Инновация – тұрақты даму мен дамыған инфрақұрылымның қозғаушы күшіFarabi University

Инновация – тұрақты даму мен дамыған инфрақұрылымның қозғаушы күші

5 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті механика-математика факультеті, математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының 1-курс магистранты Сайдуллаев Екубжон педагогикалық тәжірибе аясында қолданбалы математика мамандығының ПМ-25-1 топ студенттерімен «ТДМ 9: Индустрияландыру, инновация және инфрақұрылым» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Ашық сабаққа кафедра меңгерушісінің м.а. Маусумбекова С.Д. және кафедраның басқа да оқытушылары қатысып, сабақты бақылап бағалады.

Ашық сабақ барысында магистрант индустрияландырудың мемлекет пен қоғам өміріндегі стратегиялық маңызына тоқталып, инновациялар мен заманауи инфрақұрылымның елдің экономикалық дамуына әсерін айқын дәлелдермен көрсетті. Сонымен қатар, әлемдік деңгейде танымал Tesla және SpaceX секілді компаниялардан бастап, Қазақстандағы Kaspi.kz, Halyk Homebank, Jusan Bank платформалары, сондай-ақ BilimLand және Daryn.online сияқты отандық білім беру саласындағы инновациялық жүйелер мысалға алынды. Модернизацияланған технологияларды дамыту, жасанды интеллектті қолдану, «ақылды қала» концепциясы, балама энергия көздері – сабақтың негізгі талқыланған бағыттары болды.

Магистрант студенттерді белсенді әрекетке тарту мақсатында топтық жұмыс ұйымдастырып, «Сіздің қалаңыздың тұрақты дамуына көмектесетін қандай инновация ойлап табар едіңіз?» деген сұрақ арқылы шығармашылық ойлау, талдау және шешім қабылдау дағдыларын дамытуға бағытталған тапсырма берді. Сабақ барысында студенттер кәсіби бағыттағы ойларын бөлісіп, болашақ математикалық модельдеуші маман ретінде тұрақты даму элементтеріне қатысты өз ұсыныстарын ұсынды.

Сабақ соңында өткізілген рефлексия кезеңінде инфрақұрылым, индустрияландыру және инновацияның Қазақстан дамуы үшін саяси-экономикалық, ғылыми-технологиялық маңызы талданып, студенттер жаңа білімдер мен түсініктерін бөлісті.

Қорытындылай келе, тұрақты даму – болашақ ұрпақтың мүддесін сақтау арқылы бүгінгі күннің сұранысын қанағаттандыру жолы. Инновациялар мен индустриялық технологияларды меңгерген маман ғана елдің болашағына ықпал ете алады. Білім ордасында осындай заманауи бағыттағы ашық сабақтардың өткізілуі – ойлау мәдениетін жаңғыртып, жастарды ғылыми-технологиялық дамуға бейімдейді.

Математикалық және компьютерлік кафедрасы меңгерушісінің

оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сагимбаева Л.А.