсы әлеуметтік-экономикалық дамуға жол ашу. Бердібек Машбекұлы, облыс әкімдерінің арасында бірінші болып үлкен бастама көтеріп отырсыз. Біз сіздің ұсынысыңызды қуана құптаймыз. Сондай-ақ бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл біз үшін мәртебе ғана емес, үлкен жауапкершілік, — деп Ғалымқайыр Мұтанов Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің өңірдің ғылыми-өндірістік қызметінің кешенді дамуына ықпал етуге, сондай-ақ білім беру, педагогтердің біліктілігін көтеру және мектептерге қолдау, көмек көрсетіп, басшылық етуге әзір екендігін білдірді. Дегенмен, Ғалымқайыр Мұтанов өз сөзінде ұлттық университет ғалымдарының талдау қорытындысы Ақтөбедегі жоғары білім беретін оқу орындарының ғылыми жаңалықтарының аздығы және жергілікті өндірістің ғылымға қаржы бөлуге құлықсыздығын көрсетіп отырғанын айтты. Алайда жиында сөз сөйлеген кәсіпорын өкілдері ғылым мен өнеркәсіптің байланысына мұқтаждығын, ғылымның өндіріске келгеніне қуанышты екендігін білдірді. Облыста ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы, егін шаруашылығы салаларында ғылымның үлесі аз болғандықтан, мыңдаған гектар жайылым мен шабындық, суармалы жерлер игерілмей бос жатыр. Өңірде су көздері мол. Дегенмен, көкөністің денін сырттан тасимыз. Қуаңшылыққа қарамастан түсімі аз бидай еккен диқандардың шығыны шаш етектен. Пайдалы қазбаларды шикізат күйінде ғана сатып, өңделген өнімді қымбатына аламыз. — Енді мұның бәрі түбегейлі өзгеруі тиіс. Ол үшін ғалымдардан ұсыныс керек, — деді облыс әкімі. Ол өз сөзінде жер қойнауын пайдаланушылар үкіметпен келісімі кезінде жергілікті жерде әлеуметтік салаға қолдау көрсету, ғылымға қаржы бөлу туралы міндеттемелерін тез ұмытатындықтарын айтты. Осындай түйткілді мәселелер ашық айтылған жиын қорытындысында облыстық әкімдік пен ұлттық университет арасында өзара байланыстың барлық салалары қамтылған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. — Біздің әңгімеміз тек қана сөз болып қалмай, нәтижесі болуы тиіс. Қазақстанның білімінің, ғылымының мүмкіндігін өзіміздің аймақтың экономикасының дамуына пайдалануымыз керек. Ең негізгі міндет — осы. Ғылымды қаржылай да қолдаймыз. Бүгін ғылымды дамытуға 10 миллион теңге жұмсасақ, ертең салған ақша кем дегенде 100 миллион болып экономикаға қайтып келеді, — деп жиынды түйіндеді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.