ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ МҰРАЖАЙЫ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мұзейі – Қазақстанда және әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті, өз елінің мәдени-тарихи құндылықтарын бойына сіңірген, рухы мықты жанашыры - өнегелі мамандарын тәрбиелейтін университеттің ғылыми-ақпараттық, танымдық, тәрбиелік бөлімшесі. Музейдің негізгі мақсаты – көрнекті экспозициялар арқылы Қазақстанның жоғары білімі мен ғылымының қалыптасуындағы тарихи белестері мен беделді ғылыми мектептердің құрылымын көрсету. Білім алушы жас маманның бойына оқу ордасына, халқының ұлттық мәдени, рухани мұрасына деген сүйіспеншілігін дарыту. Университет мұражайы 1989 жылдан бастап жұмыс істейді. 2009 жылдың 13 қазанында университеттің 75-жылдық мерейтойына орай жаңа музей салынды. Аумағы шамамен – 1000 кв. м. «Университет тарихы галереясы», «Даңқ залы», «Университеттің тұрақты дамуы» атты 3 залдан тұрады. Мұнда университеттің құрылу тарихы 120 витриналарда жүйелі жинақталған, 5 мыңнан астам тарихи құнды және мұрағатты құжаттар бар
Тарих галереясының «алтын қазынасы» - М.О. Әуезов, Қ.И. Сәтбаев, Т.Т. Тәжібаев, Е.Б. Бекмаханов, А.Б. Бектұров, Т.Б.Дарқанбаев, А.Х.Қасымжанов, А.Закарин, Ө.А.Жолдасбеков сынды қазақ ғалымдары кірпішін қалаған ғылыми мектептерге арналған витриналар.
Музей атриумында екі кешен орналасқан. Бірі Шығыстың ғұлама ойшылы, философ, қазақ топырағының тумасы Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық мұраларына арналса, екіншісі біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген жалпы түркі әлемінің өмірі мен мәдениетінің көрінісі - Ұлы даланың тарихи жәдігері, аты аңызға айналған «Алтын адам» кешені
Даңқ залында «Университет түлектері», Нобель сыйлығының лауреаттарымен толтырылған университеттің «Құрметті профессорлары мен докторлары» атты фотогалереялар орналасқан және әлемдік деңгейде университет мерейін үстем етіп жүрген студенттердің спорттық жетістіктеріне арналған экспозициялар бар
Факультеттердің, ҒЗИ, кластерлер, орталықтардың бүгінгі тыныс-тіршіліктері мен жетістіктер туралы мәліметтерді "Университеттің тұрақты дамуы" залының көрмесінен тамашалауға болады.
Ортада – заманауи білімнің әлемдік масштабын бейнелейтін «XXI ғасырдың Жершары» атты терең мағыналы композициялық қондырғы орнатылған. Университетті классикалық білім беру орнынан инновациялық зерттеу университетіне айналып, әлемдегі дамыған жоғары оқу орындарының қатарына қосу және тұрақты дамыту мақсатында университеттің соңғы жылдардағы жеткен толағай жетістіктерін паш ететін 3D-технология форматындағы жасалған жаңа экспозициялар көз қуантады
Музей қоры қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы және Алаш-Орда өкіметінің мүшесі Ахмет Байтұрсыновтың күйсандығымен толықты. Оны ұлы қайраткердің жиен немересі Айман Байсалова арнайы тарту етті
Музей аясында көптеген тарихи маңызы бар жылжымалы көрмелер ұйымдастырылып тұрады. Атап айтсақ, әлемнің көптеген елдерінде - Қазақстанда, Ресейде, Австрияда, Бельгияда, Венгрияда, Кореяда, Қытайда, АҚШ-та, Түркияда және басқа да елдерде өткен - «Алтын адам", «Сармат көсемі», "Тақсай ханшайымы", "Үржар ханшайымы" және т.б. ежелгі көшпенділер мәдениетінің атрибуттарын қалпына келтіруші "Қырым аралы" ғылыми-реставрациялық зертханасының негізін қалаушы, зергер Қырым Алтынбековтың көрмесі
Университеттің 90 жылдық мерейтойы аясында «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының «Ұлы Жібек жолы және Отырар алқабының қалалық мәдениеті» және «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының «Ғасырлар қойнауында» атты көрмелері жұмыс істеді. Сонымен қатар, түрлі тақырыптағы қазақстандық сурет және сәулет өнерінің майталмандарының көрмелері жиі өтіп тұрады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мұзейі - қалалық ардагерлер кеңесінің «Ардагерлер ұйымының жұмысына белсенді қатысқаны үшін» Құрмет грамотасымен, Алматы қаласы Бостандық ауданы ардагерлер ұйымының "Жас ұрпақты адамгершілік-патриоттыққа тәрбиелеу жұмыстарына белсене қатысқаны үшін" Алғыс хатымен, Халықаралық мұражайтанушылар форумы аясында өткен «Музей - тарих пен бүгінгі күннің феномені» атты байқауының «Үздік жоғарғы оқу орнының мұражайы» атты Дипломымен, Қазақстандағы ардагерлер ұйымдарының құрылуының 25-жылдығына арналған ҚР әлеуметтік музейлері республикалық байқауының «Жоғарғы оқу орнының музейлері» номинациясы бойынша Құрмет дипломымен, «Музей ісіне қосқан үлесі үшін» «ИКОМ Қазақстан бойынша ең үздік музей» атты Құрмет дипломымен марапатталып, «Эстафета памяти: помним и чтим» байқауының жеңімпазы ретінде Құрмет грамотасы мен I-ші орын кубогының иегері атанып, «2015 жыл мұражайы» атанды
Мекен жайымыз:
050040., Алматы қ, әл-Фараби даңғылы, 71,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, каб 2-3,
Тел. 8(727) 377-33-33, ішкі: 1359
ұялы тел.+77078232829
Жұмыс уақыты:
9.00 -18.00 с.
(түскі үзіліс 13.00-14.00 с.)
Демалыс күндері:
сенбі, жексенбі
Байланыс
1. |
Музей жетекшісі |
Жабықпаева Ардак Жүмекеқызы |
8(727) 377-33-33 ішкі.1359 +77078232829 |
|
2. |
Экскурсовод жетекшісі |
Қасымова Базаркүл Айтбайқызы |
+77781520862 |
|
3. |
Сарапшы-кеңесші |
Дәлібаева Әсия Әділханқызы |
+77052409551 |